немесе кітаптары сөйлейтін ғимарат
Жарық дүниені өз көзіңмен көре алмау-дан асқан қасірет жоқ шығар. Жаратушы иеміз зағип жандардың бір мүшесін кем қылғанымен, мұқалмас ерік-жігер, қажымас қайрат, тіпті, кейбіреуіне толайым талант сыйлап, жанын жеген жараның зіл батпан салмағын сәл де болса жеңілдетеді екен.
Әлемдік тифлология саласына өз үлесін қосқан атақты тифлологтар Валетин Гаюи зағиптардың оқу мен жазу әдістерін жарыққа шығарса, Луй Брайль бедерлі-нүктелі жазу жүйесін ойлап тапқан адам. Осындай озық ойлы адамдардың арқасында зағип жандар кітап оқу мүмкіндігіне ие болып отыр.
Бүгінгі күні ел зағиптардың өміріне түсіністікпен, кей сәтте олардың еңбегі мен талантына шынайы ризашылықпен қарайды. Өйткені, олардың арасында талантты адамдар көп. Зағиптық өмірдің соңғы сәті емес екендігін, олардың да қолынан көп дүние келетіндігін дәлелдегендер аз емес. Ақпарат пен білім адамға өмірдегі өз орнын табуға, мәселелерді шешуге, өз ұстанымын жетілдіруге мүмкіндік беретіні бәрімізге белгілі. Ал, зағип азаматтарға осы ақпаратты жеткізуді қалай жеңілдетуге болады? Бұл мәселені шешуде арнаулы кітапханалардың рөлі ерекше.
Сондай-ақ, зағип жандардың бедерлі-нүктелі шрифпен жазылған кітаптарды оқуға қызығушылығын арттыру үшін арнайы кітапханада «Саусақ ұшындағы әлем» атты сайыс өткізілді. Бұл шараның басты мақсаты Брайль жүйесін көпшілікке танымал етіп, оның маңыздылығын мүгедек адамдарға түсіндіру болып табылады. Өйткені, зағип жандар үшін Брайль жүйесін меңгеру еңбек нарығында жұмысқа орналасуына, жоғары білім алуына, өз алдына сенімді тұлға болып қалыптасуына зор көмегін тигізеді. Осындай қызықты да, мазмұнды шаралар біздің оқырмандарымыздың ішкі рухани әлемін байытып, өмірге деген құлшынысын арттырары сөзсіз.
Кітапхана – адамзат өркениетінің барлық жетістіктері жиналатын құндылықтар мекені, білім мен мәдениет ошағы. Әсіресе, көз жанарынан айырылған жандар үшін қараңғылықтан жарық сәуле шашып, қоршаған ортамен байланыстыруда арнаулы кітапханалардың рөлі орасан зор екені даусыз.
Кітапханашылар тек қана кітап беріп, кітап жинақтаумен шектелмей, зағип оқырмандармен жеке өмірінің қызықты өтуіне және тұлға болып қалыптасуына мүмкіндік береді. Сондықтан, кітапханада ұйымдастырылатын түрлі-түрлі мәдени-көпшілік шараларға, атап айтсақ, зағип оқырмандарға арналған арнайы сайыстарға, кездесу кештеріне, мерекелік шараларға қатысу өте маңызды.
Гүлнәр ЫСҚАҚОВА,
Көкшетау қалалық зағип және
нашар көретін азаматтарға арналған
кітапхананың меңгерушісі.