Тұтынушының да жағдайын ойлаған

Алтын Әбітаева 1998 жылы өз бизнесін ашып, «Киндер» атты бірінші дүкенін салды. Бүгінгі күні оның азық-түлік дүкендері мен бизнес орталығы жергілікті тұрғындардың көңілінен шығуда.

Ол 1964 жылы Жарқайың ауданының орталығында дүниеге келген. Надежда Крупская атындағы орта мектепті ойдағыдай бітірді. Алматы қаласындағы сауда техникумын аяқтады. Кейін Державинск қаласындағы кітап дүкеніне сатушы болып орналасып, 1997 жылға дейін жұмыс істеді. Заманның талабына сай жеке кәсіппен айналысты. Оған жұбайы Нұрлан Бегенов көп көмектесті. Сөйтіп, бизнесі өрге домалады. Кейін «Нұр» азық-түлік дүкенін және «Симбад» бизнес орталығын ашты. Дүкенде өнеркәсіп, балалар және электр тауарлары, көкөністер сатылады. Оның тігін шеберханасы, шаштаразы, дәмханасы да тұрғындарға қызмет көрсетеді. Дүкеннің ауласында базар жұмыс істейді.
–Бүгінгі күні осылай ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесімді қосып отырмын. 3 адамды тұрақты жұмыспен қамтыдым.
Тауар бағасын шарықтатпау үшін аудан әкімімен бірге меморандумға қол қойдым. Сатып алушылардың дені зейнеткерлерден, білім ордасы мен балалар мекемелерінен тұрады. Менің басты міндетім тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыруға бағытталған,–деген кәсіпкер өз арманының орындалуына отбасы, туыс-туғандары көмектескенін айтады.
Алтын Әбітаева да өзге ата-аналар сияқты екі баласына ұлттық тәлім-тәрбие беріп, олардың қоғамға пайдасын тигізетін адал адам болуын қалайды. Кәсіпкердің басты қасиеті өз жұмысына шығармашылық тұрғыдан қарауында болса керек. Әрине әр мамандықтың өзіндік қиындығы мен қызығы болады. Ол алдағы жылдарға жоспар құруды дәстүрге айналдырған.
Бүгінгі күні Алтын Асхатқызы аудандағы белді кәсіпкерлердің бірі. Ол көштен қалып қоюды ұнатпайды. Осыдан болар, оның кәсібі өрге домалауда. Державинск қаласы жыл санап көркейіп келеді. Осы орайда, кәсіпкер де өз дүкендерін кеңейтіп, қазіргі заманға сай жаңартпақшы.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Жарқайың ауданы.

 259 Total Views,  2 Views Today

By Арқа ажары

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар