Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Заданың Бурабайды ұлықтаған сырлы әлемі - АРҚА АЖАРЫ

Заданың Бурабайды ұлықтаған сырлы әлемі

«Щучинск-Бурабай» курортты аймағындағы «Круиз» туристік фирмасында гид болып жұмыс істейтін Зада Тәшенова саяхатты мемлекеттік тілде жүргізіп, туристердің алғысына бөленуде. Оның өміріне аз-кем тоқтала кетсек, ол Бурабай ауданына қарасты Мәдениет ауылында тұратын көп балалы отбасында дүниеге келген.

Бұл елді мекен курортты аймақтан 12 шақырымдай жерде орналасқандықтан, көрікті Бурабайдың табиғатына өте ұқсас келеді. Адам баласының ішкі жан дүниесінің сұлулығы қоршаған ортаға байланысты болатыны бар.
Зада да бала кезінде Қазақстанның інжу маржанына айналған Бурабайға ауылдағы төте жолмен жаяу келіп, көліне шомылатын. Жолшыбай «Қызқұлаған», «Тасшалқар», «Күйеуағаш», «Көктал» деген әсем жерлерге қатысты аңыздарды сүйіп тыңдайтын. Аңыз-әңгімелерді жинауға әуес болды. Ауылдағы орта мектепті, Щучинск педагогикалық колледжін ойдағыдай бітіреді. Көп жылдар бойы балабақшада тәрбиеші, меңгеруші, кейін Щучинск қаласындағы №9 орта мектепте мұғалім болып еңбек етті. Жұмыс істеп жүріп, Ш.Уәлиханов атындағы университетінің қазақ тілі мен әдебиеті факультетінде сырттай оқиды. Кейін тұрмыс жағдайына байланысты гид курсынан өтіп, Эсмиральда Есімова басқаратын «Турист» фирмасында 10-12 жылдай гид болып қызмет етті. Ол кезде саяхат орыс тілінде жүргізілетін. Кейін «Жезқазған» балалар демалыс орталығының басшылығы саяхатты қазақ тілінде жүргізу жөнінде өтінім берген екен. Өйткені, Оңтүстік және Батыс Қазақстан өңірлерінен келетін туристер орыс тілін жете түсінбейтін еді. Осы кезден бастап бұл жұмыс қос тілде жүргізіле бастады.
Зада Жаңалыққызы өз жұмысын жанындай жақсы көреді. Аңыз-әңгімелерді жатқа айтады.
–Бурабайға келетін туристердің көбі саяхаттың қазақ тілінде жүргізілгенін қалайды. Ал, біздің фирмада мұндай мамандар мүлдем жоқ. Бәрі маған келеді. Өз басым мектепте география пәнінен де дәріс бергенмін. Бұл қазіргі жұмысыма көп септігін тигізуде. «Бурабай», «Қатаркөл», «Алмас» шипажайларындағы демалушылармен аптасына үш рет өткізілетін саяхат барысында Оқжетпес пен Жұмбақтасқа қатысты көптеген аңыз-әңгімелер айтамын. Кезінде Бурабай өңірі жөніндегі аңыздарды ұлы ағартушы-ғалымымыз Шоқан Уәлиханов жинаған екен. Жұмысымда оның қолжазбаларының көшірмесін және Сәкен Сейфуллиннің поэмасын, ақын Айдос Әбутәліповтың өлеңдерін пайдаланамын. Абылай хан алаңында осы жерге қатысты ханның тарихынан қысқа мағлұматтар айтамын. Әрбір аялдамада табиғат көрініс шөккен, Бура мен Жеке батыр тауы, шипажайлар, осындағы аң мен құс жөнінде әңгімелеймін,–деген Зада Тәшенова өзге де туристік фирмалар қазақ тілінде өткізілетін саяхатқа өзін гид ретінде жиі шақыратынын айтты. Көбіне жалпылама, екі-үш күндік тур және тауға бөлек көтерілетін бағыттарда саяхат жүргізіледі екен. Кейде гидке туристермен бірге Бурабай көлінің жағалауындағы 20 шақырым жолды жаяу жүруге тура келеді.
Өткен жылдары Зада Жаңалыққызы «Щучинск» шипажайына келген ресейлік туристерге Балуан Шолақ, Ыбырай Алтынсарин, Үкілі Ыбырай, Сәкен Сейфуллин, Ақан сері, Біржан сал сияқты халқымыздың біртуар перзенттерінің өмірі мен қызметі жөнінде айтып беріпті. Киіз үйде қазақтың салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын, ұлттық тағамдарын көрсеткен екен.
Бүгінгі күні Зада Тәшенова «Этноауыл» жобасын дайындап жатыр. Жобада туристерге ұлттық салт-дәстүрді таныстыру, алаша тоқуды, текемет басуды көрсету, саумал, қымыз, түнемелден дәм тату, киіз үй жинау, ұлттық тағамдар ұсыну қарастырылған көрінеді
Зерлі Бурабайдың табиғатын жанындай жақсы көретін, оның тарихы жөнінде мемлекеттік тілде жеткізіп айта білетін Зада Тәшенова өзінің мәпелеп өсірген 5 баласынан 5 немере сүйіп отырған бақытты жан. Бүгінгідей мереке күні өңірімізде туған жер сұлулығын әр жүрекке қазақша әрлейтін осы Зада сияқты көрікті де білімді, намысқой қыздарымыз көп болса екен дейміз.

Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар