Құрметті ақмолалықтар!
Баршаңызды мұсылмандардың ұлық мерекесі – Ораза айтымен құттықтаймын! Адал ниет, таза көңілмен ұстаған оразаларыңыз да қабыл болып, сауабына кенеліңіздер.
Ежелден біздің халқымыз оразаны және айт мейрамын ізгіліктің, кешірімділіктің, мейірім-шапағаттың мерекесі деп білген. Соған орай халқымыз өз айналасына қуаныш сыйлап, көмекке мұқтаж жандарға қайырымдылық жасауды парыз санап келгені белгілі. Биылғы айт күндері де сол үрдіс жалғасады деген сенімдемін.
Қазір әлем бойынша таралып отырған індетке байланысты Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының пәтуасы бойынша облысымыздағы барлық мешіттерімізде құлшылық жасау белгілі бір тәртіппен өтуде. Осыған баршамыздың түсіністікпен қарағанымыз абзал.
Ораза айты мейрамы құтты болсын! Әр отбасына амандық пен береке-бірлік тілеймін. Індеттің беті қайтып, емен-жарқын көңілмен еңбек етіп, сау-саламаттылықта өмір сүруге жазсын! Ел аман, жұрт тыныш болсын!