«Ақ бура» – жаңа курорттық жобаның атауы

Ақмола облысында туризм саласы жақсы дамып келеді. Соңғы 20 жылда өңірдегі демалыс орындарының саны шамамен 10 есеге артты. Олардың басым көпшілігі Бурабай курорттық аймағында орналасқан.

Ал, өңірге келген саяхатшылар саны 20 жыл ішінде 100 мыңнан 1 миллионға дейін өсті. 30 жылда Бурабайдың өзінде ғана инфрақұрылым жақсарды. Сондай-ақ, осы аралықта Бурабайда жаңадан ондаған қонақ үйлер, шипажайлар жұмысын бастады. Жыл өткен сайын қызмет көрсету сапасы да жақсарып келеді. Одан демалыстың сан алуан түрі ұсынылып жатыр. 2010 жылы қабылданған Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамыту бағдарламасы өңірдің ғана емес, жалпы туризм саласының тұтастай дамуына оң ықпал етті. Соңғы он жылда сұлу Көкшенің баурайын көркейтуге бюджеттен 60 миллиард теңге бөлінді. Туризмді түлетуге бағытталған бұрын-соңды мұндай кешенді жоспар республикада болған емес. Соның арқасында Бурабайға бастапқыда жылына жүз мың адам саяхаттап келсе, қазір 1 миллионға жуық турист келеді.
– 2000-2001 жылдары көрсетілетін қызметтің көлемі тек қана 300-350 миллион теңге болатын. Қазір 6 миллиардтан асты. Ол кездерде тәулігіне ең көбі 3 мың адам қабылдайтын едік. Қазір тәулігіне 12 мың турист қабылдайтын жағдайымыз бар,–дейді облыстық туризм және демалыс индустриясы қауымдастығының төрағасы Шынарбек Батырханов. Жиырма жыл бұрын туризмнен облыстың қазынасына 60-70 миллион теңге түсім түсетін. Қазір жылына орташа есеппен 1 жарым миллиард теңге пайда келеді. Халықты жұмыспен қамту көрсеткіші он есеге артты. Ақмола облысында Бурабайдан басқа, Зеренді аймағында және Нұр-Сұлтан қаласының маңында шипажайлар мен қонақ үйлер көбейіп келеді. Қазір өңірде 300-ден астам туристік нысан жұмыс істейді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мұнда 40 шақты ғана демалыс орны болды.
– Нұр-Сұлтан қаласының жанында негізі демалыс орындары көбейді. Қазір біраз нысандар салынуда. Бурабайдың өзінде де көп өзгеріс болып жатыр. Қыста да, жазда да демалуға өте ыңғайлы. Астанадан 2 сағат жол жүреміз. Қызметтері көңілімізден шығады,–дейді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Думан Сейілхан. Сұлу Көкшенің баурайындағы саяхатты жетілдіру үшін кешенді шаралар атқарылмақ. Мәселен, көп ұзамай «Ақ Бура» атты жаңа курорттық қалашық пайда болады. Ал, елдегі туризмді ілгерілету мақсатында екі жыл бұрын мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Оның аясында 10 негізгі аймақты дамыту көзделген.
Басты меже – туризм саласынан түсетін пайда ішкі жалпы өнімнің 8 пайызын құрауы тиіс.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар