Бүгінде Ұлы Отан соғысына қатысып, қан майданда ерлік көрсеткен ардақты ардагерлеріміздің қатары тіптен сиреп барады. Бұдан бірнеше жыл бұрын майдангерлер ауыл-аймақ пен қалаларда 9 мамырда өтетін мерекелік шерулерге қатысып, сұрапыл соғыста бастан кешірген оқиғаларын айтып, жас ұрпақты отансүйгіштік пен ерлікке, қайсарлық пен өжеттікке баулитын. Бүгінде мұндай ардагерлер саусақпен санарлық қана.
«Орнында бар оңалар» демекші сол майдангерлердің бастан кешкендерін бүгінде ұрпақтары айтып, аталары көрсеткен ерліктерімен мақтанады.
Көкшетау қаласындағы «Союз-4» күзет фирмасында соғыс ардагерлерінің бірнеше ұрпақтары қырағылықпен қызмет етіп жүр. Жеңіс күні қарсаңында аталмыш мекеме сұрапыл соғыста жанқиярлық танытқан жандардың отбасында болып, олардың ұрпақтарына сый-сияпат жасады. Бабалар рухына тағзым етті.
–Марқұм әкем сұрапыл соғыс кезінде бірнеше майданда шайқасып, қатты жараланған адам. Соғыс біткен соң елге оралып, мұғалім болып жұмыс істеді. Жаумен шайқастағы ерліктерін немерелерін жинап алып, айтып отырушы еді. Құдайға шүкір, біз бейбіт өмірде бой жетіп, білім алдық. Ұрпақтарымыз әр салада қызмет етеді. Күзет фирмасында оператор болып жұмыс істейтін қызым Шолпанның әріптестері мені – 80 жастағы кейуананы әкемнің орнына құттықтап, мерейімді өсіріп тастады. Алғысым шексіз, – деді майдангер Мейрам Жамантаевтың қызы Бақыт Жамантаева.
–Менің әкем мен оның екі інісі де соғысқа қатысқан жандар. Жұбайым Ғалияның әкесі Латиф пен оның інісі Хатиф те сұм соғысты Берлинде аяқтаған. Олардың қан майданда көрсеткен ерен ерліктерін өсіп келе жатқан немерелерімізге үлгі ретінде айтып отырамыз. Соғыс ардагерлерінің Отан үшін от кешкен ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Соның бір дәлелі, балам еңбек ететін мекемеден әріптестері келіп, бізді сый-сияпатқа бөледі. Бір сәт майданға қатысқан, одан оралмаған бабаларымызды еске алып, бойымызда жаужүрек батыр ұрпақтарымыз деген мақтаныш ұялады, – дейді соғыс ардагерінің ұрпағы Асқар Молдабеков.
Ұлы Отан соғысын тек кітаптан оқып, кинодан көрген тәуелсіз елдің жастары қашан да батыр бабалардың рухына тағзым етеміз.
Ырысалды ШАМШИЕВА.