Қыз баланың тәрбиесіне енжар қарамайық

Достық үйінде Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің негізінде құрылған «Қыз Жібек» клубының ұйымдастыруымен «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» тақырыбында сыр-сұхбат кеші болып өтті.

Кешті Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының жанынан құрылған Аналар кеңесінің төрайымы Зере Қиықова ашып, қоғамдық ортада азаматтық ұстанымдары бар, ұлттық салт-дәстүр мен мәдениетті дәріптейтін шынайы қазақ аруын қалыптастыру  бүгінгі күннің басты мәселелерінің бірі екенін атап өтті. Жалпы, қыздың тәрбиелі болуы анасының  көрсетер үлгісіне тікелей байланысты. Сол себепті, болашақ аналарды жақсылыққа баулуымыз қажет деген ой айтты.
Ал, Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігінің дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының басшысы Айнұр Әбдірәсілқызы өз сөзінде  қазақы дәстүрдің құндылықтарды қалыптастырушы екеніне тоқталды. Егер дәстүріміз жоғалса, ұлтымыздың да  жоғалатынын еске салды. Сондай-ақ, күйзеліске ұшырап, өзіне-өзі қол салушылардың саны күн санап өсіп келеді. Бұл ретте, «Қыз Жібек» клубының атқарар міндеті зор. Қыздар алдыңғы буынмен сабақтасып, дәстүрлі, рухани құндылықтарды бойына сіңіру керек. Тек сол кезде әр қыздың өмірі мағыналы, мазмұнды болатыны хақ.  Осы орайда, бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербейтін болашақ аналарды текті қылып тәрбиелей алатын боламыз.
 Жиында сөз сөйлеген Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің тәрбие ісі жөніндегі проректоры Аманбай Сейітқасымов  қыздың тәрбиесі ұлттық болмысымызды көрсететінін айтты. Бұл ретте, қыздарға арналған шаралар ұйымдастыру игі бастаманың жалғасы болар еді. Университет қабырғасында 4500-ге жуық  студент қыздар оқиды. Олардың бойына имандылық пен ізеттілікті сіңіру бойынша жүргізіліп жатқан шараларды әңгімелеп берді.
«Қыз Жібек» клубының төрайымы Гүлназ Бөкен жаһандану заманында қазақ қызының бейнесі өзгеру үстінде деген көзқарас белең алғандығын жеткізді. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» демекші, бір тәрбиесіз қызды көріп, жалпы ұлт жайлы көзқарас айтуға болмайды. Ол мінезі мен тәрбиесі келісті қызды тәрбиелеуді  сәби кезінен бастау қажеттігін сөз қылды. Осы орайда,  қатысушыларға «Қазақ қызының болмысы» тақырыбында сауалнамалық бейнебаян ұсынылды.
Ал, Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының халық әртісі,  Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының еңбек сіңірген әртісі Жібек Бағысова әйел адамының өнер жолындағы көретін қиындығы мен қуанышы жайлы әңгімеледі. Сондай-ақ, әртіс болуды армандаған қыздар қиындыққа төзімді болу керектігін баса айтты.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар