Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Перзент парызы - АРҚА АЖАРЫ

Перзент парызы

Ертелетіп Степногорск қаласынан шығып, Еңбекшілдер ауданының Кеңащы ауылына бет алдық. Жолсерігіміз Олжас атасына ас беріп жатқан ауылға бізді дәл мерзімінде жеткізбек. Қасымда Cтепногорск қаласындағы Паң Нұрмағанбет атындағы мешіт имамының көмекшісі Берік Иранұлы бар.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлауды ұсыныс еткенде: «Қазақ тарихында адам ұялатындай ештеңе жоқ» деп атап көрсеткен болатын. Сол айтқандай өткен тарихқа көз жіберіп, аталар рухын шат ету бүгінгі буынның парызы.
Ақмола өңірінде, Көкше аймағында Балуан Шолақ, Шыңғыс төре, Біржан сал сынды өр тұлғаларымыз өткен. Сол кісілермен үзеңгілес болған Мақсұт Қасымұлы да заманында ел таныған қоғам қайраткері еді. Бүгін біз сөз еткелі отырған Сағади Басшыбайұлы сол Мақаңның немере бауыры болып келеді. Сүлеймен деген ағасынан тараған Мақсұт тарихта қалған ұлы тұлға, қоғам қайраткері, ғажайып бағбан болған кісі.
Біздің Степногорск қаласында Сағади Басшыбайұлының немере ұл-қыздары тұрады. Көп жылдар бойы атаның зираты қайда жатқанын білмей жүргендері рас еді. Алланың жазуымен оны биыл тауып, басына тас қойып келді. Орта жүздің Қарауыл руының Байқошқар тармағынан тарайтын атамыз ХІХ ғасырдың басында Щучье ауданы Тұңғиықты деген мекенде туған. Өмірлік зайыбы Атбасар өңірінің Қосбармақ деген ауылының тумасы екен. Руы Қозған. Сонау қиын заманда Сағади атамыз екі ұлы Қаббас пен Қабдолланы (Мұхамедия) ертіп қайын жұртына көшіп барады. Өзі ХХ ғасырдың басында дүние салады.
Қаббас пен Мұхамедия 1930 жылдары Сталин кенішінің шахтасына, яғни, өзіміздің Ақсу кентіне көшіп келеді. Бұл жерде аты әйгілі ағасы Мақсұт Қасымов басшылық жұмыс істеп жүрген болатын, соны паналаған жайы бар. Кейін Степняк шахтасына жұмысқа ауысқан.
Біздің ендігі сөзіміз Мұхамедия Сағадиұлы жайлы болмақ. 24 қазан күні осы Мұхамедия Сағадиұлы атаға ұрпақтары ас берді. Атамыз 1941 жылы Ұлы Отан соғысына алынады. №63 Омбы атты әскері құрамында жаумен шайқасады. Оңтүстік батыс майданына қатысты. 1947 жылы ғана туған жерге оралады. Степняк өңірінде еңбегін жалғастырып, ағаштан үй салумен айналысады. 1950 жылдары өмірлік жолдасы Бағила Бөжкенқызына үйленеді. Бағила анамыз екеуі екі ұл, бес қыз тәрбиелеп өсірді. Сол перзенттерінің бүгін ата-анасына ас беріп жатқан жайы бар.
Енді ұл-қыздары жайлы бір ауыз сөз. Ұрпақтары Кеңащы ауылы мен Степногорск қаласында тұрады. Шаңырақтың кенжесі Тоқтар Сағадиев кәсіпкер. Осы Тоқтар құрдасымыз ағасы Мұхтар екеуі атасы Сағадидың басына тас қойып келгенін айтқан. Енді өз әкелері Мұхамедия мен анасы Бағила шешеге арнап ас бергелі жатыр.
Олжас Тоқтарұлының көлігі Степняк қаласының арқа тұсын алып жүріп келеді. 25 шақырым жерде Кеңащы ауылы бар. Ескі тас жолмен ауылға да келіп жеттік. Айтбай ағаның үйінің жанына келгенімізде жұрт жиналып қалған екен.  
Жоғарыда Мұхамедия атамыз ағаш ұстасы болғанын айтқан едік. Яблоновка және Кіндікқарағай елді мекендерінде тұратын адамдарға  баспана салған. Сол ағаш үйлері әлі күнге дейін сол қалпында сақталып тұр.
Мұқаң 1960 жылдары кенеттен ауырып, екі жылдан кейін Кеңащы
ауылына көшіп келеді. Арада тағы екі жыл өткен соң өмірден озса керек.
– Әкем марқұм дүниеден өткенде 7 баланың үлкені 13 жаста, ал, кенжесі мен бірден жаңа асқан екенмін,–дейді Тоқтар, – содан анамыз Бағила 37 жасында жесір қалып, балаларын асырау үшін шахтада, ауыл шаруашылығының түрлі саласында еңбек еткен. Әпкелерім Мәрияш пен Қалимаш  та еңбекке ерте араласқан.
Өмірдің ащы-тұщысын бірдей татқан Бағила анамыз 1999 жылы қайтыс болады. Ұл-қыздарын ешкімнен кем қылмау үшін олардың жоғын тауып беріп отырды. Оқытты, өсірді, бір-бір кәсіптің иесі атандырды. Қыздарын ұзатып, ұлдарына отау құрып, ел қатарына қосты.
Кеңащыдағы орталық дәмханада ас басталды. Бас қосуды Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қызметкер, режиссер Мұратбек Оспанов ашып, алдағы бағдарламамен таныстырды. Сағади ата мен Мұхамедия атаға арнап арнайы түсірілген бейнефильм тамашаланды. Көрсетілімнің авторы осы әулеттің құдасы Астанадан келген Ардақ Иса болатын. Байқошқар аталығының тарихынан бастау алатын дерек бүгінгі күнге дейін қамтылған.
Шежірені білген абзал. Келер ұрпақ оларды есіне сақтап жүреді. Мұхтар ағамыз бен Тоқтар бауырымыз және олардың әпке-қарындастары осы игіліктің бастамашылары болды. Сағади атаның басына тас қою сәті де осында көрсетілді. Аталар рухына құран оқылып, оны Степногорскіден келген имам Берік Иранұлы мен осы ауылдың молдасы Тоқсанбай Құдайбергенов оқыды.
–Осы Кеңащыда балалық шағымыз өткен,–дейді Мұхтар Мұхамедияұлы, – бәрі де көзіме оттай басылады. Қара шаңырақты қалдырып кету бізге оңай болмады. Сосын үйді ешкімге сатпастан, жиен қарындасымызға беріп кеттік. Әке-шешеміздің зираты осы ауылдың қорымында. Астан соң басына барып және дұға оқыдық.
Кеңащыдан қалаға кері қайттық. Жол бойы кең далаға көз тастағанымда, шексіз алап жанарыма сыймай жатты. Тәуелсіздіктің таңы атып, дініміз бен елдігімізге қайта оралған осы тұста санамыз да жаңғырып, түйсігімізге әлдеқандай игіліктер ұялағандай болады. Қаншама батырлар мен билер, өнер қайраткерлері өтті осы өңірден. Солардың тұяғы болған кейінгі ұрпақ ата дәстүрді жалғастыруда. Білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғаған кең дала ұрпаққа аманат.
Тағы да Сағади ата зиратының табылуы жайлы сөз қозғадық. Биылғы жылдың тамыз айының орта тұсында Тоқтар бауырымыз Атбасар ауданының Қосбармақ ауылының зиратынан ата қорымын іздеген. Аудан мешітінің имамына жолығып, атаның зиратының басына тас орнатқан, дұға оқытқан. Бағила шешеміз ата қорымын табуды аманат етіп кеткен екен. Мұхтар аға мен Тоқтар бауырымыз осы аманатты орындады. Нағашылары жеті ауылдың басын қосып, болыс болған деседі. Беркінбай бидің Гүлзада атты шөбересін тауып, солар арқылы ауылға барған. 7 қазан күні ата ұрпақтары сонда барып, атаның басына тас орнатқан. Перзент парызы осы тұста өтелді деуімізге толық болады.

Полатбек ЖАНБАЕВ,
журналист.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар