Қазақ сәулет өнерінің қаранары

«Қайта өрлеу» деп аталып жүрген ренессанстық кезең қай мемлекеттің болсын, әдебиетінің де, мәдениетінің де, экономикасының да, тарихының да, яғни, толайым бар болмыс-бітімінің жаңа биікке өрлеу кезеңіне, кемелді шырқау шағына жауап беретін тұс, яғни, «алтын ғасыры», болмаса) сәруәрлі сұңғатты сәті деп есептелген. Ал, сол ренессанстық кезеңнің өздігінен өзі туа қалмағандығы, оның бастау тұсында ұлы тұлғалардың тұрғандығы даусыз ақиқат.

Айдай әлемді алға тарта тарата айтпай-ақ, қазақ тарихындағы бір ғана тұлға Шот-Аман Ыдырысұлы Уәлихановтың алуан арналы творчествосына үңілер болсақ, біздің төл сәулет өнеріміздің ерекше сипатқа ие болып, қазақи топырақ қойнауынан өріс ашқан жаңа мазмұнды сымбатын даралай ақтап алар едік. Өйткені, бір басына сәулеткерлік, ақындық, драматургтік, ұстаздық, ғалымдық, қайраткерлік тәрізді небір қасиеттерді тоғыстыра білген
Шот-Аман ағамыз шын мәнісінде қазақ тарихы үшін ренессанстық тұлғаға айналып кеткендігін аңдамай қалу тіптен де мүмкін емес.
Халқымызда тек, тектілік дейтін тот шалмас шырайлы ұғым бар. Осы орайда да Шота Ыдырысұлының басқа пендеңіздің арманы ғана болып қалар тұлғалы тұрпаты дара дарақтай еңселеніп шыға келері бар. Сонау әлемді қалтыратқан ұлы қаған Шыңғыс ханнан бастау алатын генетикалық сан тарау соқпақтың белдеу белесті биігі Абылай ханнан өз өрісін ашса, сол ұлы тұлғаның Уәли хан тармағы Шыңғыс сұлтан, Шоқанмен жалғасып келіп, Шотаның атасы Мақы, оның ұлы Ыдырыс-пен еншілес ұзай түседі. Шоқанның қазақ аспанын арайлы нұрымен сәулелендіріп өте шыққан құйрықты жұлдызды сәтін айтпағанда, Шотаның атасы Мақының саусағынан өнер саулаған ғажап қолөнер шебері екендігі көпке мәлім.
Аталмыш аруақты бабалардың ұлы рухынан сарқылмас қуат алып, отансүйгіштік сезім сәулесімен өз өнері мен ізденістері жолын нұрландыра білген Шот-Аман Уәлиханов тәуелсіз Қазақстаны үшін мол олжа салған талант екендігі даусыз ақиқат.
Еліміздің Тәуелсіздік монументі Шот-Аман ағамыздың асқақ қиялы мен ұлттық болмысымызды терең сезіне білген сұңғатты сипатын танытар туынды екендігі дау тудырмайды. Қиял-ғажайыпты мифтік ертегідегі қанатты барысқа мінген ақ кіреуке киген Алтын Адам халқымыздың азаттық аңсарын асқақтата түсуімен бірге, келешекке деген батыл қадамын айқындайтын айбынды символдық белгі. Бұл күнде ұлттық нышанымызға айналып кеткен Алматы алаңындағы тұрған бұл ескертіш өз бойына тәуелсіздігіміз бен азаттығымыздың, өткеніміз бен бүгініміздің, жарқын келешегіміздің, мәдениетіміз бен мемлекетіміздің қуатты құрышты қосындысындай әсерге қалдырады. Осынау синкретті бейнелеу өнерінің бар озық үлгілерін өз бойына тоғыстыра білген бұл туынды, сөз жоқ, Шот-Аман Уәлиханов шығармасының шырқау биігі десек те болғандай.
Сәулеткер Шот-Аман ағамыздың қай еңбегін алып қарасаңыз да, оның туған халқының тарихын, мәдениетін терең сезіне білген және сол білгенін терең біліктілікпен бойына сіңіріп, сіңістіріп жібере алар шырайлы шеберлігін аңдайсыз. Этномәдениеттің стилистік һәм семантикалық бірлік-бітімін қабыстыра, жарыстыра, жымдастыра алар тұста Шот-Аман Ыдырысұлы хас шеберлік үлгісінен айнымайды және бір ғажабы, өз туындыларының болмыс-бітімін сомдарда сол қасиеттерден әсте көз жазбайды, жаңылмайды. Осы қасиеттер оның туындыларын қазақи болмыспен біте қайнасқан, кіндік үзбес шынайылығымен шырайландыра түседі.
Шот-Аман аға өз туындыларының сыртқы сұлу, асқақ еңселілігімен қатар ішкі мазмұндылығына да ерекше ден қоя білетін суреткер. Мәселен оның «Өлімнен де күшті» монументі ядролық сынақтың құрбандарына арналса, онда автор образдардың терең характерлі жан күйзелісіне толы қасіретті халін барынша ашып көрсетуге ұмтылады. Жиырма бес метрлік қара габбролы тас стелла өзінің осы сипатымен-ақ көңілге қасірет ұялатса, тас баған стелланы тесіп өткен атом бомбасының жаралы ізі сол қасірет қайғыңды тереңдете түседі. Ақ мәрмәрдан қашалған ана бейнесі, сәбиін қорғап тұрған тұрпаты, сөз жоқ, қара тас-ты стелламен контрастқа түсіп, ядролық қарудың қырып-жояр жауыздық сипатын санаңа сіңіріп жібереді. Автордың ақ пен қара түсті тебістіріп тұрған шешімі ізгілік пен жауыздық, ал, адамзат басына төніп келген дамокол семсері – атом бомбасының қатерін елестете алған. Осынау шешімге автор бірін-бірі жалмап жатқан екі басты аждаһа – құбыжықты қосқанда, қасіретің қорқынышқа ұласып, әлем алдында тұрған нәубетке деген жан шошытар күйзелісің үдей түседі. Бұл – сөз жоқ, автордың шығармашылық шешімге батыл бара алған тұғырлы табысы.
Шот-Аман Уәлиханов Қазақстанның жер-жерінде тас тұғырға келіп орныққан он сан ескерткіштердің ажарлы архитектуралық шешімін табуға автор ретінде қатысып, қыруар үлес қосты. Мәселен Д.Қонаев, Т.Бокин, Ғ.Мұратбеков, Т.Бигелдинов, А.Байтұрсынов, Кенесары хан тәрізді тұлғалы қазақ қаһармандарын тас тұғырға орнатуда, жай ғана орнатып қою емес, олардың жер бедері, қоршаған ортамен үйлесім табуы, сәулет өнеріне қатысты басқа-басқа элементтерді шеберлікпен шешуде Шота терең ізденістерге барды, соны да оңтайлы шешім табуға ден қоя білді.
Сәулеткердің «Ана-Жер-Ана» монументі, Даңқ Пантеоны, 1937 жыл құрбандарына арналған ескерткіші, 1932 жылы аштық құрбандарына арналған белгі, Ғарыш кеңістігін игерушілер Монументі, Аңырақай шайқасын бейнелейтін понорамалық зал, тағы басқа көптеген ой-қиялының желісіне айналған өнер туындыларынан кең тынысты, ірі масштабты қамтитын қарымды қуатын сезінер едіңіз.
Шот-Аман Уәлихановтың тәуелсіз Қазақстаны үшін сіңірген тағы бір соқталы да сымбатты еңбегі мемлекетіміздің рәміздерін жасауға қатысуы деуге толық негіз бар. Ол Қазақстан Республикасының Ұлттық Елтаңбасын жасауға қатысты, оның идеялары рәміздің негізін түзді. Мұнда да ол ұлттық болмыс-қасиеттерді Елтаңба элементтері етіп батыл енгізе білді.
Біздің дәуірімізге дейінгі 420 жылда көне Грекияның ұлы сәулетшілері Иктин мен Калликраттың берген анттарында «жарқын да биік мақсатта өмір сүруге; күшіміз, талантымыз бен білімімізді сарқа жұмсауға, мақсаткерлікті, үйлесімділік пен сұлулықты мақсат тұтуға ант етеміз!» деген сөздер бар. Сәулет өнерінің салтанаты мен сұңғатын терең сезінген Шота да бұл антқа адалдығын ұлан-ғайыр еңбектерімен ақтап келді.
Осынау антқа берік болған қазақ сәулетшісі Шот-Аман Ыдырысұлы Уәлиханов арамыздан кетсе де, нелер ғажап ренессанстық үлгідегі туындыларымен қуанта алғандығына, бізді әлбетте, сүйсінте беретіндігіне шаттанамыз әрі мақтанамыз.
Бақұл болыңыз, еліңізге, ұлтыңызға өлшеусіз еңбек сіңірген Шот-Аман аға!
Аян ҚАЖЫБАЙ,
Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының
корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар