Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мәдениет пен өнердің мерекесі - АРҚА АЖАРЫ

Мәдениет пен өнердің мерекесі

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың қатысуымен Қазақстанның 2021 жылғы мәдени астанасы – Көкшетау қаласында салтанатты түрде ашылған «Рухани қазына-2021» республикалық фестивалі кеше көрікті Бурабай баурайында өз мәресіне жетті. Үш күн бойы еліміздің түкпір-түкпірінен келген мәдениет қызметкерлерінің басын қосқан фестивальдің жабылу салтанатына Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов қатысып, әртүрлі аталымдар бойынша үздік деп танылған мәдени нысандардың жетекшілерін марапаттады.

Ақмола облысы аталған фестивальда 51 аталымның 7 аталымы бойынша жеңімпаз атанды.
Фестиваль бірнеше бағытты қамтыды. Музей, кітапхана және концерттік ұйым қызметкерлері өз салалары бойынша шеберлік кластарына қатысып, майталман мамандардың зертханалық шеберханасымен танысу мүмкіндігіне ие болды.

Мәселен, концерттік, мәдени-демалыс ұжымдарының мамандарына әлемге танымал «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің мүшесі, этникалық музыканы продюсерлеу бағытында 15 жыл еңбек еткен Серік Нұрмолдаев лекция оқыды. Сонымен қатар, үш күн бойы «Рухани қазына – 2021» фестивалі аясында келген қонақтар, мәдениет және өнер қызметкерлері Ақмола облысының киелі жерлеріне саяхат жасап, семинар тренингтерге қатысты. Ашық аспан астындағы «Ботай-Бурабай» музей-кешенінде көне жәдігерлермен қатар, әртістер күшімен сол заманғы тұрмыс-тіршілік көріністері көрсетілді.

– Министрлік пен Ақмола облысы әкімдігі арасында бір жылда іске асырылатын іс-шаралардың жол картасы әзірленіп, бекітілді. Жол картасына республикалық мәдениет ұйымдары мен жергілікті атқарушы органдардың 2021 жылғы мамыр – 2022 жылғы мамыр аралығында бірлесе өткізілетін 100-ге жуық мәдени іс-шара енгізілді. Осы орайда Ақмола жұртшылығын Көкшетау қаласының Қазақстанның мәдени астанасы болуымен шын жүректен құттықтағым келеді, – дей келе, Нұрғиса Дәуешов мәдениет пен өнер саласындағы қызметкерлердің алдағы жұмыстарына шығармашылық табыс тіледі.

Сонымен, өнер мен мәдениет мерекесінде «Үздік ауылдық маңызы бар мемлекеттік музей» аталымы бойынша Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің Бурабай тарихи-өлкетану музейі және «Ботай-Бурабай» ашық аспан астындағы музейі 1 миллион теңге қаржылай сыйлықпен марапатталды. «Мәдениет жанашыры» аталымында М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы директорының орынбасары, ақын Куаныш Оспанов 500 мың теңгені иеленді. «Кітапханалардың үздік инклюзивті онлайн жобасы – 2021» аталымында да осы кітапханаға 500 мың теңге қаржылай сыйлық берілді.

«Мәдени-демалыс қызметіндегі «Мәдениет жанашыры» аталымы бойынша К.Күмісбеков атындағы Қорғалжын аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Ерзат Смағұлов 500 мың теңгеге ие болды. «Үздік мәдениет сарайы мен үйінің, сондай-ақ, клубтың онлайн жобасы – 2021» аталымында Зеренді аудандық мәдениет үйі және «Үздік мемлекеттік музей сайты» аталымында Көкшетау қаласындағы «Мәлік Ғабдуллин музейі» 500 мың теңгеден қаржылай марапатқа ие болды.

Сонымен қатар, аталмыш музей «Үздік музейлік онлайн жоба – 2021» аталымы бойынша және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, 300 мың теңгеге ие болды.
Салтанатты іс-шара Ақмола облысының танымал өнерпаздары мен әртістерінің қатысуымен өткен мазмұнды концерттік бағдарламамен аяқталды.

Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Бурабай ауданы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар