Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан және Тәжікстан президенттерімен телефон арқылы сөйлесті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровпен және Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Мемлекет басшылары қырғыз-тәжік шекарасында болған қарулы қақтығыстан кейінгі қалыптасқан жағдайды талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровқа және қырғыз халқына бауырлас ел азаматтарының қаза болуына байланысты көңіл айтты.

Қазақстан Президенті мұндай шекаралық мәселелерді өзара түсіністік пен тату көршілік аясында тек қана бейбіт жолмен шешу қажет екенін атап өтті. Ол Душанбеде өтетін жоғары деңгейдегі келіссөздерге табыс тіледі. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Садыр Жапаровпен тілдесу барысында қажет болған жағдайда Қазақстанның Қырғызстанға гуманитарлық көмек көрсетуге әзір екенін айтты.

Садыр Жапаров бауырлас Қазақстанның достық ниет танытқанына ризашылық білдіріп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен өзара ынтымақтастықтың барлық мәселелерін жедел шешу үшін тұрақты байланыста болатынын жеткізді. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен телефон арқылы сөйлесті.

Қазақстан Президенті Қырғызстан шекарасында қалыптасқан шиеленісті ахуалға байланысты алаңдаушылық білдіріп, бұл жағдай көрші мемлекеттер мен олардың азаматтарына қауіп төндіретінін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев шекара сызығын белгілеу сияқты күрделі мәселелер өзара сенім мен достыққа негізделе отырып, конструктивті келіссөздер барысында шешілуі керек екенін атап өтті.

Мемлекет басшысының айтуынша, мұндай жағдайда өзара ұстамдылық танытып, күш қолдануға жол бермеу аса маңызды. Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы уақытта осындай қақтығыстарды болдырмау жөнінде тиімді келісімге қол жеткізу үшін Душанбеде жоғары деңгейде кездесу өткізу туралы уағдаластықты қолдады.

Эмомали Рахмон Қасым-Жомарт Тоқаевқа шекарадағы қақтығыстың тарихы мен қазіргі қалыптасқан жағдай туралы толық ақпарат берді. Мемлекеттер басшылары Орталық Азия өңіріндегі ахуалға қатысты пікір алмасу мақсатымен тұрақты байланыста болуға уағдаласты. Екі елдің құзырлы ведомстволары жоғары деңгейдегі кездесуге дайындық жұмыстарын жүргізеді.

Дереккөз:  inform.kz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар