Облыстық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығында «Мемлекеттік – жеке меншік әріптестікті дамыту туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру аясында облыста мәдениет саласын көркейту жөнінде кеңес болып өтті.
Отырысқа аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдері мен мұражай, мәдениет үйлерінің басшылары қатысты. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов ашып, жүргізіп отырды.
– Мәдениет саласын қолдау – ел дамуының басты бағыты. Сол себепті, жоғалтқанымызды тауып, өшкенімізді қайта жаңғыртуға тиіспіз. Әр аудандағы бөлім басшылары жеке кәсіпкерлермен кездесіп, оларды мәдениет нысандарын ұстауға қол ұшын беруге тарту қажет. Барлығымыз бұл жұмысқа білек сыбана кіріссек, жақсы нәтиже болары сөзсіз, – деді Нұрлан Жаңбыршыұлы.
Бұдан соң облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаева сөз алып, өткен жылы атқарылған жұмыс жайында айтып, алға қойылған міндеттерді пысықтады. Сала басшысы өз баяндамасында мемлекет кәсіпкерлікті дамытуға барынша қолайлы жағдай жасап келе жатқанын тілге тиек етті. Енді кәсіпкерлер қоғамның дамуы үшін жанды көмек көрсетуі тиістігін қадап айтты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жауапты тұлғаларға экономикада мемлекеттік – жеке меншік әріптестікті дамытуға басымдылық беруді шегелеп тапсырған болатын. Енді бұл жұмысты үдете түсу басты мақсат болмақ. Соңғы үш жыл ішінде облыс көлемінде жергілікті бизнес өкілдері мәдениет нысандарының материалдық-техникалық базасын жаңартып, ғимараттарын жөндеуге жан-жақты көмек көрсетуде. Мәселен, 2015 жылы құны 96 миллион теңге болатын отыз меморандумға қол қойылыпты. Әсіресе, Есіл
ауданында атқарылған жұмыс ауқымы көңілге қонымды. Мұнда демеушілер мәдениет саласының дамуына 63 миллион теңге қаржы бөліп, үш меморандум жүзеге асқан. Әрі Есіл ауданы облыс бойынша кәсіпкерлердің қаражатына екі ауыл клубын жөндеген жалғыз өңір. Сонымен бірге, Целиноград, Аршалы аудандары да жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр. Алайда, көңілге кірбің түсіретіні өткен жыл ішінде Бурабай, Егіндікөл және Шортанды аудандарында инвестиция тарту жұмысы баяу жүргізілген.
Бұдан кейін Атбасар, Ақкөл және Сандықтау аудандары мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары баяндама жасап, мемлекеттік – жеке меншік әріптестікті дамыту аясында атқарылған жұмыстарды айтып, жетістіктерімен бөлісті.
Отырыста облыстық мәде-ниет басқармасы ақпараттық-сараптама бөлімінің басшысы Гүлмира Мәкова мен құқықтық және ұйымдастыру бөлімінің басшысы Гүлия Есмұханова заңның жүзеге асуы мен қолдану аясы туралы ой өрбітті. Жиын қорытындысында ұсынымдар қабылданып, қатысушылар өзара пікір алмасты.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.