Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ақжарқын, асыл азамат еді - АРҚА АЖАРЫ

Ақжарқын, асыл азамат еді

Алдағы жексенбіде жылдық дұғасына жиналатын жұрт осы бір асыл азаматты, баспасөз саласында жарқын із қалдырған білікті ұйымдастырушы, іскер басшыны ыстық ықылас, сарытап сағынышпен еске алатыны анық. Соның ішінде оның ерекше сезіліп тұратын кісілік келбеті мен жанының жайсаңдығы туралы естеліктер де аз болмайтынына сөз жоқ.

Қаламы қарымды журналист, өз мамандығына адал, жан дүниесі таңның мөлдір шығындай таза, Ақмола облыстық «Акмолинская правда» газетінің бас редакторы Серік Зәйкешұлы Смағұловтың өмірден өткеніне де жыл толып қалыпты-ау.
Қашан көрсең де қағылез, қарапайым қалпынан әсте айнымайтын, жаны жайсаң, жүрегі жомарт Серік бауырымыз жалаулы жасыл дүниеде 62-ақ жыл ғұмыр кешіпті. Мағыналы, мазмұнды өмір. Қажырлы қаламын жанына серік етті, дүниеге ой көзімен қарады, жақсылыққа қуанды, ізгілікке шаттанды. Күні кеше ғана үзеңгі қағыстырып еңбек еткен әріптесіміздің бойында небір тамаша адами қасиеттер бар еді. Шырқау биікке шықса да біртоға, кішіпейіл қалпында өтті.
Серік Зәйкешұлы бұрынғы Көкшетау облысының Чкалов ауданының Амандық ауылының тумасы. Алматы қаласындағы Абай атындағы қазақ педагогикалық институтының түлегі. Негізгі мамандығы орыс тілі мен әдебиеті болса да, өз ана тілін тәп-тәуір білетін. Екі тілге бірдей еді. Еңбек жолын ауылдағы мектепте мұғалім болып бастаған. Мектепте сабақ бере жүріп ауыл-аймақтағы өзін толғандыратын саналуан тақырыптарда қалам сілтеді. Табиғи талантымен танылып қалған Серік Зәйкешұлы 1986 жылы облыстық «Степной маяк» газетіне арнайы шақырылып, қызметке орналасты. Қиын да қызықты журналистік ғұмыр. Газет бетінде Серіктің сырбаз дүниелері үзбей жарияланатын. Көркем мінезі қандай айшықты болса, қаламынан өрбіген сөз де соншалықты адам жанын баурайтындай әдемі сезіммен жазылатын. Кейін Көкшетау облысы әкімінің көмекшісі, облыс әкімінің баспасөз қызметінде еңбек етті. Әріптестері осы күні Серік Зәйкешұлының мәртебелі қызметте жүрген кезінде де ешқашан көкірек кермегендігін, ежелден таныс қаламдастары былай тұрсын, жас толқынның өзімен тең құрбысынша тілдесетінін айтып отырады. Бұл оның бойындағы тамаша қасиеттердің бірі еді. Егіндікөл ауданы әкімінің орынбасары болып та еңбек етті. Әне бір жылдары Серік Смағұлов тәуелсіз «Курс», «Любимый город» газеттерінде жұмыс істеді. Бұл тәуелсіз газеттердің дүркіреп тұрған уақыты. Оқырман қауым «Курсты» іздеп жүріп оқитын. Ел қамын жеп, өткір мәселелерді көтеруде өзіндік орны болған басылымның бағының жануына Серік Зәйкешұлы өлшеусіз үлес қосты. Ұйымдастырушылық қабілетінің мықтылығын танытқан да бәлкім осы жер. Кейін «Степной маяк» газетінің бас редакторы, облыстық «Акмолинская правда» газеті бас редакторының орынбасары қызметтерін атқарды. 2018 жылы осы облыстық газеттің бас редакторы болып тағайындалды. Ұжымда сүттей ұйыған ахуал қалыптасты. Серік Зәйкешұлы мінезі жайлы, әріптестерінің қамын ойлайтын басшы ретінде бағаланды.
Қай жерде жұмыс істесе де әріптестері мен оқырмандарының шынайы құрметіне бөленді. Сол еңбегіне орай, Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатына ие болды. Бірнеше жинақтары жарық көрді. Қазақ тілінде жазатын авторлардың еңбектерін орыс тілінде сөйлетті.
Былайғы адамға сәл-пәл тұйықтау болып көрінгенімен, етене таныс жандарға ақтарылып сырын айтатын сәттері де аз емес еді. Ондайда сөз жүйесі жеке бастың қамы емес, жалпақ жұрттың мәнді мәселесі болатын.
Артында жылдар бойы жиған жүгі, баға жетпес байлығы тасқа басқан сөзі мен ғұмыр жолын жалғастырар ұрпағы қалды. Қасиетті Көкше топырағының серке сөздің семсеріне айналған Серіктей ұланы болғандығын, оның бар саналы ғұмырын сөз өнеріне арнағандығын тұғырлы туған өлкесі еш ұмытпайды. Әріптестерінің ғана емес, танып-білген Ақмола жұртшылығының жүрегінде бәз-баяғы сәл ғана жымиып, күлімсіреп тұратын көркем бейнесі қалары анық.
Зымырап жыл өте шықты. Көпшілікті толғандыратын бір тақырыпты індете іздеп, қаузай жазып, жарыққа шығарамын деп жанталасып жүрген тәрізді әлі де. Сергек сезімді, серпінді қаламды жаз гүліндей жайнаған жанына серік еткен жайсаң жігіт ағасы – Серік Зәйкешұлы ойлы оқырманның көкірегінде жүре берері сөзсіз.

Байқал БАЙӘДІЛОВ,
журналист.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар