Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Сандықтау ауданының әкімі Ербол Жүсіпбеков осы өңірдің биылғы жылдың бірінші тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде айтып берді.
Аудан әкімі өз сөзінде бүгінгі күні сандықтаулықтар Мемлекет басшысының алға қойған міндеттерін тиімді жүзеге асыру үшін барлық күш-жігерлерін жұмсап жатқанын айтты.
–Индустриялық-инновациялық стратегияны жүзеге асыру барысында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 743,7 миллион теңгеге қамтамасыз етілді. Жалпы көлем индексі 104,6 пайызды құрады. 2 миллиард 331 мың теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі шығарылды. Тірі салмақта 1 мың 426,6 тонна ет, 5 мың 186,1 тонна сүт өндірілді. Бүгінгі күні 323,5 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары, оның 304,5 мың гектар жеріне дәнді және бұршақтық дақылдар, 7,7 мың гектарына майлы дақылдар, 11,4 мың гектар алқабына азықтық дақылдар сіңірілді. 1 мың гектарға картоп пен көкөніс отырғызылды.
Өңірде шағын кәсіпкерліктің 1014 субъектісі жұмыс істейді. Олар бюджетке 562,5 миллион теңге қаржы құйды. 55 жаңа жұмыс орны ашылды. Бірінші тоқсанда негізгі капиталға 2 740,2 миллион теңге тартылды. Жоғарыдағы көрсеткіштердің барлығы өткен жылдағыдан біршама артық. 2021-2025 жылдарға 24 инвестициялық жоба жасалды.
Облыстық бюджеттен 650,6 миллион теңге бөлініп, облыстық маңызы бар «Петровка-Острогорка-Мариновка» бағытындағы автокөлік жолы жөнделуде. Аудандық маңызы бар автокөлік жолдарына және көшедегі жол жүйесіне ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізілуде. Жолдың су өткізгіштері және Мәдениет ауылы маңындағы көпір жөнделіп жатыр.
Аудандық маңызы бар «Сандықтау-Новоникольский» автокөлік жолының орташа жөндеуіне техникалық құжаттама жасалуда. Бірінші тоқсанда құрылыс жұмысының көлемі 48,2 миллион теңгені құрады. Жоспар 102,7 пайызға орындалып, 502 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Есептік кезеңде жұмыспен қамту орталығына 290 адам келді. Оның 242-і тиімді жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» бағдарламасы аясында жұмысқа орналастырылды.
Ауданда 82 әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы бар,–деген Ербол Жүсіпбеков олардың 361-і мекенжайлық әлеуметтік көмек алатынын айтты. Ауданның барлық мектептері білім берудің жаңартылған түріне көшіпті. 27 мектеп кең жолақты интернетке қосылған екен. 3-6 жас аралығындағы балалар мектепке дейінгі тәрбиемен толық қамтылыпты. Ауданда 36 мәдениет ошағы жұмыс істейді.
«Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасын жүзеге асыру аясында Максимов селолық мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмысы жүргізілуде. Өңірде 124 спорттық ғимарат бар. Биылғы жылы 2 спорттық нысан құрылысы жүргізілмекші. Ауданда 10 туристік бағыт жұмыс істейді. Оның бірі Шамай батырдың бейіті арқылы өтеді. Ағайынды Арлан мен Шамай батырға орталық алаңда ескерткіш тұрғызу мәселесі қарастырылуда.
Ауданда 7 қонақ үй, 8 шағын мейманхана жұмыс істейді. Әлеуметтік саясаттың маңызды бағытының бірі тұрғындар денсаулығы болып табылады. Өңірде 39 медициналық мекеме жұмыс істейді. Орталық аудандық аурухана үшін 124,2 миллион теңгенің медициналық қондырғылары мен оргтехника сатып алынған екен. Мұнда коронавирус инфекциясына қарсы егу жүргізілуде. 1820 адамға бірінші екпе, 805 адамға екінші екпе жасалыпты. Брифинг соңында аудан әкімі журналистердің сауалдарына жауап берді.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.