Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев: «Майдангерлер алдында бәріміз де қарыздармыз»

1941-1945 жылдарғы Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 76 жыл өткенімен, оның қайғы-қасіреті еш уақытта ұмытылмайды. Біздің міндет – жастарымызды аға ұрпақтың жауынгерлік және еңбек дәстүрінде тәрбиелей отырып, олардың санасында қазақстандық отаншылдық сезімін қалыптастыру. Осы бағытта атқарылып жатқан игілікті істер жайлы Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев ой бөліседі.

–Ардагерлер қауымының тағатсыздана күтетін ұлық мерекелерінің бірі – Жеңіс күні. Халқымыздың қайсарлығы мен табандылығының символына айналған бұл атаулы дата биыл қалайша атап өтілмек?
–Қалыптасқан дәстүр бойынша Абылай хан алаңынан театрландырылған қойылыммен басталатын шеру «Даңқ» мемориалдық ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен жалғасып, әскери кухнядан дәм татумен аяқталатын мекерелік іс-шара биыл да өтпегенімен, де майдангерлер, олармен теңестірілген тың еңбеккерлері, басқа да санаттағы адамдар әлеуметтік көмекті толық көлемде алатын болады. Атап айтқанда, Ұлы Отан соғысына қатысушыларға 1 миллион теңгеден қаржылай көмек көрсетіледі. Қарияларымыз «Ардагерім – ардағым» акциясына, ғылыми-практикалық конференцияға онлайн режимінде қатысуда.
Көкшетау техникалық институтының үрлемелі оркестрі 8-9 мамыр күндері майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің құрметіне олардың тұратын үйлерінің жанында соғыс тақырыбындағы музыкалық шығармаларды орындаса, «Достар» мәдениет сарайының өнерпаздары да ән шырқамақшы. Коронавирустық пандемияның беті қайтқан соң қала әкімінің жүлдесі үшін шахмат пен дойбыдан турнир өткізу де жоспарланған. Сондай-ақ, банктер, кәсіпкерлер, еріктілер де өз тараптарынан сый-сияпат жасауда.
–Ұлы Отан соғысына қатысушыларға, ауғандық жауынгерлерге, тыл еңбеккерлеріне, жалпы ардагерлер қауымына әлеуметтік көмектің жүйелі түрде көрсетілетіндігін жақсы білеміз. Дегенмен де көпшілікті толғандырып отырған түйткіл мәселелер де бар сияқты…
–Уақыт талабына сәйкес кейбір заңдылық актілерге өзгерістер енгізілуіне орай ардагерлеріміз кейбір жеңілдіктен қағыс қалды. Мәселен, 2020 жылға дейін қарияларымыз «Еңбек ардагері» куәлігімен Бурабайдағы санаторийлерде тегін дем алып келген-ді. Ал, «Ардагерлер туралы» жаңа заңның қабылдануына байланысты биыл мұндай мүмкіндіктен айырылып отырған жайымыз бар. Билік басындағылардың айтуына қарағанда, түйткілді бұл мәселені тек Парламентте Заңға өзгеріс енгізу арқылы шешуге болады екен. Алайда, өмірінің әр сағатын алтынға бағалап отырған қарияның немесе дәрінің көмегімен ғана тіршілігін жалғастырып отырған ауғандық жауынгердің ұзақ күтетіндей жағдайы жоқ.
Ұлы Отан соғысының боздақтары олармен теңестірілгендер, тыл еңбеккерлері, Ауғанстандағы соғысқа, тәжік шекарасындағы ұрысқа, Чернобыль атом-электр станциясындағы апатты жоюға қатысушылар бұрындары соғыс және еңбек ардагерлеріне арналған емханада медициналық бақылаудан өтіп, осында жатып ем алатын. Өкінішке орай, емдеу мекемесі меншік түрін өзгерткен соң, дербес емхана мәртебесінен айырылып қалды. Көпшілікті қатты толғандырып отырған осы ұсыныстарымызды Көкшетау қаласының жаңадан тағайындалған әкімі Бауыржан Ғайсаның назарына ұсындық. Шаһар басшысы біздің тілегімізді қабыл алып, келісім комиссиясын құруға шешім қабылдапты. Нәтижесін асыға күтудеміз.
– Өкінішке орай, кешегі қанды майданда қаһармандықтың үлгісін көрсеткен боздақтарымыздың қатары жылдан-жылға сейіліп барады. Олардың ғибратты ғұмырын ұрпақ санасында, ел тарихында мәңгілікке қалдыру үшін қандай шараларды жүзеге асырмақшысыздар?
–Алдымен, соғыста өжеттіктің, бейбіт өмірде қажырлылықтың жарқын үлгісін көрсете білген, бұл күнде саусақпен санарлықтай ғана қалған көкшетаулық қайсар майдангерлер Асылбек Дәулетов, Валентина Мазурова, Казимир Беймарт, Саттар Жақанов, Василий Горбанос пен Есқожа Итжановты Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтап, отбасыларына амандық тілеймін. Ал, ұрпақ бақыты жолында бастарын өлімге тіккен боздақтарымыздың қасиетті есімдерін ел тарихында қалдыру идеясы маған да ұнап отыр. Әрине, олардың бәрін бірдей қамти алмасақ та, жекелеген тұлғалардың өмірі арқылы соғыс шежіресін көз алдымызға елестетіндей деректі фильм түсіру қажет болар. Бұл жобаны құдай қаласа, тікелей өз жауапкершілігіме алуға уәде беремін.
Соғыс жылдары өмірге келген майдангердің ұрпағы болғандықтан, қайғы-қасіретті, тұрмыстағы ахуалды үлкендердің айтқан әңгімесінен естіп өстім. Сондағы көңілге қатты түйгенім – қазақ әйелдерінің ақылдылығы, шыдамдылығы, отбасы құндылықтарын қастерлей білуі. Ерлерінен қара қағаз келіп, қара жамылып отырса да, шаңырағын шайқалтпай, сәбилерін аналық жүрек жылуымен жылытып, майдангерлердің жесірі болып қалды.
–Соғыс тақырыбы өте ыждаһатты зерттеуді қажет ететін тарих шежіресінің асыл мұрасы. Сол себепті қазақстандықтардың майдандағы ерлігі мен тылдағы жасампаз еңбегі лайықты бағасын алды деп ойлайсыз ба?
–Ұлы Отан соғысына Ақмола облысында жасақталған үш атқыштар және бір атты әскер дивизиялары қатысты. Көкшетау және Ақмола қалаларында марш роталары дайындықтан өтті. Жерлестеріміз Мәскеу мен Ленинградты жаудан қорғады. Курск доғасындағы, Украина мен Белоруссия жерінде шешуші шайқастарға қатысты. Европа елдерін азат етті. 1941-1942 жылдары Ресей жерінен ондаған заводтар көшіріліп, тез арада майдан үшін қару-жарақ шығарды. Бұл кәсіпорындармен бірге 70 мыңдай адам келді. Ірі қалалар мен Бурабай курортты аймағында госпитальдар жұмыс істеді. Осы орайда, тылдағы қажырлы еңбекке де жете көңіл бөлінсе екен дейміз. Қарияларымыздың, әйелдердің, жасөспірімдердің еңбегі атаусыз, тасада қалып бара жатқандай.
Көкшетау қаласындағы «Даңқ» мемориалдық кешеннің жасалғанына елу жылдың жүзі болды. Ал, оның алдындағы Батырлар аллеясындағы батыр-қалаларға орнатылған тумбалар, бәрі-бәрі кеңестік идеологияны ғана насихаттайтындай әсер қалдырады. Ендігі арада жас ұрпақты барынша қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуге бет бұратын уақыт жеткен сияқты. Композициялық сюжеттерден көкшетаулықтар мен ақмолалықтар жайлы деректердің көбірек көрініс табуын қалаймыз. Мәселен, ақмолалық жерлестеріміз – Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, Сағадат Нұрмағамбетов, Рейхстагқа ту тіккен ержүрек перзентіміз Рақымжан Қошқарбаев, «Жас қазақ» әнінің авторы Рамазан Елебековпен бірге 86 ақмолалық, оның ішінде 23 көкшетаулық Кеңес Одағы Батырларының қасиетті есімдерін таста қашап, ұрпақ санасында мәңгілік қалдырайық. Жалпы, соғыс тақырыбын әскери-патриоттық тәрбиенің өзегіне айналдыру үшін оқу орындарында «Ерлік сабақтарын» өткізіп, әскери-жауынгерлік клубтардың жұмысын жандандыру қажет. Жоғарыда айтылған бұл мәселелер қазақстандық қоғамның басты міндеті, аға ұрпақтың алдындағы перзенттік борышымыздың өтеуідер едім.
Сұхбатты жүргізген
Балталы СӘРСЕНБАЕВ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар