Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Нәзік жанды полицей - АРҚА АЖАРЫ

Нәзік жанды полицей

Уақыт өткен сайын тәртіп сақшысы мамандығын жетік меңгерген қыз-келіншектердің қатары артуда. Өйткені, тәртіп сақшылары арасында ер азаматтарға тән қызметті абыроймен алып жүрген нәзік жандар баршылық. Олар ерлермен қатар елдің тыныштығын күзетуге атсалысуда. Солардың бірі – Бурабай аудандық полиция қызметінің тергеу бөлімінің аға тергеушісі, капитан Самал Мұқашева.

Қазіргі таңда заты әйел бола тұра ерлермен қатар жүріп, қылмыстың бетін ашуға, қоғамдағы тыныштықты сақтауда түздегі темірдей тәртіпке бағынған Самалдың еңбегі «Адам өзінің іс-әрекетінде көрінеді», – деген әйгілі неміс философы Фридрих Шиллердің даналық пікіріне сай келіп тұр. 27 жастағы нәзік полицейдің сөзіне қарағанда, ол бала кезінен заң саласында қызмет істеуді армандаған. Кейінірек тергеуші жұмысын таңдауға бел буған. Өйткені, бұл мамандықта оның болмысына тән бір сыр жатқандай.
– Мен елімнің игілігі үшін еңбек етуде осы өзім таңдаған тергеу саласындағы адамдармен сөйлесіп, олардың пайдасы үшін әрекет еткенді ұнатамын, – дейді ол.
2012 жылы Б.Бейсенов атындағы Ішкі істер министрлігінің Қарағанды академиясына оқуға түскен Самал, 2016 жылдың мамыр айында Бурабай аудандық полиция қызметінің тергеу бөлімінде алғашқы еңбек жолын бастайды. Бүгінде полиция капитаны қоғамда наразылық тудырған кейбір ауыр қылмыстарды тергеу ісіне қатысуда. Атап айтқанда, өткен жылы полиция капитаны прокуратураға тергелген 40 қылмыстық істі жолдаған.
– Мен үшін сотқа дейінгі тергеудің тиімді және уақтылы жүргізілуі маңызды. Ол үшін кінәсіз адам қылмыстық жазаға тартылмайды. Ал, қылмыскер қылмыстық жауапкершіліктен құтылмайды. Өйткені, зардап шеккендердің қайғысы мен бақытсыздығын, оған қоса, қылмыскерлердің іс-әрекетін көріп, көңілмен сезіну өте ауыр. Күн сайын олармен бетпе-бет келу тергеушінің де жан дүниесіне әсер етпей қоймайды. Алайда, өрескелдік пен қатыгездікке бой алдырмай барынша сабырлы болу керек, – дейді полиция капитаны. Мәселен, ол өзі тергеген кез-келген қылмыстық істе мұқият болуға тырысатыны байқалады. Сондай ауыр жүкті арқалап жүрген біздің бүгінгі кейіпкеріміз Самал, жәбірленушілер сотқа дейінгі тергеу жағдайына тап болғанда, оларға абдырап қалмай, мұндай жағдайда заңнамалық нормаларды, қылмыстық кодекстің баптарын және бұдан әрі тергеу әрекеттерінің қандай болатынын түсіндіруге тырысып бағады. Самалға сөз арасында «қандай қылмыстық істер көбірек есіңде қалды?» дегенімізде, ол:
– Бұған біржақты жауап беруге болмайды. Өйткені, кез-келген істе қылмыскер жазалануы үшін оны сотқа жеткізуден бастап, оның қылмыс жасауға не итермелегеніне дейінгі аралықта дұрыс тергеу жүргізілуі керек, – деген салмақты ой тастады. Ол бірде ауыр дене жарақаты нәтижесінде жәбірленушінің өліміне әкеп соқтырған және Щучинск қаласындағы үйлердің бірінде зорлық жасалған қылмыстарды тергейді. Сол жолы жәбірленуші қылмыс болған жерден қашып шығып, полиция шақырады. Нәтижесінде біздің нәзік жанды полицейге сол қылмыстық құқық бұзушылықтар жасалған жерге баруына тура келеді. Осындай ауыр қылмыстарды жүргізу барысында өзінің кәсібіне деген сүйіспеншілігінің арқасында, қазіргі кезде аға тергеуші жыныстық қол сұғушылыққа қарсы қылмыстарды тергеуге маманданып алған.
Бүгінде аға тергеуші Самал Мұқашева Бурабай аудандық полиция бөлімінің тергеу ісі бойынша орынбасары, подполковник Жеңіс Мұқышев, полиция майоры Нұржан Әбжанов, полицияның аға тергеушісі, полиция подполковнигі Александр Телегиндердің өзіне тәлімгерлік таныта білген шеберліктеріне шынайы алғысын білдіреді. Самалдың өз ісіне деген осындай жауапкершілігіне тәнті болған тәлімгерлерімен, әріптестерімен қатар, әкесі Әуеспек Мұқашев пен анасы Марал Жүнісова, апасы Зарина да оның алға қойған мақсаттарына қол жеткізуіне қашанда қолдау көрсетіп отырады. Самалдың күн демей, түн демей, уақытпен санаспайтын жұмысына туыстары мен достары да үйреніп қалған. Оның үйде ұзақ уақыт болмайтындығы, демалыс орындарына барғанның өзінде кәсіби мамандығына алаңдап тұратыны жасырын емес. Соған қарамастан, нәзік полицей жанына жақын адамдарының назарын жылулықпен, қамқорлықпен өтеуге тырысып бағады. Қалай десек те, әйел-полицейдің өз қызметіне деген икемділігі мен ақыл-парасаты, алдына қойған мақсатқа жету жолындағы жанкештілігі өзге тергеушілерге өнеге болмақ.
Өйткені, бұл қызметке қыз баланың үйренуі оңай емес. Онда белгілі бір жұмыс уақыты деген жоқ. Түн тыныштығын бақылап, көшедегі тәртіпті күзетіп, рейдтерге шығып жатады. Арасында түн ортасында да шақыртулар алады. Міне, осындай жағдайлар, нәзік жанды қызметте қаттылыққа, ер мінезді болуға тәрбиелейтіні сөзсіз. Форма кигеннен кейін халықтың қорғаны болуға, мықты сақшы болуға бейімделеді. Осы уақыт ішінде көптеген тәжірибеден өткен ол өз ісін жауапкершілікпен, адалдықпен атқаруда.
Әйел заты екенмін, деп қашқақтамай, кәсіби мамандығының шебері болуға, көптеген қиындықтар мен сынақтарды бағындыруға тырысып келеді. Қоғам тыныштығын күзету, оны асқан жауапкершілікпен атқару оңай емес екендігі айтпаса да түсінікті. Өйткені, бұл сала ішкі істер органы болғасын ерлер немесе әйелдер деп бөлінбейді. Тәртіп бәріне бірдей, сол ережеге бағынуы тиіс. Самал да ерлермен тең дәрежеде қызмет атқарып, өмірлік тәжірибесін жалғастыруда. Біз де үнемі темірдей тәртіпке бағынып, қиын да күрделі саланың бел ортасында қызметтік формада жүретін нәзік жанды полицей Самал Мұқашеваның халқына деген қалтқысыз қызметі еленіп, марапат төрінен көріне берсін демекпіз.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар