Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Шыңғыс ханның ақ бұлты - АРҚА АЖАРЫ

Шыңғыс ханның ақ бұлты

Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрында қырғыздың ұлы жазушысы Шыңғыс Айтматовтың «Шыңғыс ханның ақ бұлты» туындысының желісімен жазылған Елена Баранчикованың «Шыңғыс хан» драмасы сахналанды. Спектакльдің қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұратбек Оспанов, орысшадан аударған белгілі ақын-жазушы Серік Жетпісқалиев. Ал, суретшісі –Маймұра Топанбаева, балетмейстері – Ғазиза Әшімова.

 

Ал, Шыңғыс хан туралы қаншама көркем-тарихи фильмдер түсіріліп, бірталай қойылымдар жазылып сахналанды. Біздің облыс орталығындағы орыс драма театры да аталмыш қойылымды осыдан екі-үш жыл бұрын сахналап жүрді. Енді Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының сахналаған қойылымына тоқталсақ.
«Көк Тәңірі бізді қолдайды» деп басталған күң Алтын мен оның асырап алған қызы Догулангтың диалогында өз анасы деп жүрген адамның өгей екені, мұндай тағдырға олар соғыстың зардабынан тап болып отырғандығы айтылады. Үлкен шайқастың алдындағы ана мен қыздың сырласуында да Көк Тәңірге деген сенім мол, бірақ қыздың жақсы көретін сүйгені, жауынгер, сарбаз Ерденеден айырылып қаламын ба деген қорқынышы да бар. Қойылымның бұлай Көк Тәңірі деп басталуы бекер емес. Себебі, жер жаһанды тітіреткен ұлы қаған – Шыңғыс ханның өмірі мен өлімі мәңгілік таусылмас аңыз болса да, оның тікелей қолдаушысы мен жарылқаушысы, жебеушісі Көк Тәңірі болған еді. Ол қайда жорық жасаса да жеңістің жаршысындай болып бір шөкім ақша бұлт қақ төбесінде қалықтап жүріпті-мыс. Бұл жай бұлт емес еді. Ол Көк Тәңірінің Шыңғыс ханға ауған ерекше ілтипаты мен қолдауының белгісі. Бірақ, пендешілікке бой алдырып, шектен шыққан Шыңғыс хан Көк Тәңірінің ерекше ықыласы саналған ақша бұлтты сақтай алмай қалады. Ол жер бетінде теңдессіз ұлы істерді тыңдырған кезде қолдаған Көк Тәңірі, енді сол пендесі табиғат заңына қарсы шығып, адам баласына қисынсыз кінә тағып, өлім жазасына кескенде теріс айналады. Түсіндіре кетсек, Шыңғыс ханның қатал заңдары көп еді. Спектакльде соның бірі қол астындағыларға жорықта жүріп, сәби дүниеге әкелуге тыйым салынатын заңы көрініс тапқан. Сол заңды бұзған Ердене мен Догулангты әділетсіз өлім жазасына кескенде Көк Тәңірі Шыңғыс ханнан теріс айналып, үнемі төбесінде қалықтап жүретін ақша бұлты ғайып болады.
Мөлдір махаббат пен ұрпақ өрбітуді бәрінен биік қойып, нақақтан көз жұмған Ердене мен Долунгтың баласын бауырына басқан мейірімді күң еш панасыз Алтын, ен далада қалады. Ұшы-қиыры жоқ жапан түзде шырылдаған жетім сәбимен тентіреген күң Алтынға Көк Тәңірінің назары ауады.
Спектакльдегі Ердене мен Долунгтың бір-біріне ғашықтығы, сүйіспеншілігі мен махаббаты секілді тұстары сахналанатын үзінділерін екі актер де, яғни, ерлі-зайыпты Әсем мен Асланбек Шайсұлтановтар жап-жақсы ойнай алды. Дегенмен, Ердененің сарбаздық, жауынгерлік қырларын актер тиісті дәрежеде аша алмады. Бұл айдан анық көзге көрініп-ақ тұрды. Жауынгердің батырлық ерік-жігерін, болмысын ашу үшін жас актерге әлі де іздене түсу керек. Оның Шыңғыс ханның алдына барып, өз тайпасының ақсақалдары шығарған шешімін жеткізгендегі, әскеріне қосылмақшы болғандағы көріністердегі болмыс-бітімі солғын шыққан.
Жамұқа мен Шыңғыс ханның диалогтарында мәңгілік өмір сүруді армандау, жорық, қандас туысқандық секілді тарихта жиі айтылатын екеуара мәселелері қозғалып, Жамұқаның арамдық пен екіжүзділік, көреалмаушылық сияқты адами қасиетсіздікке жататын сипаттары бейнеленеді. Жалпы, осы Жамұқаның рөлін сомдаған актер Зүлкәпіл Батихан режиссердің ойындағы образды әрі тарихта болған тұлғаны тиісті дәрежеде, оның болмыс-бітімін нақ келтіріп, ойдағыдай ойнап шықты. Ал, Бөрте мен қағанның әңгімесі көрсетілетін эпизодта ханның сүйіктісін ойнаған актриса Ғалия Қорабаева Шыңғыс ханға Жамұқаның арамдығын, екіжүзділігін тіке айта алатын ерке ханымның мінезін көрсетті. Бірақ, көрерменнің ойында төрткүл дүниені билеген ханның төрт ұлын туып берген сүйіктісі салмақты болуы керек еді деген ой қалыптасуы мүмкін. Басында біз де солай ойлаған едік. Бірақ, Бөрте образының тарихи естеліктерде, шежірелерде әртүрлі сипатталғанымен, тарихшылар тарапынан да әртүрлі пікірлер бар, алайда, оған қатысты нақты деректер аз әрі толықтай зерттеле қоймаған екен. Көрнекті жазушы-драматург Дулат Исабеков та «Бөрте» пьесасын жазғаны белгілі. Дегенмен, Бөрте көркем шығармалар, көркемфильмдерде жинақталған образ ретінде көрсетіледі. Бұл жолы актриса Бөртенің рөлін ойнарда әлі де іздене түсуі қажет пе еді.
Шыңғыс ханның бейнесін сомдаған Медет Хамзин бар мүмкіндігінше ойнап шықты. Бірақ, дүниежүзін жаулап алған қаһанның образын бұдан да жақсы ойнайтындай мүмкіндігі бар еді. Театр-
да қаншама жылдардан бері еңбек етіп, образдардың түр-түрін сахналап, қалың көрерменнің көзайымына айналып үлгерген актердің бұл күні көңіл-күйі болмады ма, әйтеуір кей тұстауда қағанның өткір мінезі, көзқарасы солғындау шықты. Спектакльдегі Алтын мен бақсының рөлдерін сомдаған актерлер, Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздіктері Маржан Бөкешова мен Дархан Хасенов өздерінің образ ашудағы миссияларын толық орындай алды. Комедиялық та, трагедиялық та образдарды жоғары деңгейде ойнап жүрген олар бұл қойылымда да өздерінің қабілеттерін таныта түсті.
Спектакльдің түйінін режиссер өте әдемі де әсерлі көрініспен аяқтайды. Сюжеттің шешімінде ұлы жорықшы, ханның төбесінде жүрген ақ бұлт ендігі арада зұлымдықтың құрбаны болған Ердене мен Долунгтың жетім сәбиі мен Алтын күңнің төбесінде қалықтайды…
Қойылымға сай жасалған әдемі декорация мен пьеса барысында орындалған билерді ерекше атап өтуге болады. Суретшісі – Маймұра Топанбаева, балетмейстері – Ғазиза Әшімова.
Әлемді жайлаған жаман індетке байланысты бір жылдай көрерменінен қол үзіп қалған өнер ордасының директоры, аталмыш премьераның режиссері қойылым аяқталған соң, сөз сөйлеп, көрермендерге уақыт бөліп келгендері үшін алғысын жеткізді. Бұл қойылым былтырғы жылы республика аумағында атап өтілген Алтын орданың 750 жылдығына орай сахналануы тиіс екен. Алайда, пандемияға байланысты кешеуілдетіп болса да, көрермен назарына ұсынылғаны тарих пен төл мәдениетке деген адалдық пен құрметтің белгісі деп білеміз.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерде: Шыңғыс хан; Бөрте және спектакльден көрініс.
Суреттерді түсірген
Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар