Облысымызда ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған түрлі іс-шаралар одан әрі өз жалғасын табуда.
Көкшетау қаласында жыл сайын ұйымдастырылатын «Шоқан оқулары» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы биыл коронавирус індетіне байланысты онлайн форматта өтті.
Дәстүрлі конференция осымен 25 жыл бойы өткізіліп келеді. Жыл сайынғы іс-шараның ұйымдастырушысы Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті болып табылады. Университет ректоры Марат Сырлыбаев қатысушыларға арналған құттықтау сөзінде:
–Ширек ғасыр бойы аталған конференция шетелдік және отандық ғалымдардың, докторанттардың, магистранттардың басын қосып келе жатқаны қуантады. Бұл біздің конференцияның маңыздылығы мен кең танылуын айғақтайды. Аталған іс-шараны өткізуге кезінде тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қадыржан Әбуев бастамашы болып еді. Ол тарих ғылымының дамуына елеулі үлес қосты. Біз өз өмірінде өшпес із қалдырған адамды әрқашан есте сақтаймыз. Оның ғылым мұрасы жойылмайды, – деп атап көрсетті.
Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Алтынай Әміренова халықаралық конференцияға қатысушыларды құттықтай келе, отандық ғылымды дамыту және жастардың ғылыми әлеуетін кеңейту үшін осындай іс-шараларды өткізудің маңызы зор екендігін жеткізді.
Конференцияда Назарбаев университетінің Жоғары білім беру мектебінің PhD, доценті Дуйшон Шаматов, Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің «Топырақтану және агрохимия» кафедрасының меңгерушісі Жанна Алманова, Башқұрт мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Роза Буканова, Мәскеу педагогикалық мемлекеттік университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Елена Приступа және басқалары баяндамалар жасады.
Конференцияның пленарлық бөлімінен кейін ғылымның түрлі бағыттары бойынша тақырыптық секциялық отырыстар өтті.
Конференцияға қатысу үшін оқу орнына еліміздің және шет елдердің жоғары оқу орындарынан 260-тан астам ғылыми мақала келіп түскен еді. Бұл мақалалар іріктеліп, таңдаулылары «Шоқан оқулары-25» материалдар жинағында жарияланатын болады.