Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қорғансыз бала, шарасыз ана... - АРҚА АЖАРЫ

Қорғансыз бала, шарасыз ана…

Жан баласы бақытты болу үшін жаралған. Әсіресе, үйдегі бала әсте, әке-шешесінен қамқорлық күтеді. Менің әкем, менің анам, бауырларым деп толғана сөйлейтініміз де, солар десе жүрек дір ете түсетіні де – балалық шақта сол аяулы жандардың қамқорлығын көргеннен болар!..

Соңғы уақытта дүбірлеген дүние жаңалығын телефон арқылы білетін болдық. Жан түршіктірер сұмдық оқиғаларды көріп, білгенде көңілге еріксіз мұң ұялайды. Әсіресе, үлкендердің қорлығына тап болған, жәбір, зорлық-зомбылық көрген жауқазындар, қорғансыз балалар, соққыға жығылған аналар көп…

«Сүймеген сәби»

Жүрегіңмен жалғасқан өз балаңды сүймеу мүмкін бе? «Мен қаламаған, сүймеген сәби бұл» дейтіндер көп қазір. Таяуда Ақмола облысында өзінің шаранасын 1 миллион теңгеге сатып жіберген ана ұсталды. Сұмдық жағдай! Сирек өскен қызғалдақтың өзі жеті есе қымбат. Ал, адам өмірін, оның үстіне жауқазын ғұмырды байлықпен алмастыруға, ақшаға сатуға болмайды ғой, әсте! Туғанынан қатыгездік көрген шарананың былайғы ғұмыры қалай өрбиді деп ойлады екен сормаңдай? Аппақ, риясыз жүрегіне өз анасы дақ салғаны қалай? Туған анасы сүймегенде, ол өмірді қалай сүйе алады енді?..
Осындайды көргенде қазақпын деп көк туды желбіретіп, атқа қонған ағалар қайда-ау, дейді жүрек сұрақтың астына алып. Ұлттық намыс алдымен, жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған елдің мызғымас бірлігімен айшықталады емес пе. Біз де сондай намысты ел едік қой!
Соңғы ресми деректерге сүйенетін болсақ, Қазақстанда 25610 бала жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жәудіркөздер қатарында. Яғни, олар өз ата-анасымен емес, панасына алған отбасыларда тәрбиеленіп жатыр. Ал, 5044 бала мамандандырылған ұйымдарда. «Жайсыз» отбасы деп саналатын шаңырақтарда 17 мың бала тәрбиеленіп жатыр. Орта есеппен жыл сайын екі мыңға жуық әке-шеше ата-ана құқығынан айрылады. Жасырары жоқ, балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан балдырғандардың сексен пайызы «тірі жетімдер».
Иә, өмірден өз орныңды тауып, есейген шақта әкең бақилық болса, сол сәтте-ақ, өмірдің өкпек желінде қалғандай әсерде болатының бар. Ал, жастайынан әке-шешесіз өскен бала қандай күйде болмақ?! Мамандардың айтуынша, жылына сексенге жуық нәресте сәбилер үйіне осылай керексіз болып, әкеліп тасталады екен.
Бала шыр етіп жылағанда ана жүрек дір ете қалады ғой. Табанына кірген тікен маңдайыма қадалсыншы деп бәйек болған аналар қайда? Бар-ау! Жоқ емес, сірә, мың шүкір бірақ, зұлымдық көп қой қазір. Өз анасы қорғай алмаған баланы айтпағанда, отбасылық жылулыққа бөленіп отырған бөбекті де зұлымдықтан өбектеп, қорғау, оңай болмай отыр қазір. Себебі, зорлық-зомбылық көшеде ғана емес, тіпті білім мекемелерінде де көрсетіліп жатқандығы туралы көп деректер көрініс табуда. Мәселен, таяуда Ақтөбедегі бір білім мекемесінде жеті жасар баланы зорлаған жантүршігерлік жағдай жария болды. Білім шамшырағы аталатын мектепте осындай жағдайлар болып жатса, көшеде нендей сұмдық болмай жатыр дейсіз?
Өткен жылы елді дүр сілкіндірген, ел өре түрегелген Сәтпаев қаласындағы бес жасар қызға жасалған зорлық фактісі. Бұл жылдар өтсе де жазылмайтын жара…

Тұрмыстық зорлық зары

Қорғансыз баланы тілге тиек еткен сәтте, өзгені айтпағанда өзі сүйіп қосылған күйеуінен қағажу көрген әйелдердің мәселесін де тілге тиек етсек орынды болар. Бір ғана мысал, Қазақстанда жыл сайын тұрмыстық зорлықтан 300-ден астам әйел өлім құшады екен. Соңғы бірнеше жыл қатарынан елімізде жылына әйелге қарсы 2,5 мыңға жуық қылмыс тіркеліп отыр.
Жалпы, жер-жерде қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдар басқаратын тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған «Дағдарыс» орталықтары тиімді жәрдем көрсетіп келеді. Ақмола облысында да осындай орталықтар бар. Қазіргі таңда өңіріміздегі Көкшетау, Степногорск, Щучинск, Атбасар, Державинск, Макинск қалалары мен Ақмол ауылында тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арналған жеті орталық жұмыс істеуде. Ағымдағы жылдың басынан аталмыш орталықтарда 158 әйел мен 110 бала пана тауып отыр. Жыл соңына дейін Ақкөл қаласында тағы бір орталық ашу жоспарлануда. Ақмола облыстық полиция департаментінің берген мәліметтеріне сүйенетін болсақ, қабылданып жатқан шараларға қарамастан, отбасылық-тұрмыстық қылмыс деңгейі соңғы бес жыл ішінде өсу үрдісіне ие. Мәселен, Ақмола облысында 2017 жылы – 20, 2018 жылы – 41, 2019 жылы – 46, 2020 жылы – 62, осы жылдың бес айында 31 қылмыс тіркелген екен.
Тұрмыстық қақтығыстардың негізгі себептерінің бірі алкоголизм дейтін айықпас дерт болып отыр. Қылмыстың дені араққа сылқия тойып, мас болған сәтте жасалғаны анықталған. Бір ғана мысал, ағымдағы жылы жасалған 31 қылмыстың 19-ы осы арақтың залалынан туындаған.
Мамандардың айтуынша, әйелдер зорлық-зомбылыққа душар болса да, тиісті органдардан жасырып жүреді. Көп әйел өз күйеулерінің тепкісінен жығылып жатса да, көз жасын жасырын төгіп, көніп жүре беретіні бар. Ал, мұның барлығы балалардың психикасына өз әсерін тигізбей қоймайды. Содан барып, көше кезген қаңғыбас балалар пайда болады. Мәселен, өткен жылдың тамыз айында Щучинск қаласында анасын және өзін ішіп алып, соққыға жығып жүрген шешесінің көңілдесінен әбден зәрезап болған он жасар бала оны өлтіріп тынған. Ашу-ызадан булыққан бала жүрегі де төзе бере ме, шыдамайды ғой. Ересек қауым көбіне-көп балаларды бала санап, олардың көңіліне, психологиялық жай-күйіне баса мән бермейтіні бар. Осыдан кейін, орны толмас осындай қасіреттер орын алып жатады.
Балаларға көрсетілетін зорлық-зомбылық, әлімжеттік мәселесі кез-келген қоғамда өзекті. Осының залалынан кәмелетке толмаған балалар арасында суицид мәселесі де көптеп кездеседі. Анығы, балалар мен әйелдерді тағдырдың тақбезесін тарттырмауға, өмірдің өкпек желіне қалдырмауға тырысу керек. Себебі, әйел мен балаға қамқорлық қажет қашанда. Қазақ халқы әкені асқар тауға бекерден-бекер теңемесе керек. Жалғанда қорғансыз бала, жәбір көрген ана болмасыншы!..

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар