«Nur Otan» партиясы облыстық филиалының бастауыш тобы – «Жас ұлан» мектеп ұйымының бастамасымен Бурабай аймағындағы «Алмаз» санаторийінде №2 мектеп-лицейінің үздік оқушылары мен белсенділерінің жыл сайынғы алтыншы слеті болып өтті.
Форум жұмысына 5-11 сыныптардан 77 делегат қатысты. Олар – оқу озаттары, қалалық пәндік олимпиадалар мен білім турнирлерінің, республикалық, халықаралық ғылыми-практикалық конференциялардың жүлдегерлері, түрлі шығармашылық конкурстар мен спорттық жарыстардың жеңімпаздары.
Дәстүр бойынша слет Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындаудан басталды. Шараның ресми бөлігінде делегаттар сөз сөйлеп, ойларын ортаға салды. Қазақ тілінен облыстық олимпиаданың күміс жүлдегері, көркем гимнастикадан спорт шеберлігіне үміткер, мектебіміздің осы жылғы түлегі Карина Звягина мемлекеттік тілде құттықтау сөз сөйледі.
«Жас ұлан» мектеп балалар ұйымының көшбасшысы, 10 сынып оқушысы Гаухар Жәкімова қатысушыларға биылғы оқу жылында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бойынша жүргізілген жұмыстары жайлы кеңінен айтып берді. Оқу озаттары мен белсенділер, ғылыми жобалар сайысы мен пәндік олимпиадалардың, білім турнирлерінің жүлдегерлері қалалық білім бөлімінің дипломдарымен, мектеп-лицей әкімшілігінің грамоталарымен марапатталды.
Олардың арасында Елбасының қола медаль иегерлері Диана Қажымова және Сәния Төленова, сонымен қатар, Камила Ибрагимова, Темірлан Күлшиманов, Ернар Мұсылманбек, Дания Мұратбекқызы және тағы басқалары бар. Жыл қорытындысы бойынша Даниал Есләмов пен Гаухар Жәкімова «Жыл оқушысы» сертификаттарына және хрусталь кубоктарға ие болды. Бұл балалардың биылғы оқу жылында түрлі бағыттардағы жетістіктері аз емес.
Олар пәндік олимпиадаларға, робототехника бойынша сайыстарға, шығармашылық байқауларға, халықаралық ғылыми жарыстар және дебаттық қозғалысқа қатысушылар.
Форумның екінші бөлігі салауатты өмір салтына арналды. Барлық делегаттар шахмат, дойбы, үстел теннисі бойынша жолдастық кездесулерге қатысып, бассейнде шомылды, таза ауада қозғалмалы ойындарға қатысты, Бурабайдың көркем табиғаты аясында ән айтып, би биледі.
Естелікке толы сапар аясында №2 мектеп-лицейінің делегациясы «Ботай-Бурабай» мұражайында, Абылай хан алаңында, Бөлектау тауында, Оқжетпес пен Жұмбақтас, Әулиекөл көлінің жағасында болды.
Іс-шара барысында ұйымдастырылған қызықты бағдарламалар мен аңызға толы Бурабай слет қатысушыларының жадында ұзақ сақталады деген ойдамыз.
Алтыншаш ЖҰМАНОВА,
Көкшетау қаласындағы №2 мектеп-лицейі
директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары.