Бақыт деген осы шығар

Күннің қызуынан қаншалықты нәр алсақ та, ата-ананың ыстық құшағынан асқан жылу жоқ шығар, сірә. Бір үйдің, бір үйдің ғана емес, күллі әулеттің ұйытқысы болып, сыйластық сыры үзілмеген қос аққудай бұл жарасымды жұп айналасына шуақ нұрын төгіп тұрғандай.

Отбасындағы ата мен әженің орны ерекше әрі қадірлі. Әже – отбасының ғана емес, әулеттің де ұйытқысы, ағайын-туғанның, абысын-ажынның бірлігін, татулығын сақтайтын сыйлы анасы, кейінгі жастардың, келіндердің тәрбиешісі әрі ақылгөйі. Атаның да айтары мол, берері көп. Қазыналы қарияларымыздың арамызда жүргеніне тәубе дейміз. Аталы сөз бен баталы сөздің иесі, көненің көзі ретінде әрқашан жас ұрпаққа өнеге айтар осындай ақылгөй дария, дана қажет. Жасы үлкенді сыйлау, қарттың бүгiлген белiне сүйеу болу – бiздiң қазақ халқының ата дәстүрi емес пе? 
Қаратай Шалғынбайұлы бұрынғы Көкшетау облысының Көкшетау ауданына қарасты Қарағай ауылында 1928 жылы көп балалы отбасында дүниеге келген. Жастайынан колхозда еңбек етіп, тіршіліктің ауыр тауқыметін көріп өседі. Қаршадайынан өгізбен жер жыртып, кейін тракторға отырған. Соғыс басталған жылы Краснояр селосындағы училищеге оқуға түседі. 1950 жылы әскер қатарына шақыртылып, Кушка қаласында Отан алдындағы борышын өтеген соң, туған елге оралады. Бір айта кетерлігі, арнайы дәрігерлік мамандығы болмаса да, әскерде санитарлық нұсқаушы міндетін атқарған. Тіптен, бір солдатты өлім аузынан алып қалғанын да айта кету керек. Әскерден келген соң «Бұлақ» кеңшарының орталығында қайта даярлау курсынан өтіп, бригадир болады. Сырттай Петропавл қаласындағы индустриалды-педагогикалық техникумды аяқтайды. Қарияның өзін сөзге тартқанымызда, ол өткеніне еш өкінбей, бүгінгісіне тәубе етуде. Жастық шағын жымия күліп, еске алған Қаратай ата біраз жайдан сыр шертті.
– Жас кезімізде, әсіресе, бала күнімізде көп қиыншылық көріп өстік. Қызу еңбектің қайнаған шағында колхозда өгізбен жер жыртқан күндерім әлі есімде. Сонда небәрі 6-7 жастағы баламыз.  Міне, енді сол бейнетімнің зейнетін көріп отырмын, – дейді ол.
Краснояр селолық училищесінде жастарға механизатор мамандығының қыр-сырын үйретіп, шебер, аға шебер болуы жемісті еңбегінің бір дәлеліндей. 40 жылға таяу табан аудармай осында қызмет етіп, тәуелсіздіктің елең-алаң шағында зейнеткерлікке шыққан. Еңбегі ешқашан елеусіз қалған емес. Ұлы Отан соғысындағы Ұлы  Жеңістің 40, 60, 65 жылдығына арналған және «Тыңға 50 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған.
Қаратай Шалғынбайұлы 1954 жылы Жамал Әйтінқызымен шаңырақ көтереді. Ол кісі бұрынғы  Көкшетау ауданына қарасты Бұлақ ауылының тумасы. Екеуі біреуден кейін, біреуден ілгері ғұмыр  кешіп, өмірге 4 қыз, бір ұлды әкеліп, тәрбиелеп өсірді. Біраз жыл бала тәрбиесімен отырып қалған ана кейін 25 жыл бойы аспазшы болып еңбек етті. Сол жұмысынан құрметті еңбек демалысына шықты.
Бүгінгі күні балаларының барлығы жоғары білімді азаматтар. Үлкен қызы Гүлмәйкен Қарағанды қаласында дәрігер болып қызмет істесе, Жастілек жеке кәсіпкер. Ал, Күлжиян есімді екінші қызы өз жеке шаруасын дөңгелетіп отыр. Қыздың үшіншісі Зәуреш кезінде Көкшетау қалалық мәдениет бөлімінің басшысы болған талантты жас еді, өмірден ерте озды. Кенжесі Баян қаржы саласының маманы. Қаратай атаның тағы бір Күлбарам есімді қызы бар. Ол да бір шаңырақтың түтінін түтетіп, үбірлі-шүбірлі болып отырған зейнеткер ана. Олардан тараған ұрпақ та шетінен білім қуған. Немере-жиендерінің алды үй болып, шаңырақ көтерсе, бірі өз елімізде, енді бірі шет елде білім алуда. «Түбіріне қарай бұтағы, тегіне қарай ұрпағы» демекші, мұның барлығын ата-ананың, яғни, Қаратай ата мен Жамал әжейдің берген саналы тәрбиесі деп білген жөн.
Алланың бұйырған ғұмырын өз ақыл-парасатымен мәнді еткен қос қария ел жаңалықтарына әркез елең етіп, жаратқаннан жақсылық күтеді. Теледидар қарап, газет-журнал оқиды. Өмірден көргені мен түйгені мол екеуі бір-бірімен шүйіркелесіп, өткен-кеткендерін жиі еске түсіреді. Бұл да бір қарттықтың жақсы белгісі болса керек. Әрине,  әдемі қартая білгенге не жетсін. «Балам – балым, баламның баласы – жаным» дейтін бұл жандар қазір шөбере көріп, солардың қызығын қызықтауда. Тіптен, Қаратай ата кейбір шөберелерінің атын ұмытып қалатынын айтып, әзілдеп те қояды.
Қариялардың ендігі арманын сұрағанымызда, Жамал әжей Зәуреш қызының өмірден ерте өткеніне налығандай болды. Әрине, ана үшін перзентінің орны қашанда бөлек қой. «Ұрпағымыздың аман-саулығын, Отанымыздың тыныштығын көруден басқа біздерде қандай арман болушы еді» дейді  қарт ана. Бұл да жөн шығар.
Шалғынбаевтар әулеті қаңтар айында гауһар тойын атап өтті. Шаңырақ көтергендеріне тура 60 жыл толыпты. Бұл біреуге аз, біреуге көп уақыт. Бірақ, гауһар тойын кез-келген адам тойлай бермейтіні шындық. Ал, бұндай бақытты көру осы әулетке бұйырыпты.
Қол ұстасқан қос қария өмірге, жалғыз ұлдары Жастілек пен келіндері Әлияның өздерін күтіп-баптап, перзенттік борыштарын мінсіз атқарып отырғандарына дән риза. Өмірдің өкпек желіне төтеп берген  жандардың ендігі тілеуі бала-шаға мен елдің амандығы. Мәуелі бақтай жайқалып, жүздерінен  қуаныш нұрын төккен қариялардың жүзінен жақсылықтың, ең бастысы, бақыттың белгісі анық сезіледі. Олардың бір-біріне деген кіршіксіз пейілінен әркім үлгі алғандай…

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар