Қазақ «Шөбі жоқ деп жерден түңілме, мал бітпес деп ерден түңілме» деген. Биылғы жылы қуаңшылық деп малсақ қауым қауіптеніп отыр. Жыл сайын шөбі шалғын шығатын Жарқайың ауданын да қуаңшылық айналып өтпегенге ұқсайды. Қалай дегенмен де алқапта еңбек қызу.
Шаруалар әр күнді қолайлы пайдаланып, қажетті мал азығын дайындап қалуды көздеп отыр.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің берген мәліметіне зер салатын болсақ, аудандағы малшыларға биыл 40 458 тонна шөп қажет. Қазіргі таңда оның 30 пайызға жуығы дайындалған. Әрине, биылғы қуаңшылыққа сәйкес, жемшөп дақылдарының шығымы былтырғымен салыстырғанда біршама төмен. Бұл жарқайыңдықтар ғана тап болған мәселе емес. Қуаңшылық еліміздің көптеген өңірінде болып отыр. Қай өңірді алып қарасаңыз да, қазіргі таңда мал азығын жеткілікті етіп дайындау басты мақсат болып саналады.
Аудандағы шабындық алқаптың көлемі – 8520 гектар. Бір жылдық мал азықтық дақылдарының егіс алаңы – 4700 гектарды құрайды. Оның ішінде 700 гектарға көпжылдық шөп егілді. Жемшөпті дер кезінде жинау үшін жанар-жағар май мәселесінде іркіліс жоқ. Қажетті техникалармен де жабдықталған. Жыл сайын техника паркі жаңартылып отырады. Қазірдің өзінде ауданда 10,2 мың тонна жемшөп жиналды. Алдағы жоспар бойынша бір жылдық шөп шабылып, одан кейін арпа, сұлы, содан соң сабан жиналады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Жарқайың ауданы.
Қуаңшылық деп қарап отыратын кезең емес
Ағымдағы жылғы қуаңшылыққа байланысты жалғыз біздің аймақта ғана емес, тұтастай елімізде мал азығын дайындау мәселесі өте өзекті болып тұр. Дегенмен, шалғайдағы Егіндікөл ауданында да бұл жұмыстар жанданып, науқан қызу жүріп жатыр.
«Қыстың қамын жаз ойлаған» еңбеккерлер мал азығынан тарықпас үшін бар күшті жұмылдыруда. Аудандық әкімдіктің баспасөз қызметінің берген мәліметіне сүйенетін болсақ, биылғы жылы Егіндікөл ауданы бойынша жаздық егіс 303 400 гектарды құрап отыр.
Оның ішінде бидай 290 843 гектар болса, арпа 11196 гектар, сұлы 736 гектар. Аудан бойынша мал азығына қажеттілік 23 мың тоннаны құрайды. Бүгінгі таңда 13,2 мыңнан астам өнім дайындалды. Әрине, бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда едәуір төмен. Алайда, алдағы күннен үміт көп дейді сала басшылары.
Облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың тапсырмасы бойынша әр ауданда аудан әкімі басқаратын жедел штаб құрылды, ол жемшөп дайындау бойынша атқарылып жатқан іс-шараларға мониторинг жүргізеді. Биыл аудан бойынша егіс көлемі 358 мың 731 гектарды құрап отыр, оның ішінде дәнді-дақылдар көлемі 303 мың 400 гектарды құрайды. Биылғы астық жинау науқанына 503 комбайн, 271 трактор жұмылдырылмақшы.
Атап өтуіміз керек, бұл өңірде ауыл шаруалығымен айналысатын 43 серіктестік бар.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Егіндікөл ауданы.