Күнделікті бақылау азық-түлік бағасын тежеп отыр

Бүгінгі күні облыс бойынша тұтынушылар бағасының индексі 101,1 пайызды, оның ішінде азық-түлік тауарларына 101,8 пайызды құрайды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы ерекше бақылауда тұр. Бағаның өсіп отырғаны рас. Алайда, күнделікті бақылау мен осы бағыттағы жұмыстар болмаса, азық-түліктің бағасы бұдан да қымбаттауы мүмкін еді.

Жыл басынан бері пияздың бағасы 12,8 пайызға, картоп пен сәбіз – 9,2 пайызға, күнбағыс майы – 6,3 пайызға, қарақұмық жармасы – 5,7 пайызға, ұн – 4,7 пайызға, нан – 4,2 пайызға, ірі қара еті – 3,8 пайызға орамжапырақ 1,1 пайызға көтерілді. Ірі қара мал етінің бағасы артуының негізгі факторы мал азығы бағасының өсуіне байланысты ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінде де бағаның өсуінде болып отыр. Тауар өндірушілер күнбағыс майы мен қарақұмық жармасының бағасын әжептәуір өсірді. Электр қуаты тарифінің 8 пайызға өсуіне байланысты картоп, сәбіз, пияз бен орамжапырақты сақтау шығыны да артты. Картоп Нұр-Сұлтан қаласына тасымалданады.

Сондай-ақ, картопқа деген сұраныс Ресей тарапынан артты. Өйткені, Ресейде картоптың бағасы 25 пайызға өсті. Астықтың бағасы көтерілген соң нан да қымбаттады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуін тежеу мақсатында облыс орталығында жыл сайын 2 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін, аудандарда 200 жәрмеңке өткізу жоспарланған. Өткен жылы облыс бойынша тауар өндірушілердің қатысуымен 268 жәрмеңке өткізіліп, 795,5 миллион теңгенің өнімі жеңілдетілген бағамен сатылды. Облыс бойынша жыл басынан бері 22 жәрмеңке өткізілді. Бұл жұмыс 2021-2025 жылдары да жалғасады.

Өткен жылы ауыл шаруашылығы та-уарын өндірушілермен, көтерме тасымалдаушылармен және дүкендермен бағаны тұрақтандыру жөнінде 1104 меморандум жасалды. Облыс бойынша жыл басынан бері әлеуметтік маңызы зор азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру жөнінде 645 меморандум жасалды. Олардың ішінде «Гормолзавод», «Milk Project», «Молоко Синегорье», «Ақсай нан-Көкшетау» серіктестіктері, «Восточный» базары мен «Дәрбаев К.К» жеке кәсіпорыны бар. Облыстың қалалары мен аудандарында бағаны күн сайын мониторингілеу бо-йынша жедел штаб жұмыс істейді. Өткен жылы олар 242, жыл басынан бері 18 отырыс өткізді. Оның ішінде 4 облыстық отырыс бар. Сондай-ақ, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру бойынша Жол картасын орындау аясында баға мониторингі және «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің және бәсекелестікті қорғау және дамыту департаментінің қызметкерлерімен бірге сауда нысандарының иелерімен және сатушыларымен түсінік жұмысы күн сайын жүргізіледі.

Әкімдік тұрақты негізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын ұстап тұру жұмысын жүргізіп, тұрақтандыру қорына 2343 тонна күріш, қарақұмық жармасы, 1 сортты ұн, қант, сары және күнбағыс майы, картоп пен сәбіз тәрізді тауарлар сатып алынды. Үстіміздегі жылдың наурызында «Айналым сұлбасын» қаржыландыру үшін облыстық бюджетті нақтылау кезінде 223 миллион теңге бөлінді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 7 түрін сату үшін 2020 жылы 892,1 миллион теңге қаржы бөлінгенін есепке алсақ, бұл бағыттағы қаржыландырудың жалпы көлемі 1 115 миллион теңгені құрады.

Жаслан АЙДЫРАХМАНОВ,
Ақмола облыстық кәсіпкерлік және
өнеркәсіп басқармасы басшысының
орынбасары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар