Қайсар жан

Біздің өңірімізде пауэрлифтингтен Қазақстанның тоғыз мәрте чемпионы, екі рет рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізген, халықаралық спорт шебері атағын иеленген Вадим Дуккардты білмейтін жан кемде-кем шығар.

Жастық шағында адам баласы денсаулықтың қадірін жете бағаламайтыны шындық. 27 жастағы Вадим Ақмолда өзі тұратын 5 қабатты үйдің төбесіне телеантеннаны орнатпақшы болғанда, аяғы тайып жерге құлайды. Оқыс оқиғадан соң бел омыртқасы зақымданады.  Дәрігерлер оның анасы Лия Ивановна мен әкесі Иван Иосифовичқа ұлының бұл өмірдегі тіршілігінің 2 айдан аспайтынын айтып, күңірентіп жіберді.
Бар қайраттарын жиған шаңырақ иелері белдерін бекем буып, нар тәуекелге жүгінеді. Әуелі қол гантелі, кейінірек ыңғайлы зілтемірмен Вадим жаттығу жасауға кіріседі.
Қолдары икемге келіп, бойына қан жүгірген Вадим Дуккардт 2002 жылы Астананың кемтар жандарды шыңдайтын «Қайсар» спорт клубының көмегіне жүгініп, шалқалап жатып зілтемір көтеретін – пауэрлифтинг спорт түрімен біртіндеп айналыса бастады. Аптасына екі рет қайсар бапкерлер оны Астанадан 35 шақырым жердегі Ақмол ауылынан автокөлікпен әрі-бері тасымалдап, спортқа баулыды. Көп ұзамай, Қарағандыда өткен республикалық чемпионатта Вадим алғаш рет 70 келі салмақты көтеріп, 5-ші орынға қол жеткізді.
Жарыс нәтижесіне көңілі толмаған аптал азамат өзіндік тәсілдерді игеріп, зілтемір көтеруге шындап көңіл қояды. Спорт құралын мектеп берсе, арқа тұғырын әкесі жасап береді. Көп ұзамай ол еңбегінің жемісін де көрді.
2003 жылы Павлодар қаласында өткен жарыста ең жоғары 75 келі салмақ дәрежесін 105 келіге дейін өсіре алды. Арада екі жыл өткенде ол Қазақстанда өткен үш чемпионатта алдына бірде-бір жан салдырмады. Бұдан кейінгі жылы Вадим Дуккардт ел намысын Малайзияда өткен Азия чемпионатында қорғады. 2009 жылдан бері Вадим Көкшетау қаласындағы мүгедектер спорт мектебі құрамында Ақмола облысы үшін бәсекеге түсе бастады. Оның бапкері боп Юрий Колесников бекітілген. Жолақысы, тамағы мен киіміне дейін көмек беретін осы ұжымға, әсіресе, оның ресми өкілі Василий Шиманскийге айтар алғысы көл-көсір.
Барлық ауыртпалық пен қуанышты бірге бөлісіп келе жатқан өмірлік серігі Светлананың орны ол үшін ерекше бөлек. Сүйген жары оның ең жақын жанкүйері де. Өмірдің сынынан мүдірмей, сүрінбей келе жатқан осындай аяулы жандарға қарап тәубаңа келесің, бүгінгі өміріңе қанағат айтып, шүкіршілік етесің. Рухы биік адамның елге берер өнегесі де мол екен.

Жанат ТҮГЕЛБАЕВ.
Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар