Тарифтің көтерілуі тұрғындарға да әсер етпей қоймайды

Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министрі Қайрат Рахымов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте Қазақстанда 1 сәуірден бастап жылу электр станцияларының шекті тарифтері орташа есеппен 15 процентке көтеріледі деп айтқан болатын. Басында тарифті 36 процентке көтеру жоспарланған, министрлік энергия өндіретін компаниялармен жүргізген келіссөздерден кейін тариф қайта қаралса керек. Біз осы мәселеге орай облыс орталығындағы «Көкшетау Энерго» серіктестігіне хабарласып, мәселенің мән-жайын анықтадық.

Серіктестіктің баспасөз қызметкері Еркін Сейітовтың айтуынша, ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап электр станцияларының шекті тарифтері орташа есеппен 15 пайызға қымбаттайды. Осыдан кейін электр энергия-сын халыққа жеткізетін компаниялардың шекті тарифтері қайта қаралатын болады. Бұл біршама уақытты талап етеді дейді ол. Яғни, 1 сәуірден бастап күшіне енетін қымбатшылық қуат көзін тұтынатын қарапайым халыққа қатысты емес. Бірақ, тарифтің өсуін көпшілікке ортақ болмайды деп кесіп айтып, кепілдік беріп отырған да ешкім жоқ. Себебі, энергия өндіретін ұйымдардың тарифтері көтерілгеннен кейін басқа кәсіпорындардың да қызмет ақысы көтерілуі әбден мүмкін дейді сарапшылар.
Жалпы тарифтің көтерілуіне не себеп? Бұл туралы вице министр брифингте былай деп түсіндірген болатын.
– Бұған дейін энергия өндіретін 45 компанияның 37-сі шекті тарифті көтеруге өтініш берген болатын. Басында олар 36 пайызға көтеруді сұраған. Жарты жылдан астам уақыт бойы барлық өтініш зерделенді, есептеулер де жасалды. Осыны ескеріп, Қазақстан бойынша энергия өндіруші ұйымдардың шектік тарифтерін 15 пайызға өсіру туралы бұйрық шықты.
Сонымен қатар, Қайрат Рахымовтың айтуынша, бүгінде электр энергиясын өндіруші компаниялардың шығындары арта түскен. Сондай-ақ, инженерлік желілер тозған, салық көлемі де көбейген. Жұмысшылардың жалақысын көтеру керек. Ал, энергия өндіретін компаниялардың шекті тарифтері көтерілгеннен кейін сол энергияны халыққа жеткізетін кәсіпорындардың шекті тарифтері қайта қаралады. Бұл мәселе Ұлттық экономика министрлігінің құзыретіне кіреді. Онымен табиғи монополияларды реттеу комитеті айналысады. – Тұтынушыларға қатысты тарифтерді реттеу мәселесі басқа уәкілетті органның құзыретіне кіреді. Сондықтан, ол туралы ештеңе айта алмаймын. Бірақ, энергия өндіретін ұйымдардың тарифтері көтерілгеннен кейін басқа кәсіпорындардың қызмет ақысы көтерілуі мүмкін. Бірақ, су болсын, жылу болсын, энергия болсын, әрбір жеткізуші компанияның тарифтері жеке-дара қаралады, – деп атап көрсеткен болатын Қ.Рахымов.
Жасырары жоқ, коронавирус дерті ел халқына біраз қиындықтар тудырғаны рас. Аурудың халыққа зиянын айтпағанда, қарапайым тұрмыс-тіршілік те қиынға соғып кетті. Қымбатшылық қысып барады. Азық-түлік бағасы бұғаусыз. Оның үстіне, коммуналдық қызметтер тарифінде де баға тұрақсыз. Ендігі орайда, 1 сәуірден көтерілген шекті тарифтің бағасы қарапайым тұрғындарға да өз әсерін тигізетіні айдан анық. Оны табиғи монополияларды реттеу комитеті де растап отыр. Осыған орай, шамамен маусым айында коммуналдық тарифтердің ішінде электр қуатының да бағасы өседі деп жоспарланып отыр. Қазіргі таңда электр қуатын тасымалдаушы делдал компаниялардың ұсынысы қаралып жатыр.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

By admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Өзге де жаңалықтар