Өңірлік коммуникациялар қызметінде Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса Көкшетау қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында баяндап, журналистердің сұрақтарына жауап берді.
– Коронавирус пандемиясына байланысты санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға қарамастан, есепті кезеңде қаладағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен қоғамдық-саяси ахуал тұрақты болып қалуда. Өнеркәсіп өнімдерінің, ауыл шаруашылығының өндірісі тұрақты қарқынмен өсуде. Әлеуметтік сала объектілерін, қаланың инфрақұрылымын жақсарту бойынша көптеген жұмыстар жасалуда. Қаланың өнеркәсіптік кәсіпорындары 68,4 миллиард теңге сомасына өнім өндірді, бұл өткен жылдың ұқсас деңгейімен салыстырғанда 170,6 пайызды құрайды. Өндіріс көлемінің тұрақты өсуіне бірқатар кәсіпорындар өз ықпалын тигізуде. Атап айтсақ, «КАИК» серіктестігі 15,4 миллиард теңге сомасына 50 бірлік астық жинайтын комбайндар, ауыл және орман шаруашылығына арналған 669 трактор шығарды. Сонымен қатар, «КАМАЗ-Инжиниринг» акционерлік қоғамы 9,6 миллиард теңге сомасына 381 бірлік техниканы жасаса, «Kaz Rost Enjineering Ltd» компаниясы 7,1 миллиард теңге сомасына 129 бірлік астық жинайтын комбайндар, 368 қатар дестелегіштер жасап шығарды. Сондай-ақ, «Асыл-Арман» серіктестігі 3,0 миллиард теңге сомасына 20,4 миллион дана орау ыдысын өндірді. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 15,1 миллиард теңгені құрады. Бұл өткен жылғы деңгеймен салыстырғанда 21,8 пайызға өскендігін аңғартады. Оның ішінде тұрғын үй құрылысына инвестициялар 6,9 миллиард теңгені немесе өткен жылдың деңгейіне 164,7 пайызды құрады, – деді қала әкімі.
Жыл басынан Көкшетау қаласында 74,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліпті, оның ішінде 26 мың шаршы метр жеке тұрғын үй және 48,1 мың шаршы метр коммерциялық тұрғын үй. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында ауданы 67 мың шаршы метрден астам және жалпы құны 8,9 миллиард теңге болатын 21 тұрғын үй нысанының құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін Көкшетау қаласында 30 мың шаршы метрден асатын 16 тұрғын үй нысанын пайдалануға беру жоспарлануда.
Жиын барысында қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірінен саналатын тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласын реформалау және жалпы үй меншігін басқарудың жаңа моделін енгізу бойынша жаңа нормалар күшіне енгені туралы да сөз болды. Айта кетуіміз керек, 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап пәтер иелері кооперативтерінің (ПИК) қызметі тоқтатылып, олардың заңды күші жойылады. Осыған сәйкес, бұрынғы ПИК-тердің орнына мүлік иелерінің бірлестігі МИБ және қарапайым серіктестік (ҚС) жұмыс істейтін болады.
– «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруда азаматтарымыздың қажеттіліктерін сапалы орындау және мемлекеттік органдардың жедел, тиімді әрекет етуі үшін әкімдіктің халықпен кері байланысының пәрменді тәсілдерінің бірі әлеуметтік желілер болып табылады. Онда әрбір азамат өзін қызықтыратын сұрақ қоя алады. Әкімдік қызметкерлері күн сайын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының проблемалық мәселелерін анықтау үшін әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізеді. Мониторинг барысында анықталған мәселелер жедел ден қою шараларын қабылдау үшін тиісті мемлекеттік органдарға жіберіледі, – деді қала әкімі өз сөзінде.
Бүгінгі таңда тауарлар мен қызметтер бағасының жаппай өсуіне қарамастан, облыс орталығында бағаны тұрақтандыру аясында бірқатар нақты іс-шаралар қолға алынған. Мәселен, Көкшетау қаласында бағаны тұрақтандыру үшін «Көкше Маркет» деп аталатын 3 әлеуметтік павильоны ашылды. Атап айтсақ, олар Васильковка және Центральный шағын аудандарында, сондай-ақ, Алтынсарин және Абай көшелерінің қиылысында, оларда әлеуметтік маңызы бар тауарлар нарық бағасынан төмен бағамен сатылады. Бағаны тежеу мақсатында қаланың тауар өндірушілерімен 19 меморандум жасалыпты. «Көкшетау қаласының шағын бизнес саласының жұмыс істеп тұрған және жаңадан құрылған кәсіпорындар саны 16400 бірлікті құрайды, жыл басынан бері 61 жаңа жұмыс орны құрылды. Шағын бизнес субъектілерінің қызметінен бюджетке түсетін түсімдер сомасы 7 миллиардқа жақындады. Өткен жылмен салыстырғанда түсім 59,4 пайызға ұлғайды. Есепті кезеңде экономиканың нақты секторында 858 жаңа жұмыс орны құрылды. Жұмыспен қамту қызметтерінің көмегімен барлығы 797 адам жұмысқа орналастырылды» – деді қала басшысы.
Облыс орталығында жол мәселесі де өзекті. Қазіргі уақытта «Көкшетау жолдары» және «Көкшетауавтодор» серіктестігінің мердігерлік ұйымдары 450,0 миллион теңге сомасына жалпы ұзындығы 11 шақырымнан астам көше-жол желісін орташа жөндеу жұмыстарын бастады. Атап айтсақ, «Көкшетау жолдары» серіктестігі мердігерлік ұйымы Кенесары, Әуелбеков, Қуанышев, Алтынсарин, Набережная көшелерінде орташа жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Ал, «Көкшетауавтодор» серіктестігі болса, Сәтпаев, Гвардейская, Сүлейменов көшелерінде орташа жөндеу және Уәлиханов көшесінің бойында тротуар салу жұмыстарын орындайды. Ағымдағы жылы Көкшетау қаласында 2019-2020 жылдары берілген көпірлердің құрылысы мен қайта жаңарту қарқыны сақталып отыр. Мамыр айынан бастап «Бука» серіктестігі мердігерлік ұйымымен Қылшақты өзені арқылы Сүлейменов көшесіндегі автомобиль жолының көпірін қайта жаңарту басталды. Жобаның құны 519,0 миллион теңге. Сараптама қорытындысына сәйкес жобаны іске асыру мерзімі 7 ай. Көпірді қайта құру аяқталғаннан кейін ұзындығы 54 метр, ені 32,5 метр болатын жаңа көпір пайда
болмақшы.
Қала басшысының назарынан облыс орталығындағы әлеуметтік мәселелер де тыс қалған жоқ. Мәселен, ағымдағы жылы Көкшетау қаласында 22 миллион теңгеге жуық сомаға 9 балалар ойын алаңы және құны 64 миллион теңгеден астам 15 спорт алаңы орнатылады. Ағымдағы жылы №1 орта мектепке 600 орындық және №4 орта мектепке 360 орындық жапсаржай құрылысы жалғасуда. Краснояр тас жолының бойында 392 орынға арналған оқу-тәрбие кешенінің құрылысы аяқталуға жақын, бұл білім беру мекемелеріне айтарлықтай жеңілдік беріп, Көкшетау қаласы бойынша үш ауысымды оқыту мәселесін толық шешеді деді қала әкімі өз сөзінде. Жиын барысында коронавирус ауруымен күрес мәселесі де сөз болды. Дертті ауыздықтау үшін тұрғындардың екпе алуы қажет екендігі баса айтылды.
Брифинг соңында журналистер тарапынан сан түрлі сауалдар қойылып, олардың барлығына қала әкімі тұшымды жауап берді.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.