Адам мен оның өмірі бәрінен қымбат

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) – 1946 жылы БҰҰ-ның жанынан құрылған халықаралық медициналық  мекеме. Бұл  ұйымға әлемнің екі жүзге жуық мемлекеті мүше болып  отыр. 1950 жылдан бастап дәстүрлі түрде аталып өтіп келе жатқан бұл атаулы күні адамдардың өз өмірлерінде денсаулықтың мәні қаншалықты зор екенін түсінуіне осы бағыттағы жұмыстардың жақсара түсуіне күш салынады.

Осылайша Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әр жылды медицинадағы аса көкейкесті мәселелердің біріне арнап отырады. Жыл сайын бұл күн барлық әлемдегі медицина саласының алдына қойылған маңызды проблеманы айқындайтын белгілі тақырыпта өткізіледі. Сондай-ақ, бұл атаулы күннің әр жыл сайынғы тақырыбы, ұраны таңдалынады.
Бұл күннің дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жарғысында бекітілген негізгі мақсаты – жер бетіндегі барлық халықтардың  денсаулығын жақсартуға қол жеткізу. ДДСҰ-ның жарғысы қабылданған күн 1948 жылғы 7 сәуір Дүниежүзілік денсаулықты қорғау күні болып аталады. ДДСҰ-ның жоғары органы – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясы. Ассемблея  ДДСҰ-ның жұмыс  бағытын анықтап, Бас директорын бес жылға тағайындайды. Оның әкімшілік органы – хатшылық, штаб пәтері Женева  қаласында.
Қазақстан Республикасы  ДДСҰ-на 1992 жылы 19 тамызда мүше болып қабылданды. Сөйтіп, Еуропа аймақтық ұйымына кіреді. Бұл ұйым алты аймақтық ұйымнан тұрады. ДДСҰ-ның жұмысының негізгі бағыттары – жұқпалы және жұқпалы емес  аурулармен күрес жүргізу, мүше елдердің денсаулық сақтау жүйесі мен қызметін дамыту, маман дәрігерлер даярлау,  медицина саласы бойынша статистикалық есеп жүргізу. Онда мысалы, ауру түрлері мен одан қайтыс болу себептерін халықаралық деңгейде саралап жүйелеу, адамдардың денсаулығы туралы мәліметті тарату, дәрілік препараттардың дайындалуын жіті қадағалау, медицинаның маңызды мәселелерін шешуде  ғылыми зерттеулер жүргізуді қолдау, тағы басқа мәселелер ескерілуде.
ДДСҰ-ның сәтті аяқталған халықаралық жобаларына дүние жүзінде безгек және шешек ауруларын жою бағдарламасы жатады. ДДСҰ, сондай-ақ, туберкулезбен, жыныстық қатынас арқылы берілетін аурулармен, паразиттік, жұқпалы және жұқпалы емес аурулармен күрес жүргізу бағдарламаларын іске асыруда. Оның ішінде мысалы, жүрек-қантамыр, қатерлі ісік, психикалық аурулар, тағы басқалары бар.  1978 жылы ДДСҰ мен БҰҰ-ның балалар қоры ЮНИСЕФ ұйымдастырған Алматы халықараралық конференциясында ХХ ғасырдағы Денсаулық сақтау ісінің хартиясы аталған «Алматы декларациясы» қабылданды. 1979 жылы өлкелік патология ғылым-зерттеу институты қазіргі Гигиена және эпидемиология ғылым-зерттеу орталығы жанынан ДДСҰ-мен бірлесіп жұмыс істейтін алғашқы медицина-санитариялық көмек жөніндегі Халықаралық орталық та ашылды. ДДСҰ бюджетінің негізін оған мүше елдерден жүйелі түрде жиналатын жарналар құрайды.
Жалпы, денсаулық сақтау саласы өте күрделі сала. Қай жерде де медициналық кадрлардың жетіспеушілігі байқалып жатады. Мәселен, біздің Ақмола облысында да медицина кадрлары тапшы. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Нариман Сыздықовтың айтуынша, әр түрлі сала бойынша 300 дәрігер жетіспейді. Әсіресе, өңірімізде акушер-гинекологтар тапшы. Қазір осындай 100-ден астам маман бар болса, тағы 25 дәрігердің қажеттілігі туындап отыр. Сондай-ақ, облыста анестезиологтар мен реаниматологтардың да жетіспеушілігі байқалады. Басқарманың мәліметінше, төрт ауданда 20 дәрігердің штаты бос тұр. Олар – Шортанды, Жарқайың, Егіндікөл және Біржан сал аудандары. Осының себебінен, жергілікті тұрғындарға жоспарлы ота жасау мүмкіндігі жоқ. Сондықтан, науқастардың қандай да бір операция жасату үшін басқа жерлерге жүгінуіне тура келеді. Дегенмен, мәселені алдағы бірнеше жыл ішінде шешу қолға алынуда.
– Біздің өңірдің медицина саласы жақсы жолға қойылған. Бүгінде біз жас мамандарға грант беруді жалғастырудамыз. Олар оқуын бітіргеннен кейін облыс аумағында үш жыл жұмыс істеуі тиіс. Сондай-ақ, баспана жағынан көмектесіп жатырмыз. Мысалы, жатақханадан бөлме береміз. Бейініне қарамастан, гинеколог, акушер немесе неонатолог болсын, әрқайсысына шамамен миллион теңгеге жуық үстемақы береміз, – дейді Нариман Ермекұлы өз сөзінде. Иә, «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздейік». Еліміз қазіргі қауіпті індеттен де арылып, «бірінші байлық – ден­сау­лық» деген қағида басты ұстанымымыздың бірі болсын.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар