Жас өрендер жырдан өрнек өрді

Көкшетау қаласындағы «Достар» мәдениет сарайында облыстық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында және ХХ ғасырдың Гомері атанған Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерей тойына орай «Тыңда дала, Жамбылды» атты аймақтық оқушылар айтысы өтті. Ұрпаққа ұлы мұра болып қалған қасиетті сөз өнерінің биік шыңы – айтысты өскелеңнің де жандарына серік еткені жанымызды жадыратып, көз қуантты.

Сахнаның қақ ортасына шығып, қарсыласымен сөз сайыстырып, алғырлық таныту, табан астында суырып салып, тауып айту, нағыз дүлдүлдерге тән қасиет болса, жыр додасында бақ сынаған біздің оқушыларымыздың арасында да осындай арда өнерден кенде еместері анық байқалды. Сөз сайысқа облыс аймақтарынан ереймендік Сәттібек Серікболат, аршалылық ақын қыздар Арайлым Бахат пен Марал Серікжан, целиноградтық өнерлі ару Сая Тұрсынбекқызы, бұландылық Ақтілек Қайымхан мен Бергенбек Азатбек есімді өрендер мен теріскейден келген Дамир Амангелді мен Диас Аяған бақ сынады.

Жыр додасының алғашқы айналымын целиноградтық оқушы Сая Тұрсынбекқызы мен Солтүстік Қазақстан облысынан ат терлетіп келген Дамир Амангелді бас-тап, қыз бен жігіт айтысын көрсетті. Саяның ауыз әдебиетіне сусындап, қазақ фольклорында лиро-эпостық жырларын жаттағаны, әрі алдыңғы буын әпкелерінің айтыстарын тыңдап жүретіндігі байқалып тұр. Жақұттай жырға жаны жақын арудың әлі де бабын келтіріп, өлең-жырға баулып, үлкен додаларға қосуға болатыны анық. Әсіресе, қарсыласының бабында болмай, жаңылып жатқан жерлерін әзіл-қалжыңға айналдырып, жігіттің намысына тимей, керісінше көтермелеп жіберуі нағыз қазақ аруларына тән қасиет емес пе?! Айтыстың бұлбұлдары атанған Айнұр мен Сарадай әпкелерінің ізін жалғап келе жатқан Саяға өнерің өрге бассын дейміз.

Екінші жұпта Ерейментау ауданынан келген 12 жасар Сәттібек Серікболатұлы мен аршалылық Арайлым Бахат айтысты. Жігітіміз айтысты өзі бастап, әдемі жыр өрнектерін құйғындатып, төкпелетіп, өрбітіп келіп:
«…Кешегі Мағжан сенген біздей жас-тар, Дәл бүгін үйде қарап жата алмады. Қарсыласты қасыма ертіп алып, Қазағымнан кеп тұрмын бата алғалы. Жамбыл атам то-йына келдім бүгін, Айтыста бала Жамбыл атанғалы…», –деп әдемі жыр өрнектерімен тыңдарманды өзіне баурап алды. Сәттібектің айтысқа деген сүйіспеншілігі, әдебиет пен тарихтан, қазіргі қоғамда болып жатқан оқиғалардан хабардар болуынан, біздер оның әлі де үлкен додаларға шығатынына, биіктерден көрінеріне сөзсіз сенеміз. Бұл оны аталмыш өнер сынына баптап әкелген ұстазының да еңбегі.

Үшінші жұп болып сахнада бұландылық Ақтілек Қайымхан мен аршалылық Марал Серікжан айтысты. Бұл жерде жігітіміз әдеттегі қыз бен жігіт айтысындағыдай ғашықпын, күйдім-сүйдім дегеннен алшақтап, «көзімнің қарашығы секілденген, өзімнің қарындасым екенсің ғой» ғой деп сыйластық танытып, ілтипат көрсетті. «Құлыннан құлагерге айналған» бұл жас өрен бабында келіпті. Өзіне тән таным-түсінігіне сай өрелі өнер көрсеткен қарсыласымен айтыста осымен екінші мәрте кездесіп отыр екен. Жалпы, бұл жұп тақырыпты жан-жақты ашып, жыр алыбы – Жамбылды да жырларына арқау етті. Ақтілектің: «Көкшетауда Жамбылға көше берген, Осылай жаңарған жұрт жаңғырғанда, Көшесін аз көремін Көкшетаудың, Макинканы атау керек Жамбыл нарға. Қарындасым сен дағы сөйлей отыр, Сендерді Жамбылды еске алдыңдар ма?! Әлде сол тәжвирусты сылтау қылып, Онлайн концерт бере салдыңдар ма? – деп қазіргі уақыттағы іс-әрекеттерді де шенеп өтті.

Төртінші жұп болып шыққан бұландылық Бергенбек Азатбек пен теріскейлік Диас Аяған өте жақсы айтысты. Ақмолалық жас өрен өзінің айтыста әбден ысылған, оның қыр-сырына қаныққан нағыз ақын екендігін таныта алды. Бергенбектің алғырлығы, табан астында суырып-салуы, сөз саптауы, сахнадағы өзін еркін ұстауы, мінез-құлқы арқаның қасиетті топырағынан шыққан сал-серілердің аруағын бір аунатып тастағандай болды. Арқалы ақынның көмейінен жырдың асыл-жақұты төгіліп жатқандай. Бұл жұптың өнерінен біз Балғынбек Имашев пен Айбек Қалиевтің айтысын тыңдап отырғандай әсер алдық.

Бұл, орынды құбылыс. Себебі, жастар алдыңғы буын ағаларына еліктеп, соларға қарап бой түзейді емес пе?! Шымшыма әзілдері, қағытпа қалжыңдары көрерменнің де көңілін көтеріп тастады. Бұл айтыста тақырып та жан-жақты ашылып, тартымды да қызықты, көрерменді елеңдеткізетін қайымдасып айтысу түрі де әсерлі шықты. Әсіресе, Бергенбектің: «Қоғамда небір сұмдық жағдайлар көп, Сәт сайын сары уайым боп санада тұр, Қыздан қылық, ал ұлдан ұят кетіп, Ар мен намыс амалсыз арада тұр. Ел ертеңі жастарға байланысты, Ал олар сән қуып жүр қалада құр. Кей жігіттер айналып гей-жігітке, Басымызға орнатты-ау заманақыр, Пияр жасап өзіне, хайп қуып, Сезінеді өздерін дара батыр. Қара өлеңді мазаққа айналдырған,Бір жігіттің видеосы жобада тұр.

Тик-ток жасап бір қызың мола жақта, Атанды көпшілікке қара бақыр..,» «…Жабаевтар азайған бұл қоғамда, Жабайылар көбейіп бара жатыр», – деген жыр жолдары, ақынның қазіргі уақытта болып жатқан құбылыстардан да жан-жақты екендігін аңғартты. Ақын шын өмірді, болып жатқан жай-күйді өзінің таным-түсінігі аясында төпелетіп жырлап өтті.

Соңғы айналымда белгілі айтыскер ақын Құдайберлі Мырзабек бастаған қазылар алқасы келісе келе, Сая Тұрсынбек пен Диас Аяғанды, Бергенбек Азатбек пен Сәттібек Серікболатты айтыстырды. Бұл соңғы айналымдағы айтыстар алғашқысына қарағанда жақсы шықты, өнерпаздар өрелі өнер көрсете алды.
Қазақта: «бұлақ көрсең көзін аш» дейді. Бұл жас өрендер өнердің қайнар бұлағы болса, осы айтыс олардың шыңдалып, өсуіне, киелі сахнаға қадам басуларына үлкен мектеп болмақшы. Олардың қаймана қазақтың төл өнеріне қызығушылық танытулары, бет алыстары, алдыңғы буынға еліктеулері айтысқа шын көңілден талпыныстарын аңғартады.

Марапаттау рәсіміне облыстық мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова қатысып, ақындарға жыр додасына келіп қатысқандары үшін алғысын білдіріп, алдағы өнер айдынында қалықтап, шабыттың шалқарында шалқуларын тіледі.

«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, «Тыңда дала, Жамбылды» атты аймақтық оқушылар айтысында ереймендік Сәттібек Серікболатұлы Бас жүлдеге лайықты деп танылды. Ал, бұландылық адуынды ақын Бергенбек Азатбек бірінші орынды иеленді. Екінші жүлделі орынға Солтүстік қазақстандық Диас Аяған ие болды. Бұландылық Ақтілек Қайымхан, целиноградтық Сая Тұрсынбекқызы мен аршалылық Марал Серікжан үшінші орынды місе тұтты. Арайлым Бахат пен Дамир Амангелді белсенді қатысқандары үшін ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген
Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар