Ғалым БЕКМАҒАМБЕТОВ,
«Нұр Отан» партиясының Ақмола облыстық филиалы
төрағасының бірінші орынбасары
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы қабылданған «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысына біздің Ақмола өңірінен партияның облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Сергей Кулагин, филиал төрағасының бірінші орынбасары ретінде менің өзім, орталық аппараттың Саяси кеңес мүшелері Иван Сауэр, Ирина Жукова және партияның облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясының жетекшісі Әнел Ерденова бесеуміз қатыстық.
Кеңейтілген отырыста партияның сайлауалды тұғырнамасының орындалу барысы мен 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасының жобасы қаралатыны туралы ақпарат алдын ала белгілі еді. Баяндамашылардың сөзінен кейін жиын аяқталуға тиіс болатын. Бірақ, Елбасы күтпеген жерден өзінің ел халқына арнаған жаңа Жолдауын жария ететіндігін хабарлады.
Сол сәтте көкейімізге «Нұр Отанның» партиялық алаңында осындай ауқымды, әрі саяси маңызы зор құжаттың жария етілуі партияға деген жоғары сенімнің айғағы деген ой келді. Мұны «Нұрлы жол» деп аталған жаңа экономикалық саясатты жүзеге асыруда Президенттің партияға артқан үлкен жауапкершілігі деуге де болады. Осы әсер, осы сенім Мемлекет басшысы Жолдауды жариялай бастағанда одан сайын нығая түсті. Әрине, біз еліміздің қалыптасу, даму тарихына қатысты белгілі бір деректер қорын меңгерген адамдармыз ғой. Тәуелсіз мемлекет ретінде Қазақстанның тәй-тәй басқан қадамдары әлі де көз алдымызда. Сол алмағайып кезеңде қабылданған 2030 жылға дейінгі ел дамуының стратегиясы, оны бекітер алдында туындаған қызу пікірталастарды ұмыта қойған жоқпыз. Кезінде бәрі бірден сене қоймаған осы жобаның сәтті іске асқанына қарап, экономикасы қарқынды дамыған 30 көшбасшы мемлекеттің ортасынан ойып тұрып орын алуды көздеген «Қазақстан – 2050» Стратегиясының да табысты орындалатынына кәміл сеніп отырмыз. Ой елегінен өткізіп, салыстырып қарар болсақ, «Нұрлы жолдың» да ел келешегін кемел ету жолындағы нық қадам екендігіне көз жеткіземіз. Мені аталған құжатты жария еткен Ұлт Көшбасшысының алдағы бізді айналып өтпеуі мүмкін қатерлерді сезіне білетін көрегендігі таң қалдырады. Өз басым бұдан осының барлығы да Қазақстан халқының мүддесі жолында жасалып жатқан игіліктер деген ой түйемін.
Өткенге көз жүгіртер болсақ, 2000-шы жылдардың алғашқы онжылдығының орта шенінде болған бірінші жаһандық дағдарыстың салдарын ел халқының онша сезіне қоймағаны ойға оралады. Міне, сол кезде осындай күтпеген қатерлер тұсында абдырап қалмас үшін Елбасы Ұлттық қор құру қажеттігі жөнінде шешім қабылдаған болатын. Дегенмен, сол жылдары «Қор қаржысын қазақстандықтарға теңдей бөліп беру керек!» деген де пікірлер айтып, дүрліккендер аз болған жоқ. Бүгінгі таңда жаһандық экономикада қалыптасқан жағдайды көріп, мұнай мен басқа да шикізатты экспорттаудан түскен қаржыны талан-таражға салмай, сақтап қалған Елбасы саясатының дұрыстығына көзіміз әбден жетіп отыр. Жеке басымнан бір мысал келтірейін. Сол 2006-2007 жылдары мен облыс әкімінің орынбасары қызметінде бола жүріп, Ерейментау ауданына іссапарға бардым. Сонда Мемлекет басшысы жүргізіп отырған саясатты толығымен қолдайтын, халыққа білім беру саласында еңбек ететін өте сауатты азаматтың аузынан «Одан да әр азаматқа бір-бір шелек мұнайдан бөліп берсе, дұрыс болмас па еді?» деген пікірді өз құлағыммен естігенім бар. Қызығы сол, осы Жолдау жарияланғаннан кейін мен Ерейментауда тағы да жұмыс сапарымен болдым. Аудандық партия филиалының есеп-беру сайлау конференциясына қатыса отырып, сол кезді еске алдым. Бір айта кетерлігі – халық қазір өз Президенті қабылдаған сол шешімнің шын мәнінде дұрыс болғандығына анық көз жеткізіп отыр. Ұлттық қор ресурстарын пайдаланатын нағыз қауырт кезең енді жеткендей. Мемлекет басшысының Жолдауды әдеттегідей жыл басында емес, ағымдағы жыл аяқталмас бұрын жариялауының да сыры осында жатқан сияқты.
Еуропалық Одақ пен Ресей Федерациясы арасындағы ушыққан жағдай мен осыған байланысты тараптардың бір-біріне қарсылық ретінде қолданып отырған санкцияларының біздің ұлттық экономиканы да айналып өтпейтінін Елбасы дер кезінде сезіп отыр. Болжамдарға сенсек, биылғы және алдағы бір-екі жылда әлемдік экономикада айтарлықтай құлдырау болады. Томаға-тұйық жатқан ел емеспіз, бұл дағдарыстың республикамызға да әсер ету ықтималдығы жоғары. Осы ауыртпалықтар ел халқына сезілмесін десек, расында да, біздің Ұлттық қор қаражатына иек артқанымыз жөн. Бұл қыруар сома елімізде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, шағын және орта бизнесті қолдау, тұрғын үй бағдарламасын орындау халық үшін аса маңызды жай – үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептерді болдырмауға бағытталатын болады. Партияның сайлауалды тұғырнамасында 2016 жылдың аяғына қарай үш пен алты жас аралығындағы балалардың мектепке дейінгі мекемелермен қамтылуын 80 пайызға жеткізу міндеті қойылған еді. Біздің облыста бұл көрсеткіш бүгінде 92 пайызға жетіп қалды. Бірақ, бұл жалпы дерек. Кей өңірлерде жағдай өкінішке орай, ақсап жатыр. Мәселен, Көкшетау қаласында 11 мың бүлдіршін бала бақша кезегінде тұр. Аталған мәселені шешудегі партияның рөлі қандай болады деген сауалға келер болсақ, біз бюджетті бекітерде, осындай әлеуметтік маңызды мәселелерге баса назар аударуымыз керек. Қалыптасқан жағдайға көндіге берер болсақ, бұл проб-лема ондаған жыл бойы шешілмейді. Табиғи өсім мен көші-қонды еске алсақ, ол тіпті, бірнеше жылда шешуге келмейтін мәселеге айналуы да мүмкін. Дегенмен, өңірде барлық жағдай жаман деуге келмес. Бізде Целиноград ауданының Тайтөбе ауылындағы жағдайды қоспағанда, үш ауысымды мектептер мәселесі толығымен шешілген. Облыстық білім басқармасы мен жергілікті билік Тайтөбеде қазір балаларды икемделген ғимаратта оқытуда, онымен бір мезгілде мектеп құрылысы жүргізіліп жатыр.
Елбасы көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту мәселесін айтқанда, Астанадан еліміз бен әлемнің әр қырына тарайтын тас жол, темір жол және әуе жолын салу қажеттігін күннен тарайтын шұғыла сияқты, адам жүрегінен тарайтын қан тамырларына теңеуі ерекше әсер етті. Біздің өмір сүруімізге күн мен жүрек қандай қажет болса, жолдардың да маңызы сондай. Расында да, алыс-беріс пен барыс-келістің экономикалық өсімге айтарлықтай ықпалы талай мәрте дәлелденген жәйт. Елбасы өз сөзінде осындай жоғары талаптарға жауап берер жолдар санатында «Астана – Бурабай» автобанын атады. Яғни, бұл бізде осы үлгідегі жолдар көбейеді деген сөз.
Соғыс пен ұлтаралық қақтығыстарды көрмеген ұрпақ осылай болуының өзі заңды деп ойлауы мүмкін екенін Президент жақсы атап өтті. Расында да, қауіп аяқ астында. Бұдан бірнеше жыл бұрын айырылмастай дос болған елдерді берілмес дұшпанға айналады деп ойладық па? Украина сияқты бейбіт мемлекеттер бүгін міне, қандай жағдайда? Қарама-қайшылыққа толы әлемде мұндай апаттың айтып келмейтінін еске салғаны Ұлт Көшбасшысының мол өмірлік тәжірибесін айғақтайды. Өз ұрпағының келешегіне алаңдайтын біздің кез-келгенімізді де осы жағдайлар толғандыруы керек. Себебі, екі отбасының бірі ажырасып жатқан, құндылықтарға деген көзқарас өзгерген бүгінгі қоғамда балаларымыздың бойына төзімділік пен бейбітсүйгіштік, елжандық сияқты ең ізгі қасиеттерді сіңіре білуіміздің маңызы өте зор.
Енді аймақтағы партия филиалының жұмысы жайлы бірер сөз. Өңір мәслихаттарындағы депутаттардың 97 па-йызы нұротандықтар. Бізде жуырда партияның сайлауалды тұғырнамасының жүзеге асырылуын бақылау бөлімі құрылды. Тұғырнаманың негізгі тоғыз бағыты бойынша он екі әлеуметтік жоба жасалған. Аталған бағыттар негізінде тоғыз сарапшы тобы құрылып, оның әрбіріне аймақтық кураторлар белгіленіп отыр. Бұл сарапшы топтарына маманданған салалары бойынша облыстық мәслихат депутаттары жетекшілік етеді. Сайлау-алды құжатымыздың іске асырылу барысы бойынша өтетін осы топтардың отырыстарында өзекті мәселелер қаралады. Мәселен, жуырда біз тарифтерді белгілеудегі ашықтықты әңгімемізге арқау еттік. Ал, «Жасыл экономика» мен баламалы қуат көздерін қолдану мәселесі қаралған отырыста облыс орталығындағы №4 орта мектептің тәжірибесі негізінде биоқуат үнемдегіш осындай құрылғыларды облыстың барлық мектептеріне орнату туралы партиялық кураторлар сарапшы топпен бірлесіп арнайы тұжырымдама әзірлеуде.
Ағымдағы жылы бізге Орталық аппараттағы Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес өкілдері келіп, аталған кеселмен күрестің жай-күйіне баға беріп кеткен болатын. Өкінішке орай, бұл тұрғыда облыстағы жергілікті атқарушы органдар тарапына біраз сын-ескертпелер айтылған еді. Жуырда сол тексерушілер бізге қайта келіп, айтылған бұл сын-ескертпелерден тиісті қорытынды шығарылғандығына көз жеткізіп кетті. Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасы Құқықтық статистика орталығы мен облыстық Тәртіптік кеңестің деректеріне сүйенсек, ағымдағы жылдың алғашқы тоғыз айы мен былтырғы жылдың осындай есептік кезеңінде жасалған жемқорлық қылмыстар санында айтарлықтай оң айырмашылық бар. Мәселен, былтыр мұндай құқық бұзушылықтар саны 163 болса, биыл ол көрсеткіш 36-ға азайып, 127-ні құрап отыр. Бұл жағдайларға қатысы бар нұротандықтар саны да 43-тен 25-ке дейін азайды. Ендігі меже бұл жұмыс буынында «нөлдік төзімділікке» қол жеткізу болып табылады.
Жолдаудың жыл аяғында қабылдануы Үкіметтің Ұлттық қордан бөлінетін қаражатты игеруге мұқият дайындалуына мүмкіндік беріп отыр. Біз де қазір облысымызға нақты қандай сома бөлінетінін, оның қай салаға, қай нысанға бағытталатынын білмейміз. Дегенмен, өңір басшысының бастамасымен аймаққа аса қажетті деген әлеуметтік нысандардың жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленуде. Бұл да ол құжаттарды ұзаққа созбай әрі құрылысты салуға тағы біраз уақыт шығындамай, қаржыны өз мерзімінде игеруге бағытталып жасалып отырған қадам. Қаржы көзі нақтыланған кезде біздің тарапымыздан да сол қор қаражаттың тиімді игерілуіне бақылау болатыны сөзсіз. Саяси кеңес отырысы барысында Партия Төрағасы «Нұр Отанның» 2007-2009 жылдардағы дағдарыс кезеңінде өзін нақты қадамдарға бара алатын сенімді партия екендігін дәлелдегенін атап өтті. Сайлауалды тұғырнама мен мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысын бақылау міндеті ойдағыдай орындалуда. Сондықтан да болар, жаңа экономикалық саясаттың сәтті іске асуында да партияға артылар жүк жеңіл емес. Мен бұл бақылау функциясын партияның ойдағыдай іске асыра алатындығына сенімдімін. Адаммен көзбе-көз қарым-қатынасты ешқандай да амал-тәсіл алмастыра алмайды. Кез-келген адамды орынды айтылған бір сөзбен рухтандыруға болады. Міне, сондықтан, Жолдаудың түпкі мәнін халыққа жеткізу үшін бізде әрқайсысының құрамына тоғыз адамнан кіретін төрт ақпараттық-насихат тобы құрылды. Осылайша партия филиалы алда тұрған қыруар міндетті іске асыруда жан-жақты, тұжырымды іс-қимылға көшуді көздеп отыр.