Өткен жағдайлардан сабақ алып, жан-жақты қамдануға тиіспіз

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Қанат Доспаев журналистерге биылғы көктемгі су тасқыны қауіп-қатерінің алдын алу бойынша соңғы күндердегі дайындық шаралары туралы баяндап берді. Өңір жоғары дайындық режиміне көшіп, оған барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдар жұмылдырылып отыр.

Бүгінгі таңда табиғаттың тосын мінезі күн ілгері болжанғанымен, кейбір төтенше жағдайдың алдын алу қиын. Осындайда бірден «апат айтып келмейді» деген халық даналығы еске оралады. Бұған облысымызда соңғы жылдары үздіксіз орын алған жойқын су тасқыны айқын дәлел. Кезінде Атбасар, Целиноград, Ерейментау және Сандықтау аудандарында болған көктемгі су тасқыны жүздеген тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды, бірқатар ауылішілік жолдарды шайып кетті. Сол жағдайдың тағы да қайталанбайтынына ешкім кепілдік бере алмайды.
– Биыл қар жылдағыдан көп түсті. Қардың көп болуынан қарғын судың көп болатыны болжанып отыр. Осыған байланысты аймақта су тасқынының алдын алу үшін жылдағыдай облыстық шұғыл штаб құрылды. Облыстағы су тасқынының қаупі бар аудандарда көшпелі мәжіліс өткізіліп, төтенше жағдай орын ала қалған кезде қандай әрекет ету керектігі жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қазіргі кезде аудан және қала әкімдіктері, азаматтық қорғаныс саласы қызметкерлерінің алдына ауқымды міндеттер қойылып, зор жауапкершілік жүктеліп отыр, – деді Қанат Доспаев.
Апаттың алдын алу шаралары осыған дейінгі жылдардағы орын алған су тасқындарындағы ерекшеліктер мен «әттеген-айларды» саралай келе, жүзеге асырылуда. Ең қауіпті өңірлер саналатын Атбасар, Целиноград, Аршалы және Астрахан аудандарындағы өзен, көлдер бақылауға алынған. Оған қоса, облыстың елді мекендерінен қар шығарылып, арықтар тазаланды. Облыс бойынша 789 мың текше метрден астам қар күрелді, сондай-ақ, 353,5 мың тонна инертті материал, 93,9 мың қап әзірленді, 1 мыңнан астам арнайы техника толық дайындыққа келтірілді. Жергілікті атқарушы органдар және шаруа қожалықтарымен елді мекендерден қарды шығару жұмыстарын жүргізуде.
Бұл айтылғандар әрине, көңілімізді ептеп орнықтыра түседі. Бірақ, ана бір жылдары да осылай айтылып, соңынан ауыр жағдайлардың орын алғанын білеміз. Сондықтан, бұған дейін облыс елді мекендерін су шайған оқиғалардан, ондағы мүлт кеткен тұстардан тиісті қорытынды шығарылып, дайындықты ертең қапы қалмайтындай денгейде жүргізу қажет. Бұл – әрбірден соң халықтың ойы.
– Облыс аумағындағы барлық гидротехникалық нысандардың жұмысы тәулік бойы бақыланып отыр. Облыстың азаматтық қорғаныс құрылымдарының арнайы техникалар және жүзу құралдарының дайындығы, қауіпті аймақтардан адамдарды көшіруге арнайы орындардың әзірлігі де басты назарда, – деді одан әрі өз сөзінде Қанат Доспаев.
Жалпы, биылғы көктемде су тасқынын болдырмау мақсатында қолға алынған шараларды жүзеге асыру үшін облыстық бюджеттен 643,4 миллион теңге қарастырылып отыр. Көктем келгенімен, облыс аумағындағы өзендер мен су көздеріндегі мұз әлі қалың. Кейбір тұстарында ғана сәл жібігені байқалады. Сол себепті, он аудандағы өзендерде мұз жару жұмыстары жүргізілді. Демек, қауіп-қатердің бетін қайтару үшін қамдануға аз да болса уақыт бар.

Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар