Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Әкелердің отбасындағы рөлі ерекше - АРҚА АЖАРЫ

Әкелердің отбасындағы рөлі ерекше

Әлемнің көптеген елдеріндегідей Қазақстанда да маусым айының үшінші жексенбісінде Әкелер күні атап өтіледі. Бұл мерекенің мақсаты – балаларды тәрбиелеу ісіне әкелердің қатысуына жағдай жасау үшін елімізде әкелер институтын құру.

Әкелер күні қарсаңында облыстық Әкелер одағының ұйымдастыруымен Көкшетау қаласындағы №2 мектеп-лицейінде дөңгелек үстел отырысы болып өтті. Шараға Әкелер одағының мүшелері, әділет департаментінің, білім басқармасының өкілдері, психологтар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Олар қазіргі заманғы отбасыларда әке тек қаражат тауып, отбасын асырауы, отбасының барлық шығындарын өз мойнына алуы керек деген пікірдің қате екендігін айтып, өз ойларын ортаға салды.

Отбасындағы қаржылық тұрақтылықты іздеуде ер адамдар көбінесе өмірдің басты құндылығы – баланы өсіру мен тәрбиелеуді ұмытып кетеді. Бірақ, нәресте әкесінің назарын және оның өз өміріне қатысуын қажет етеді, ол өзінің балалық проблемаларымен бөліскісі келеді. Әйел өмірдің барлық жағдайларында ер адамды алмастыра алмайды. Әкесі анасынан басқа тәрбиелік функцияларды қолданады. Ол балаға әйел жасай алмайтын нәрсені береді. Бала үшін күн сайын бүкіл отбасының мінез-құлық үлгісін байқау маңызды. Әкесі балаға ер азаматтың нәзік жандылармен қалай қарым-қатынас жасау керектігі, үлкендерді құрметтеу, жақын адамдарын жақсы көруге және оларға қамқорлық жасауға үйретеді. Осы ретте, Көкшетау қалалық Әкелер кеңесінің төрағасы Бекзан Алмасбек:
– Әкелер отбасында аналарға қарағанда маңызды орын алуы керек. Егер осыған көбірек көңіл бөлетін болсақ, онда ажырасу да азаяды, өйткені, ер адамдарға да үлкен жауапкершілік жүктеледі, – деп атап өтті өз сөзінде.

Ақмола облысы Әкелер одағының төрағасы Ерлан Зәкіриянов, №2 мектеп-лицейінің директоры Гүлнәр Әбдіқасымова және басқа да қатысушылар жас әкелерге арнап тренингтер өткізу, балалар арасында отбасындағы әкенің рөліне арналған эссе-конкурс ұйымдастыру, ал, бұқаралық ақпарат құралдарына әкелер бала тәрбиесімен айналысатын отбасылық құндылықтарды, үлгілі отбасыларды көбірек насихаттау туралы ұсыныс жасады.

Дөңгелек үстел отырысында жалғызбасты әкелер мен аналардың, отбасындағы ажырасулардың проблемалары көтерілді. Осыған байланысты отбасы туралы заңнамаға өзгерістер енгізу туралы ұсыныстар айтылды. Жалпы, отбасын нығайтуда, еліміздің лайықты азаматтарын тәрбиелеуде әкелердің рөлін арттыру туралы мазмұнды әңгіме болды.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар