Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жаңа оқу жылына дайындық мәселелері қамтылды - АРҚА АЖАРЫ

Жаңа оқу жылына дайындық мәселелері қамтылды

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Валерий Гамазов былтыр пандемия жағдайында қашықтықтан оқытылған, ал, биыл дәстүрлі форматта басталғалы отырған жаңа оқу жылына дайындық мәселелері туралы айтып берді.

Жаңа оқу жылына санаулы күн қалды. Биылғы 2021-2022 жаңа оқу жылында облыста 552 мектеп дәстүрлі форматта оқу жылын бастағалы отыр. Бала санының аздығына байланысты биыл ауылдық жерлердегі 4 мектеп жабылды. Жалпы білім беретін мектептерге жаңа оқу жылында 130 мыңнан астам оқушы барса, олардың 13 659-ы мектеп табалдырығын алғаш рет аттайды.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, сабақтар дәстүрлі форматта өтеді. Пандемияға байланысты алғашқы қоңырау шарасы тек бірінші сыныпқа баратын оқушыларға ғана өткізіліп, оларға салтанатты түрде «Әліппе» мен «Букварь» тапсырылады. Қалған сыныптарда оқушыларға арналған тәрбие сағаттары өтеді. Биыл сабақ уақыты 45 минуттан болады, ал, 5 немесе 6 күндік оқу кестесін әр мектептің әкімшілігі ондағы оқушылар саны мен жүктемесіне сәйкес өздері белгілейді. Факультативтік сабақтар қысқартылады, –деді басқарма басшысының орынбасары Валерий Гамазов.
Білім беру мекемелерінің барлығында қызметкерлер мен педагогтарды, мектепке келетін ересектерді өткізуге арналған «Ashyq» қосымшасы қолданылатын болады. Ал, коронавирусқа қарсы вакцина алу бо-
йынша айтар болсақ, облыстағы жалпы білім беретін мекемелердегі педагогтардың 98 пайызы, қызмет көрсетуші персоналдың 95 пайызы екпе салдырыпты. Қазіргі уақытта білім ордаларына санитарлық талаптарды сақтауға қажетті қосымша құрал-жабдықтар алынып жатыр екен.
Жыл сайын республика бойынша «Мектепке жол» акциясы өткізіледі. Бұл қайырымдылық жобасы биыл да облыста жалғасын табуда. Көп балалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына, нақты айтқанда 16 мыңдай балаға осындай материалдық көмек қажет екен. Бүгінде осы тізімдегі оқушылардың 70 пайызы өңір меценаттары мен «Жалпы білім» қорынан бөлінетін қаржы есебінен мектепке керек-жарақтарымен қамтылған. Сонымен бірге, брифинг барысында оқушыларға мектеп формасын кию міндеттелмейтіндігі, оларды оқу құралдарымен толық қамту мәселелері де кеңінен айтылды. Биыл 1 сынып оқушыларына толығымен жаңа оқу құралдары таратылады екен. Жалпы білім ордаларын оқу құралдарымен қамту үшін бюджеттен 1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініпті.
– Мектептерді кадрлық жағынан да қамтамасыз ету негізгі жоспарда. Облысқа әлі де 83 маман қажет. Жыл сайын облысқа шамамен 500 маман келеді, солардың басым бөлігі ауылды жерлерге жіберіледі, дей келе басқарма басшысының орынбасары облыстағы үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептер туралы да мәлімет берді. Биыл осы мәселені шешу үшін 3 мектеп жаңадан пайдалануға беріледі екен.
– «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасы бойынша 2025 жылға дейін елімізде 800 мектеп жаңадан салынып, ауылдық жерлердегі 5 мың мектеп жаңғыртылуы тиіс. Осы орайда, біздің облыста 38 мектеп жаңадан бой көтеріп, 470 мектеп жаңғыртылуы қажет. Осы мақсатта биыл 10 мектеп пайдалануға беріледі, –дей келе Валерий Георгиевич күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары туралы мәселелерге де тоқталды.
Брифингте мектептердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, білім ордаларын мамандандырылған күзетке көшіру, дабыл түймелерін орнату, бейнебақылау камералары мен оларды құқық қорғау органдарының орталықтандырылған басқару жүйесіне қосу, балалардың мектепке турникеттермен өткізу секілді жағдайлар да назардан тыс қалмады.
Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар