Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Аты аңызға айналған ардағымыз - АРҚА АЖАРЫ

Аты аңызға айналған ардағымыз

Облыс орталығы Көкшетау қаласында 93 жасқа қараған шағында өмірден озған екі мәрте Кеңес Одағының Батыры,  авиация генерал-майоры Талғат Бигелдиновты еске алуға арналған қаралы митинг  болып өтті. Митингіде облыс әкімі Сергей Кулагин сөз сөйлеп,  даңқты жерлесіміздің жарқын бейнесі мен өшпес ерлігі мәңгі-бақи халқымыздың жүрегінде сақталатындығын атап өтті.

Алматыда марқұмды соңғы сапарға шығарып салар сәтте ұйымдастырылған  бұл митингі Даңқ аллеясындағы Батырдың көзі тірісінде орнатылған ескерткіш бюстінің жанында өтті. Қаралы жиынға  жиналған соғыс және еңбек ардагерлері, зиялы қауым, атқарушы және өкілетті билік өкілдері, облыстық қорғаныс істері департаментінің қызметкерлері, Көкшетау техникалық институтының оқытушылары мен курсанттары, 5510 әскери бөлімінің офицерлері мен сарбаздары, сондай-ақ, көкшетаулықтар мен қала қонақтары алдымен, ескерткішке  аза гүл шоқтарын қойды.  Бұдан кейін сөз алған облыс әкімі Сергей Кулагин аты аңызға айналған жерлесіміздің қазасына байланысты жиналғандарға көңіл айтып, бұл қаралы хабардың ақмолалықтар мен көкшетаулықтардың қабырғасын қатты қайыстырғанын атап өтті.  
− Мен Талғат Жақыпбекұлымен 25 жылдан бері таныспын.  Ол өте қарапайым жан болатын. Өзінің асқан танымалдылығын жеке басының мүддесіне пайдаланып көрген емес. Мен Кеңес Одағының екі мәрте Батырымын деп ешқашан кеуде соқпайтын. Соғыста аспаннан жаудың үрейін ұшырса, бейбіт өмірде де еліне ерен еңбегін сіңіріп, жастарға әскери патриоттық тәрбие беруде үнемі алдыңғы қатардан көрінетін. 
Осы арада қарапайымдылығынан бір мысал келтіргенді жөн көріп тұрмын. Біз осы ескерткіш мүсінді қоймақшы болып өзімен ақылдасқанымызда, бір түрлі ыңғайсызданып, ұмытпай, елегенімізге қатты риза болды. Осы күндері сондай мейірімді, ақжарқын, даңқты тұлғадан айырылып отырғанымыз өте өкінішті,–деді өз сөзінде облыс әкімі.  
Өңір басшысы Талғат Бигелдиновтың  Ұлы Отан соғысындағы Жеңісті жақындатуға қосқан өлшеусіз үлесінің бейбіт заманда өмір сүріп жатқан бүгінгі ұрпақтар жадында мәңгіге сақталатынын тағы бір айта келе, марқұмды соңғы сапарға шығарып салу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов бастаған ақмолалық  делегацияның да  қатысатындығынан хабардар етті.
Бұдан кейін даңқты жерлесіміз жайлы естеліктерімен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Чапай Әбутәліпов бөлісті. Қаралы жиында сөз алған Ұлы Отан соғысының ардагері Иван Емелин болса, көзсіз ердің Ұлы Отан соғысындағы майдан жолынан егжей-тегжейлі мағлұмат беріп, ардагерлер атынан облыстық мәслихатқа қала көшелердің біріне Талғат Бигелдиновтың есімін беру жөнінде ұсыныс жасады. Митинг соңында жиналғандар Батырдың жарқын бейнесін бір минуттік үнсіздікпен еске алды.  Қаралы жиын аяқталса да, көпшілік  баршамыз үшін қымбат жанды сұм ажалға қимағандай, ескерткіш жанынан бірден кете қоймады. Халқымыздың біртуар перзентіне бүкіл ақмолалықтардың құрметі мен тағзымы іспеттес, гүл шоқтары еңселі ескерткішке әлі де қойылып жатты. Иә, Талғат Бигелдинов-
тай ердің ерінің ел жүрегінде мәңгі сақтала беретіндігіне ешбір күмән болмаса керек. 

Алты Алаштың ақ адал сөзі

Алматыдан тағы да суық хабар жетіп, өкінішпен іштен тынып қалдық.

Бетке ұстар  мақтанышымыз Талғат ағамыздың да о дүниелік болғаны
туралы желдей ескен жайсыз сөз кең-байтақ қазақ даласын шарлап, естіген жанның көңіліне ауыр мұң ұялатуда.
Талғат Бигелдинов! Бұл есіммен мақтанбайтын, бұл есіммен төбесі көкке жетпейтін қазақ жоқ еді. Заңғар көктен жау ордасына қырандай атой салып, небары 23 жасында қос Алтын Жұлдызды кеудесіне таққан осы жандай  ержүрек адам тағы қай ұлтта бар екен деп өзгеше бір сезімге  бөленуші едік. Әрі мұндай батырдың  киелі Ақмола топырағында  дүниеге келгеніне және бір марқая түсетін-ді  алып-ұшқан көңіліміз.
Туған елін қорғап, туған жерін қоруда жауынан беті қайтып көрмеген  қайсар бабаларымыздың ежелгі ерлік салты Талғат ағамызды да  халқы ерекше сүйіп, құрмет тұтқан қос мәрте Батыр етіп жаратты. Сол батырлығыңызбен, ақыл-парасатыңыз, еліңізге деген дара махаббатыңызбен дүниеден өткен Талғат аға, Сіздің де аяулы, асқақ есіміңіз халқыңыздың жадында мәңгі жасай беретіндігі даусыз.  Бүгін де, келешекте де өзіңіз туралы біз тек осыны айтамыз, осылай тебіреніп, осындай қимас сезімде боламыз. Бұл – өзіңізге деген сүйіспеншілігі шексіз  алты Алаштың  ақ адал сөзі!
«Арқа ажары» газетінің ұжымы.

Жұлдызды батыр

(Талғат Бигелдиновтың қазасына)

Қарт батыр бақиға аттанды,
Өмір мен өлім хақтан-ды.
Қос жұлдызды төсіне,
Аспаннан алып таққан-ды.
Майданда мініп пырақты,
Көкке ұшып, жауын құлатты.
Сол көкте қанша жұлдызды,
Алмай-ақ кеткен сияқты.
Сүрені салған жеке оның,
 Талқандап жаудың мекенін.
Аспанда мойындатқан ғой,
Өзі де жұлдыз екенін.
Тумысы бөлек  ер  текті,
Жұлдызға бәлкім серт етті.
Жұлдызды жаны сөнбестен,
Жұлдыздар жаққа жол шекті.

Құдайберлі Мырзабек.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар