Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ел тарихының тамыршысы Сайлау ақын - АРҚА АЖАРЫ

Ел тарихының тамыршысы Сайлау ақын

Халқымызда «өсер елдің баласы бірін-бірі батыр дейді» деген аталы сөз бар. Осы бір нақылға сүйенер болсақ, қамшының сабындай қысқа ғұмырда шама келгенше бір-бірімізді биікке көтеріп, барымызды әспеттей білу керек шығар деп ойлаймын. Біздің осы бағыттағы бір-екі ауыз сөзіміз Ерейментау елінің белгілі азаматы, ақын, жазушы, өлкетанушы, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Ерейментау және Баянауыл аудандарының Құрметті азаматы Сайлау Байбосын жөнінде болмақшы. Пайғамбар жасына жетіп отырған Сайлау ақын, қаламгер, әріптес аға, жерлес бауыр ретінде жайлы аздаған пікір білдіргім келді.

Ерейментауды ақындар мен батырлар елі деп жатамыз. Шынында да, бастауын Бөгенбай батырдың жорық жырауы Үмбетей бабамыздан алатын ақындық дәстүр Бапан, Саққұлақ, Олжабай, Сәкен халфе, Молдажан, Төлеш, Сәбит, Имақан, Бекболат, Аманжол болып бүгінгі заманға ұласқан. Осы дүлдүлдердің өлең-жырларын жас күнінен жанына серік қылып өскен Сайлаудың алғашқы тырнақалды жырлары сонау кеңес уақытында, сексенінші жылдары аудандық «Прогресс», облыстық «Коммунизм нұры» (қазіргі «Арқа ажары») газеттерінде басылып, көпшілікке таныла бастап еді.
Тоқсаныншы жылдардың басында ұлттық дәстүрлерімізді жаңғыртып жатқан уақытта, ақындар айтысы арамызға қайта оралып, Сайлау облыс орталығы Целиноградта өткен Наурыз айтыста тұңғыш рет топ жарып, ат мініп еді. Сол айтыста оның «Қазағым» деп аталатын отты толғауына Тың игерушілер сарайындағы (бүгінгі Конгресс-холл) зал толы халық түрегеп тұрып қол соққаны әлі де көз алдымызда.
Кейін 1999 жылы Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Ерейментау жеріне келгенде, Сайлау осы толғауын Ерейменнің көп биіктерінің бірінің басында тұрып, Елбасына орындап береді. Сонда риза болған Нұрекең: «Сайлау, мына бір шығармаң шынында да керемет екен, кассетаға жазып, маған салып жіберші», – деп жылы пікір білдіреді.
Сайлау көп жылдар ауылда тұрған. Кейін нарық келіп, ел ішінен күй кеткен кезде аудан орталығына көшіп келіп, аудандық газетке орналасты. Сонымен қатар, Үмбетей жырау атындағы мәдениет үйінде жас ақындар мектебін жүргізіп, өскелең ұрпақты осы жолға баулып, ауданның рухани тірлігіне бір кісідей араласып кеткен.
Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласына көшірілген соң, 2002 жылы Астанада облыс күндері өтті. Осы дүбірлі мереке қарсаңында Сайлаудың «Дат» деп аталатын тұңғыш өлеңдер жинағы жарық көрген. Бір қызығы, бұл кітаптың алғысөзін жазған қазақ жырының жарық жұлдыздарының бірі марқұм Фариза апамыз. Сайлаудың алғашқы жинағына кірген өлеңдері мен дастанына риза болған адуынды ақын апамыз аталмыш кітаптың алғысөзінде былай деп жазыпты: «…Лықсып тұрған сезімге оқырманын малтықтырып, «көкірегінде мұң жылап, төбесінен қара бұлт жылжымаған» Ерейменнің аршалы адырына, көктемгі сағымына ертіп әкететіндей жыр тудырған Сайлау менімен асығыс жүздескен сәтте: «Айтыңызшы, мен ақынмын ба?» –деп сұраулы жүзбен қарады. Шын ақын – кейде дана, кейде бала. Сайлау Байбосын атты ақын бауырымды тапқаныма қуандым. Соңымыздан келе жатқан ақындардың тегін еместігіне қуандым» – деп баға беріпті. Әйгілі ақынның бұлай деп баға беруі кейін Сайлаудың шығармашылығына демеу болып, шабыт сыйлағаны даусыз.
Жаныңда қанат жайса мұң,
Түсінер пенде жоқ па енді?!
Өлеңге барып айтамын,
Өмірге деген өкпемді! –
деп жырлаған Сайлау ақынның осы бір шумағы барлық қалам ұстаған бауырларға ортақ тәрізді. Себебі, кез-келген қаламгер өзінің жан сезімін, қуанышы мен ренішін тек өлең-жыры арқылы білдіреді ғой.
Ақынның тұңғыш кітабынан соң, 4-5 жылдан кейін «Рух» деп аталатын жинағы жарық көрді. Осы жинағын парақтай отырып, сыршыл ақынның жан дүниеңді сергітетін ойлы өлеңдерімен тағы бір сусындадық.
Оның өлеңдерінің тақырыбы да сан қилы. Айталық, «Бақ құсы», «Хош, жас дәурен», «Ғұмырбаян», «Гүлнарға», «Жүрек», «Көңіл үшін» секілді көңіл-күй лирикалары, адамгершілік, әлеуметтік тақырыптарға арнаған көптеген өлеңдері оқырмандарын елең еткізбей қоймайды.
Поэзияда еш ақын айналып өтпейтін тақырыптың бірі – сүйіспеншілік, махаббат жырлары. Бір ғажабы, Сайлаудың осы тақырыптағы сезімге толы жырлары жаттанды «сүйдім», «күйдім» деген тіркестерден аулақ. Ол нені жазса да, өзінше жырлайды. Мысалы, «Сіз туралы өлеңдер» атты топтамада:
Сіз… бір түрлісіз, бір түрлі,
Жымиюмен ап қойдыңыз ырқымды.
Әуезділеу әлеміңізге аттап ем,
Кездестірдім бала күнгі күлкімді.

Жан құсымды жібердіңіз жебеп Сіз,
Сөз айтуда бұл арада керексіз.
Көз-шараға сезім-шарап құйып ап,
Алып-алып қояйықшы себепсіз,
Өйткені… Сіз басқалардан бөлексіз, –
деп тебіренеді.
Әйтсе де, Сайлау ақынның өлеңдерінің басты лейтмотиві ел тарихы, азаттық, ел тәуелсіздігі, тілдік, рухтық тақырыптағы өлеңдер.
Ұлы дала осынау, ұлан аймақ,
Бұлт жөңкілген көгінде қыран ойнап.
Ұлысың деп кім саған кінә қоймақ,
Ірісің деп кім саған кінә қоймақ?!

Көне дала, көк жазық, көшелі бел,
Кең төсінен өтпеді неше бір ер.
Түкпірінен тарихтың тарау-тарау,
Үні болып бабамның еседі жел! –
деп басталатын, үш бөлімнен тұратын «Бабалар рухы» өлеңінің желісімен «Абылай ханға ақтарылу», «Махамбетке», «Ей, Қазақ!», «Наза», «Сендерден қалған ар-намыс», «Махамбетке», «Қараой, қараша үй, қара қайғы», «Желтоқсан» сынды туындылары халқымыздың өткен тарихын жаңғыртып, бүгінгі ұрпаққа жеткізіп тұрғандай. Ақын үшін ана тілден асқан қастерлі ештеңе жоқ. Бүгінгі күні күйі кетіңкіреп тұрған тіл мәселесі де оны бейжай қалдырмайды. «Қазақ тілі» атты өлеңінде ол:
Алынғанмен бодандық, қолда бұғау,
Биігіңе біз күткен қонбадың-ау.
Жетпіс жылғы көргенің аз болғандай,
Тағы сені жабылып қорладық-ау!

Қорладық-ау, қайтейін, қорғаным-ау,
Сүйеу таппай сабалап, сорладың-ау.
Ақ айдыны сен едің Алашымның,
Ақтарылып арнаңа толмадың-ау!

Жанарға мұң түсті ме, жанға бұрау,
Шын керексіз Қазаққа болғаның-ау,
Өзің келіп төріне отырмасаң,
Неге керек оңаша Орда мынау?!.

Жасуменен жігерім, жаным ұдай,
Кетті неге тірліктің мәні бұлай?!
Намыс берші, Қазаққа бір сілкінер,
Көк Түріктің рухы – Тәңірім-ай! –
деп тіліміздің бүгінгі мүшкіл халін ашына жырлайды.
Қай ақын болмасын өзінің туып-өскен жерін жырға қосады. Сайлаудың қай кітабын қарасаңыз да, өзінің кіндік қаны тамған Ереймен жеріне деген сүйінішке толы өлеңдерін кездестіресіз. Мысалы, «Ерейментауым» атты өлеңінде былай деп толғанады:
Көгінде өлең көктеген,
Көркіне еш ел жетпеген.
Көгеріп абыз-батамен,
Көгеннен құты кетпеген.
Шежіресі шерлі дастандай,
Тарихы – теңіз теп-терең.
Ерейментауым, сен менің,
Өзіңде өткен күндерім,
Өлшеусіз бақыт деп келем!

Сары дала мына, сан адыр,
Сырыңа қанық саналы ұл.
Тарихқа куә кешегі,
Анау бір жота, ана қыр.
Ерейментауым сен менің,
Шешендер бір кез көсіліп,
Көсемдер өткен дала бұл!

Жылдармен тауып жарасым,
Жылжумен алға барасың.
Қалың ел мына, жұртыңа,
Қамалдай қорған панасың.
Мерейлі ел үшін осынау,
Ереймен болып қаласың.
Дарасың бізге, себебі,
Бөгенбай басып топырағын,
Үмбетей жұтқан ауасын,
Осындай дастан даласың!

Ақтарып теңін аңыздың,
Сорабын кештім сан іздің.
Қайтарғым келіп өтеуін,
Перзенттік міндет, парыздың.
Ерейментауым – еңселім
Сен маған қарыз емессің,
Туған ел жұртым – жаны ізгім.
Төсіңде тудым, сондықтан,
Мен саған мәңгі қарызбын,
Мен саған мәңгі қарызбын! –
деп туған ел алдындағы өзінің перзенттік парызын ұмытпайды.
Сайлаудың тағы бір шығармашылық қыры – тарихшы, өлкетанушылығы. Кейінгі 10-15 жылдың ішінде ол Омбы мен Семейдің, Керекудің мұрағаттарын, Алматыдағы мемлекеттік мұрағатты ақтарып, Ерейментау еліне қатысты тарихи деректерді қопарып, осының нәтижесінде «Ерейментау», «Қанжығалылар» деп аталатын қос кітабын ұсынды. Осының нәтижесінде аттары ұмытылып кеткен тарихи тұлғалар, тарихи оқиғалар қайтадан жаңғырып, бүгінгі ұрпақпен табысып жатыр. Автор «Қанжығалылар» деп аталатын кітабының алғысөзінде: «Егер ұлт шежіресі әр ұлыстың тарихынан құралады деп түсінер болсақ, Ерейментау мен Баянауыл өңірін, Ақкөл-Жайылма жерін, Қостанай өңірін жайлаған Қанжығалы елінің тарихы да қазақ тарихының ажырамас бір бөлігі деп түсінуіміз керек, яғни, бұл кітапқа ру мен тайпа шежіресі емес, ұлт тарихының бір тарауы деп қарау абзал» – деп түйіндейді.
Қазір кейбір космополиттер ру шежіресі деген не керек, ел арасын ашады деп сәуегейлік айтып жүр. Сайлау бұл жөнінде: «Кез-келген халықты құлға айналдыру үшін, оның тамырынан ажырату керек. Ал, тамыр дегенің – сенің тарихың, салт-дәстүрің, тілің мен дінің, ұлттық ерекшелігің. Осыдан ажыраған халық бөтеннің айдауына көніп, айтқанына жүреді. Осы бір үлкен рухани апаттан аман-сау қалыппыз, оған себеп қазақтың ұлттық ерекшелігі – ру тайпа шежіресінің жоғалмауында екен», – деген тұжырым жасапты.
Бүгінде шығармашылық тұлғасы қалыптасқан Сайлау ақын республика көлемінде жылма-жыл өтіп жататын шығармашылық байқаулар мен мүшәйралардан да тыс қалмайды. Атап айтар болсақ, 2007 жылы Жарасқан Әбдірашев атындағы мүшәйраның үшінші жүлдесін алса, 2008 жылы «Автовокзалдағы кездесу» атты өлеңімен «Бір өлең – бір әлем» деп аталатын республикалық мүшәйраның бас жүлдесін иеленді. Осы жылы Үмбетей жырау атындағы аймақтық мүшәйраның да бас жүлдесін қанжығалаған еді. 2016 жылы сатиралық әңгімелері үшін дәстүрлі «Алтын қалам» сыйлығын алса, 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Алаш тарихының ақиқаты» атты республикалық әдеби байқауда Сайлаудың «Баба-байрақ» дастаны жүлделі бірінші орынды еншіледі. 2017 жылы Алаш қозғалысының 100 жылдығына арналған «Алаш арманы – Тәуелсіз Қазақстан» деп аталған республикалық мүшәйрада «Жүсіпбек пен Сұлтанмахмұт» атты дастаны екінші жүлдеге ие болды.
2015 жылдың аяғында «Жұлдыз» әдеби журналында қаламгердің «Ажалын жоғалтқан адам» атты романының бір парасы жарық көріп, оқырмандар арасында сұраныс тудырып жатыр. Бұдан бөлек республика жұртшылығы Сайлауды сатирик қаламгер ретінде таниды. Бүгінде оның сатиралық әңгімелері көптеген басылымдардың, әлеуметтік желілердің беттерінде жүргенін білесіздер.
Кейінгі 10-15 жылдың ішінде қаламгердің «Дат», «Рух», «Қызылтау» атты өлеңдер жинағы, «Ерейментау», «Қызылтау – құтты мекен, киелі аймақ», «Есімдері жүрсін деп ел есінде…», «Қанжығалылар», «Қорғалжын» атты тарихи-танымдық кітаптары, «Депутаттың бәтіңкесі» атты сатиралық шығармалар жинағы жарық көрді.
Тынымсыз еңбек ететін Сайлау мерзімді баспасөз бетінде мақалалар жариялап, мұрағат қопарып, қашанда ізденіс үстінде жүреді. Қазіргі күні «Рухани жаңғыру» бағдарламасының шеңберінде шығатын Павлодар облыстық «Ақбеттау» журналының және Ерейментау аудандық «Ерейментау-Ақпарат» газетінің редакторы. Наурыз айында зейнет жасына иек артып отырған әріптес інімізге шығармашылық табыс, отбасына амандық тілейміз!

Манап ӘДІРЕШЕВ,
Ерейментау ауданының Құрметті азаматы, өлкетанушы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар