Абай күні аталып өтті

10 тамыз – қазақ әдебиетінің дара шыңы, қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының туған күні. Абай күні – Қазақстан Республикасының мерекелік күнтізбесіне енген күн. Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен 10 тамыз Абай күні болып белгіленген. Бұл мереке 2020 жылы ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойы қарсаңында бекітілген болатын.

Шын хакім, сөзің асыл – баға жетпес,
Бір сөзің мың жыл жүрсе, дәмі кетпес.
Қарадан хакім болған сендей жанды,
Дүние қолын жайып енді күтпес –
деп Мағжан ақын жырлағандай. Осы орайда қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінің жанындағы Абай әдеби орталығы ойлы оқырмандарына онлайн шаралар топтамасын ұсынды. «Абай» әдеби орталығы өткен жылы ақынның 175 жылдық мерейтойына орай ашылған болатын. Содан бері Абай мұрасын сүйіп оқитын оқырмандарына қалтқысыз қызмет етіп, шетелдегі «Абай» орталықтарымен, еліміздегі Абай мұрасын зерттеу институттарымен, мұражайлардың қатысуымен халықаралық, республикалық шаралар өткізіп келеді. Биылғы айтулы мерекеге орай өткізілген шарада:
Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,
Жоқ-барды ертегіні термек үшін.
Көкірегі сезімді, тілі орамды
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін,– деп ақынның өзі жырлағандай, ғибратқа толы өлең-жырлары жатқа оқылып, ақын әлеміне саяхат жасалып, әуезді әндері шырқалды. Қала тұрғындарына «Қалташадағы өлеңдер» жинағы таратылды. Өз кезегінде қала тұрғындары да ұлы ақынның танымал әндерін орындап, әр қазақтың санасында сақталған өлеңдерінен үзінділер оқыды.
Білімдіден шыққан сөз,
Талаптыға болсын кез.
Нұрын, сырын көруге,
Көкірегінде болсын көз, –
дегендей дана Абайдың асыл сөздерінің астарын ұғатын ұрпақтар көп болсын.
Көп адам дүниеге бой алдырған,
Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.
Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?!.
Абай атамыз өмірден көшсе де, артында қалған өшпес мұрасы ғасырлармен тілдесіп, қазақ халқымен бірге жасай бермекші!
Гүлжанар Бодаубай,
Көкшетау қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінің қызметкері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар