Шәкіртіне домбыраның құдіретін білгізген

Сонау Кеңес заманынан бері жұмыс істеп келе жатқан Есіл қаласындағы балалар музыка мектебіне жолымыз түсті. Сондағы мақсатымыз осы білім ошағында ұзақ жыл табан аудармастан еңбек етіп жүрген, бірнеше аспаптың тілін білетін аяулы ұстаз Нағима Хасеновамен әңгімелесу болатын.

Нағима Дулатқызы осы елдің тумасы. Кезінде өзі де аталған мектептің домбыра класын тәмамдаған. Мектепті бітірген соң 1986-1990 жылдары Арқалық қаласындағы музыкалық училищеде қобыз класында оқыған. «Училищеге оқуға түсуге барғанымда ондағы ұстаздар маған: «Домбыра тартуды білесің, енді жаңа аспапты үйренсейші деп қолқа салды. Сөйтіп, қобыз класына түсуді ұсынды. Ес білгелі шертпелі аспапта ойнаған маған алғашында ыспалы аспапқа ауысу қиындау болды. Бірақ, ұстазым, тәжірибелі қобызшы Бораш Әбеновтың арқасында қобыз тілін тез меңгеріп алдым», деп еске алған кейіпкеріміз училищені бітіргеннен кейін араға бірнеше жыл салып, яғни, 2004-2007 жылдары Арқалық қаласында жоғары музыкалық білім алған.
Ұстаздың аталған музыкалық мектепте еңбек етіп келе жатқанына биыл 31-інші жыл. Мұнда келген бойда ол балаларға домбырадан сабақ бере бастапты. Себебі, ол кезде қобыз аспабын негізінен өзге ұлттың өкілдері көп шоғырланған бұл ауданда көбі білмегендіктен оны үйренуге аса ықылас болмай, қобыз класына бірлі-екілі оқушы ғана барыпты. Ал, екінші жағынан қобыз кез-келген адамның ыңғайына келе бермейтін, жақсы есту қабілетін талап ететін күрделі аспап. Кейіпкеріміздің сонау тоқсаныншы жылдары осы аспапты өңірге алып келуі есілдіктер үшін тың дүние болған. Осы арада, музыкалық мектепте жетіген класын алғаш ашқан адам осы Нағима Дулатқызы екенін айта кеткеніміз жөн.
Бүгінде ол балалар музыка мектебінде ұл-қыздарды домбыра, прима қобыз және жетіген аспаптарына баулып қана қоймай, халық аспаптар оркестріне дирежерлік етеді және екі жыл бұрын өзі құрған «Сұңқарлар» деп аталатын домбырашылар ансамбліне жетекшілік жасайды. Музыкалық мектептің жоғары сынып оқушыларынан құрылған «Сұңқарлар» ансамблі екі жылда халықаралық, республикалық, облыстық байқаулардың жүлдегері атанып үлгеріпті. Үстіміздегі жылы ансамбль Манарбек Бексейітов атындағы IV республикалық «Өнер қанаты» жас музыканттар байқауында екінші дәрежелі дипломмен марапатталған.
–Негізі аспапты тоғыз жастан бастап үйреткен дұрыс. Себебі, бұл жаста бала саналы түрде үйренемін деп шешім қабылдай алады. Дегенмен, біз шәкірттерді алты жастан қабылдағандықтан оқу мерзімін 7 жылға дейін ұзарттық. Бастапқыда баланың ритмін, есту қабілетін, зейінін дамытамыз. Қазір менде қобыз класында Аружан Жанат, Жәния Сәлімгерей есімді екі оқушы білім алуда. Аружан түрлі байқауларға қатысып жүр. Жас домбырашы Ерасыл Молдаш та болашағынан үміт күттіретін дарынды бала. Ешкімді бөле жарғым келмейді. Барлық шәкірттерімнің аспаптарды үйренуге деген ықыластары зор деп нық сеніммен айта аламын. Өйткені, олардың бойына ұлттық аспаптарымызға, музыкаға деген махаббатты сіңіруге жанымды салып тырысамын. Аспапты меңгерткенде әуелі нотадан, музыканың не екенін түсіндіруден бастаймын. Музыканы барлық жерден естуге болады. Құстардың ән салғаны, жапырақтардың сыбдыры ­– бәрі әуен. Ол әуен жай шықпайды. Онда физика заңы, табиғат, тарих, өмір бар, бәрі бір-бірімен байланысып жатыр, ­– деген кейіпкеріміз әңгіме барысында балаларды музыкаға баулу, аспапты үйрету оңай оспап шаруа еместігін, дегенмен, еңбек жолында алдына келген бірде-бір шәкірті оқуын тастап кетпегенін айтады. Ұлағатты ұстаз шәкірттерінің жетістігіне қуанып, содан өзіне зор шабыт алады. Оның Әрсен Аманжолов есімді оқушысы бүгінде Астанадағы қазақ ұлттық өнер университетінің музыкалық колледжінде білім алып жүрсе, Әбілмансұр Қазыбек есімді тағы бір оқушысы Бурабай ауданы Щучинск қаласындағы «Айқанат» мектебіне оқуға қабылданған.
­–Осы жылдар ішінде басқа өңірлердегі филармонияларға, ансамбльдерге жұмыс істеуге талай шақырту алдым. Алайда, менің орным осы тұрған жерімде деп есептеймін. Осы мектепте қалуымның тағы бір себебі ­– мен балаларға жақынмын, олармен жұмыс істеген ұнайды. Олар да мені жақсы көреді, – деген Нағима Хасенова 2019 жылы Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін еліміздің Білім және ғылым министрінің Алғыс хатымен, әр жылдары облыстық білім басқармасының, байқау ұйымдастырушыларының Алғыс хаттарымен марапатталған.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Есіл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар