Ақмола облыстық тарихи-өлкетану мұражайында дарынды жас суретші, балалар көркемсурет мектебінің оқытушысы Ирина Янкенің «Гүлдер монологы» атты жеке көрмесі ұйымдастырылды.
Алдымен, өнерсүйер қауым қолынан бал тамған жас суретшінің гүл бейнеленген суреттерімен танысты. Оның «Түнде», «Жаз», «Ақ түс», «Жібек», «Мерекелік», «Ашық жүрек» сынды туындылары көпшіліктің көңілінен шықты деп нық сеніммен айта аламыз.
Ирина Казимировна – дарынды жас суретші, әр деңгейде өтетін көрмелердің тұрақты қатысушысы. Шығармасында майлы бояулар мен гуашь пайдаланады. Оның кескінді бейнелерінде нәзік түстер үйлесім табуда. Суреттердің тақырыбы – сезімге толы тамаша әдемі гүлдер, сол себепті оның картиналарын «гүлдердің портреттері» деп атауға болады.
– Ирина, кішкентайынан сурет салуға бейім еді. Алғаш анасы маған жетектеп әкелген сәтте оның ерекше дарыны бар екенін байқадым. Ол өзіндік стилі айқындалған шәкірттерімнің бірі.Сурет салудан ешқашан жалыққан емес. Керісінше, жыл сайын көрмелер өткізіп, шеберлігін шыңдап жүреді. Онымен қоса, «Психологиялық және педагогикалық ғылымдар магистрі» академиялық дәрежесін алып, бәріміздің мерейімізді үстем етті,–дейді өнерге алғаш қанат қақтырған ұстазы Алла Сутулова.
Көздің жауын ғана емес жүректі де жаулап алған Ирина Казимировнаның суреттері көрермендер көзайымына айналды. Кеш соңында қонақтар тілек кітапшасына жүрек жарды лебіздерін қалдырды.
Қылқаламымен суреттерге жан бітіре білген суретшіге «қолы білген құм үстінен кеме жүргізер» демекші, өнеріне әдісін жолдас етіп, қиялының биік шыңынан шыға бергей демекпіз.