Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Биыл қамыс та, құрақ та шөп болатын түрі бар. Жерден өнгеннің бәрін жинап алған жөн - АРҚА АЖАРЫ

Биыл қамыс та, құрақ та шөп болатын түрі бар. Жерден өнгеннің бәрін жинап алған жөн

Өңірдегі малсақ қауымның бағымында 544,2 мың қара мал, 741 мың қой-ешкі, 248,4 бас жылқы бар. Осы малды қыстатып шығару үшін 1181 мың тонна шөп қажет. Әзірге шабылып, жиналғаны 760 мың тонна немесе барлық көлемнің 64,39 проценті ғана. Биыл малшы қауымның көңілі күпті. Мамыр-маусым айларында аспаннан нәр тамбады. Оның үстіне күннің көзі де шыжғырып тұрып алды.

Өткен қыста қар жылдағыдан мол түскендіктен жұрттың жағасы жайлауда болатын. Үміт ақталмады. Қар суы көктем шығысымен ілезде кеуіп кетті. Жылдағыдай өзендер де тасыған жоқ. Көктемгі қар суы жиналатын өзекшелер мен қара сулар мамыр айының соңында кеуіп қалды. Ауыл тұрғындары мал суаратын су көзін таппай қиналуда. Ертеректе бітеліп қалған, кейін ешкім ескермеген бұлақ көздерін іздеп қарекет етуде. Жайылымда құдық қазып алуға қаражат жоқ. Жығылғанда жұдырық дегендей, өңірдің далалы аймақтарында шөп мүлде көтерілмей қалды. Орманды өңір біршама тәуір. Мамандардың айтуына қарағанда, шөптің биіктігі орташа есеппен 15-20 сантиметрге жетер-жетпес. Соның салдарынан өнім де көңіл тоғайтпай тұр. Мәселен, шөп шауып жатқандардың бүгінгі мәліметінше, гектар берекесі шамамен 2,5-3 центнерден айналуда. Күнімен бос айналғандықтан аз шөптің өзіндік құны да шарықтап тұр. Түсінікті болу үшін мысал келтіре кетелік, ауа райы оншалықты қолайлы болмаған 2019 жылдың өзінде әр гектардан 6,2 центнерден шөп жиналған. Былтырғы жыл біршама тәуір болды. Шабындықтың әр гектарынан 7,8 центнерден шөп жинады.
«Қазгидрометтің» мәлімдеуінше, өңірде мамыр-маусым айларында 13,1 және 19,1 миллиметр ылғал түскен. Жылда бұл уақытта шамамен 33-35 миллиметр жаңбыр жауатын. Құрғақшылық жылы ылғал көлемі екі еседей аз болып тұр. Осыған орай, шабындықтағы шөп шығымы да әрқилы. Мәселен, өңірдегі барлық шабындықтың 1,8 миллион гектары немесе 40 проценті тәуір деп есептейтін болсақ, 2,5 миллион гектары сәйкесінше 55 проценті қанағаттанарлық деңгейде. Ал, 228,1 мың гектары немесе 5 проценті мүлде нашар.
Биыл өңірде 1,5 мың шөп дайындайтын бригада қауырт жұмыс істеуде. Шөп науқанына 8 мыңға жуық трактор, 2,5 мың дана тіркемелі шалғы, екі мыңға таяу шөпті жинап буатын құрылғы пайдалануда. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарағанда, жемшөп дайындауға қажетті жанар-жағар май жеткілікті. Бұл тарапта жемшөп дайындауға арнайы субсидияның жоқтығын екпін түсіріп айта кетуге тиістіміз. Өңірде қазір дизель отынының құны шарықтап кеткен. Субсидия күзгі жиын-терінге бір-ақ беріледі. Шаруаға көмек жергілікті әкімдердің тарапынан жасалуы тиісті. Бірақ, олардың қолында мұншалықты көлемде дизель отыны жоқ.
Тығырықтан шығар жол қайсы?! Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Еркеш Әленовтың айтуы-
на қарағанда, ауыл шаруашылығы құрылымдарымен жұмыс жүргізілуде. Айталық, шетелдік астық комбайндары сабанды турап тастайтын. Құрғақшылыққа байланысты ендігі арада сабанды турамай, атжалға түсіріп, халыққа тарату туралы тапсырма берілуде. Аз да болса сеп. Бірақ, ылғалдың жоқтығынан дәнді-дақылдар да бой салып өспей қалды. Сол себепті, талпыныс болғанымен, сабаннан да қайыр болмауы әбден мүмкін.
–Қолда бар малды қаһарлы қыстан аман алып шығу үшін техника бара алмайтын, егістік жерге жарамсыз сай-сала мен өзен-көлдердің жағалауларын шауып, амалдау қажет, – дейді Еркеш Әленов, – қамысты да, құрақты да жинап алған жөн. Қазір өңірдегі орманды алқаптардың шығымы біршама тәуір. Жерде өнгенді жерде қалдырмай, қара күзге дейін қимылдасақ, мал азығын қамдауға әбден болады.
Одан қалды көптеген серіктестіктердің кәдеге аспай жатқан шабындықтары мен жайылым жерлері пайдаланылуда. Жергілікті әкімдіктер қазір осындай талап қойып отыр. Жасыратыны жоқ көптеген серіктестіктер егістік жерді ғана пайдаланады. Бұл мәселе бұған дейін де талай рет көтеріліп, айтылған болатын. Жерден айырылмау үшін қулыққа көшкен серіктестіктер өздері меншігіне алған жайылымдық жердің шамамен 20 процентін ғана пайдаланып мал бағатын. Қолданыстағы заңға сәйкес мал ұстағаннан кейін олардың жерін мемлекет меншігіне қайтарып алу өте қиын. Өйткені, мал бағып отыр ғой. Ал, жер толық пайдаланылмайды. Биылғыдай қысылтаяң кезде тоқымдай жер болса да толық кәдеге асырылса жөн. Тиісті орындар өңірде 1 миллион гектарға жуық жердің бос жатқандығын айтып дабыл қаққан болатын. Ел игілігі үшін, қолда бар малдан айырылып қалмау үшін қалайда осы бос жатқан жерлерді шабындыққа, жайылымға пайдалансақ қана төрт түлік мал жұтқа ұшырамас еді. Әрі ұзақ жылдар бойы шалғы тимей, адам аяғы бас-
пай тусырап жатқан жерде биылғы шөп сұйық болса да, былтырғы өліқаудың бары анық. Тым құрығанда жылқының қысқы тебініне әбден жарап жатыр. Жылқымен айналысатын шаруашылықтар осы бос жатқан жерді қыста тебінге пайдалануға әбден болады емес пе? Әйтпесе, елді мекеннің төңірегіндегі алақандай жайылымдық жер тұяқкесті болып тозып біткені ешкімге жасырын сыр емес. Ол жерде қой-ешкі де, сиыр да, жылқы да бағылады. Малмен көзін ашқан көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, жылқы жайылған жерге қара малды шығару бері қойғанда әбестік. Жылқының тісі қысқыш тәрізді орналасқан, ол шөпті тамырына дейін тістей алады. Ал, қара мал тілімен орап жейді. Жылқыдан кейін сиырдың сыбағасы сұйылып кетеді.
Жылда мал сүмесімен күн көретін ауылдағы ағайынның ішінде қолында техникасы жоқтар жемшөпті сатып алып дағдыланған. Биыл ондай кеңшілік болмайтын сыңайлы. Техникасы барлар өздерінің бағымдағы малынан артылғанын сатып, жемшөп дайындауға жұмсалған жанар майын ақтайтын. Қазір алдымен өзін жарылқап алулары керек. Сондықтан, бұл тараптағы мүмкіндік жоқтың қасы.
–Жері құнарлы Біржан сал ауданында да шөп шығымы ала-құла. Жаз бойы жауын жаумағандықтан тамырына дейін күйіп кетті. Жылда мал азығын молынан дайындап алатын шабындықтағы шөп шалғының тісіне ілікпейді, – дейді «Шарипов» шаруа қожалығының басшысы Әсет Шарипов, – сондықтан қолат-қойнаудағы, сай-саладағы, өзекшедегі шөптің бәрін жинап алуға тырысу керек. Қамыс шапсақ та қарап отырмайық. Біздің шаруашылық төрт түліктің төресі – жылқымен айналысады. Бағымымызда 200-дің төңірегінде жылқы бар. Өз төлі есебінен көбейтуге мүмкіндік болғанымен, жайылымдық, шабындық жердің тарлығы қолбайлау болып отыр. Соған қарамастан жылқы басын мыңға жеткізген шаруашылықтарды да білеміз. Менің көзқарасымда бұл дұрыс емес. Мал азығын қамдап алмайынша, малдың басын көбейткеннен пайда жоқ. Әркім көрпесіне қарай көсіліп, шамасына қарай шақтауы керек. Қазір ауылдық жерлерде жылқышы тауып алудың өзі мұң. Атқа мініп, құрық ұстап жылқы бағатын жылқышы жоқ. Автокөлікпен әйтпесе, мотоциклмен бағады. Ауылдағы ағайын жылқыны егін орағы аяқталғанша қамап бағып отыр. Қара қарғаның миы қайнайтын ыстықта күнұзақ шарбақтың ішінде қамаулы тұрған мал өсе ме?! Ал, егін орағы қоңыр күзге дейін созылады. Арғы жағы қарлы жаңбыр. Жілігіне май бітпеген жылқының тебінге шыдауы мүмкін емес. Мал ішінде өлім-жітімнің көбеюі осындай қырсыздықтан болып тұр.
Шынтуайтында малсақ қауым үшін ауа райы жыл сайын қолайсыз болып тұрғандықтан, табиғи шөптің шығымына иек арту, соған сену қиындай беретін түрі бар. Демек, бос жатқан жерлерге екпе шөп еккен ләзім. Сонда ғана мал азығын молайтуға мүмкіндік туады. Бұл орайда өңірде аздаған ұмтылыс бар. Мәселен, өткен жылы 186 мың гектар алқапқа әртүрлі мал азығындық дақылдар егілсе, биылғы жылы бұл көлем 4 мың гектар алқапқа молайтылыпты. Мамандардың айтуына қарағанда, табиғи шөптен гөрі екпе шөп алқаптарының шығымы тәуір.
–Ауылдағы төрт түліктің арқасында күн көріп отырған адамдардың ішіндегі жалғызілікті жандардың жағдайын ойлау бас-
ты назарда, – дейді Еркеш Әленов, – ірі серіктестіктер мен шаруа қожалықтарының басшыларына ұдайы тапсырылуда. Бұрын пай есебінен тиісті қаржы немесе астық бөлінсе, енді мал азығымен қамтамасыз ету талап етілуде.
Шілдеде көптен тосқан жаңбыр ептеп бой көрсетіп, қуарып, шаң басқан дала еркін тыныс алғандай болды. «Қазгидромет» мекемесінің мәліметіне қарағанда, тамыз айында да жауын жауады деп болжанып отыр. Шөп буыны қатып, ішінара қурап кеткенімен, көк өскіннің шығуы көңілге үміт ұялатады. Дегенмен, бар мүмкіндікті тегіс пайдаланған абзал. Сонда ғана қамданғанның қапы қалмасы анық.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар