Сайын далада жер қойнауын барлаған қайраттылармыз

Геологтар – пайдалы қазбалардың кен орындарын іздестірумен және барлаумен айналысатын мамандар. Бұл мамандық тек қана арнайы білім мен дағдыларды ғана емес, сонымен қатар, шыдамдылық пен төзімділікті қажет етеді. Бүгін таңда Геолог күні Қазақстанда ғана емес, ТМД елдерінде де барлық геологиялық және өндіруші ұйымдарда атап өтіледі. Геологтардан басқа, пайдалы қазбаларды іздеумен және өндірумен байланысты барлық мамандық иелері оны кәсіби мереке деп санайды.

Қазіргі әлемде Қазақстан табиғи ресурстарға бұрынғыдан да мұқтаж, олар болашақта жаһандық экономика мен еліміздің экономикасын дамытуда ерекше орын алады. 2018 жылы «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекс күшіне енуімен геологиялық барлау саласының инвестициялық ахуалы жақсарды. Жер қойнауын пайдаланушылар үшін жағдай жасалған, жер қойнауын пайдалану саласында рәсімдерді оңайлату бойынша жұмыстар тұрақты жүргізілуде. Осылайша геологиялық ақпаратты алу рәсімі айтарлықтай жеңілдетілді, интерактивті карта жасалды, электрондық картотека іске қосылды. «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекс шыққаннан кейін Қазақстан Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымына мүше алдыңғы қатарлы елдердің (Австралия, Канада) тәжірибесі бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі CRIRSCO халықаралық стандарттарына көшті.
Түрлі бағыттағы ондаған мың геологтардың еңбегімен құрылған Қазақстанның минералдық-шикізат кешені бүгінде отандық экономиканың аса маңызды секторын құрайды, ол бүкіл өнеркәсіптік өндірісті дамытудың нақты негізіне, елдің өндіргіш күштерін жандандыруға және жоғары технологияларға көшуге тірек болды. Қазіргі заманның озық құрал-жабдықтарымен жарақтандырылған «Көкшетаугидрогеология» акционерлік қоғамының ұжымы салаға қатысты міндеттерді орындау жолында табандылықпен еңбек етуде. Біздің міндетіміз еліміздегі жер асты су қорын барлап, оның көлемін анықтау болып табылады. Әсіресе, барлау жұмыстары кезінде алынатын су мен топырақтың құрамын зерттейміз.
Соңғы жылдары геологиялық барлау құрылымы өзгеріп, ағымдағы және ауқымды жұмыстар жоспарлы түрде қолға алынуда. Жер қойнауын кешенді зерттеу мен геологиялық істер ірі кен орындарының ашылуына түрткі болды. Тек, қара металл ғана емес, сондай-ақ, түсті металл, көмірсутекті элементтер, бағалы және сирек кездесетін металдар барланып, игеріле бастады. Бұл орайда, жер асты суларын барлап, анықтаудың орны бөлек. «Көкшетаугидрогеология» акционерлік қоғамының ұжымы да еліміздің солтүстік аймағында су көздерін барлауда үлкен жұмыстар атқарып отыр деуге берік негіз бар.
Бүгінгі күні кәсіпорын тұрғындарға геологиялық барлау, инженерлік-геологиялық іздестіру, экологиялық зерттеу, зертханалық, үйлерге ұңғыма қазып, су құбыры мен су сорғыш станциясын, суды тұщыландыру қондырғысын орнату, жоспарлау және терең су сорғыштарды жөндеу сияқты қызмет көрсетеді. Өткен жылы осы бағытта «Көкшетаугидрогеология» акционерлік қоғамымен оңдаған жоба жүзеге асырылды. Оның ішінде, Ақмола облысының Астрахан, Бұланды, Жақсы және Атбасар аудандарындағы бірқатар ауылдарда жер асты сулары қорымен қамтамасыз ету үшін іздестіру-барлау жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, біздің геологтар көрші Қарағанды, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары бойынша да көптеген елді мекендерге барып, барлау жұмыстарын қолға алды.
Кейінгі кезде біздің облысымызда гидрогео-
логия саласы жақсы дамып келеді. Мемлекет тарапынан бөлінетін қаржыға бұрғылау қондырғылары мен арнайы техникалар алынып, мамандарымыздың барлау жұмыстарын тиімді жүргізуге барлық жағдай жасалған. Облысымыздың ең шалғай аудандарының тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуде біраз шаруаның басын қайырдық. Қазірдің өзінде Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында бірнеше экспедиция барлау жұмыстарын жүргізуде.
Бүгінгі күні кәсіпорнымыздың халық пен ел игілігі үшін жер асты су көздерін тауып отырғандығы осы жолда аянбай тер төгіп келе жатқан гидрогеологтардың арқасында. Бүгінгі таңда ұжымда 200 адам жұмыс істейді. Олардың арасында саналы ғұмырын осы салаға арнаған Талғат Мүрсәлімов, Сәндібек Бүркітбаев, Елизавета Бастанжиева, Галина Риммле, Галина Гордиенка және Қанат Гельманов сияқты еңбек озаттарының облысымызда геология саласына қосқан үлестерін айтпасқа болмайды. Ұжымымызда тәжірибелі аға буын өкілдерімен қатар гидрогеология саласының қыр-сырын енді-енді ғана меңгеріп келе жатқан жастар да бар. Оларға барынша ақыл-кеңесімізді айтып үйретудеміз.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылында мемлекетіміздің экономикасы үшін маңызы зор осы табиғи байлықтарға жол ашқан геологтарымыздың еңбегі өлшеусіз екендігі анық. Осы орайда, ұлттық геология саласының қалыптасуына, дамуы-на зор үлесін қосқан біртуар тұлғамыз Айтқажы Қазбековтің есімін алдымен ауызға алар едім. Алғашқы еңбек жолын Сарыарқаның сайын даласында 1978 жылдан бастаған ол 2000 жылы зейнетке шыққанға дейін «Көкшетаугидрогеология» акционерлік қоғамының президенті ретінде бүкіл гидрогеологиялық, инженерлік-геологиялық және ғылыми жұмыстар кешеніне біліктілікпен басшылық жасады. Айтқажы Қазбековті жаратылысынан геолог болып туған табиғи талант десек, асыра айтқандық емес.
Бүгінгі күні «Көкшетаугидрогеология» акционерлік қоғамында оның игілікті жолын инженер, техник гидрогеолог ретінде жалғастырып келе жатқан жас мамандардың қатары қуантады. Өйткені, бүгінде әлемнің алдыңғы қатарлы 30 елінің қатарына қосылуды мақсат етіп отырған шақта жер асты байлықтары мен су қорларын игерудің маңызы зор екендігін ешкім де теріске шығара алмайды. Кең-байтақ еліміздің аумағында барланбаған, ашылмаған жер асты байлықтары мен су көздері әлі де аз емес. Геологтарымыз атқаратын жұмыстар әлі жеткілікті дей аламыз.
Сансызбай ХАМЕТОВ,
«Көкшетаугидрогеология» акционерлік қоғамының президенті.

 248 Total Views,  2 Views Today

By Арқа ажары

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар