Көктемгі егісті ерте жүргізіп, орақты да ерте бастап отыр

Облысымызда егін орағы жаппай өріс алмаса да, көктемде дәнді дақылдар тұқымын ерте сепкен шаруашылықтар орақты іріктеп бастап жатыр. Мәселен, Зеренді ауданында да егіс алқаптарынан қуатты техника дүбірі жиі естіле бастады. Биыл ауданда 288,9 мың гектар дәнді дақылдар өнімін жинап алу міндеті тұр.

Оның 206 мың гектары бидай, 65 мың гектары майлы дақылдар, 2 мың гектары картоп және 400 гектары көкөніс алқаптарын алып жатыр. Тамыздың 20-ына қарай ауданда 4 мың гектар жердің егіні атжалға жығылса, оның бір бөлігінің астығы бастырылды. Сөйтіп, қырманға 1 мың тоннадан астам жаңа егіннің өнімі жөнелтілді. Орташа астық шығымдылығы гектарына 4,4 центнерден айналуда. Бұл әзірше үлкен науқанның басы ғана. Сондықтан, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Серік Сабыровтың айтуынша, гектар берекесі бұдан анағұрлым мол болады деген сенім бар. Өйткені, жылда астықтан мол өнім алатын «Викторовское», «Зеренді Астық» және тағы басқа шаруашылықтар биылғы қуаңшылық жылдың өзінде әр гектардан 9-10 центнер өнім жинаймыз деп құлшынып отыр.
Өңірдегі тағы бір озат шаруашылық – «Диқан плюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биылғы көктемгі егіс жұмыстарын алғашқылардың бірі болып бастап, ерте аяқтап еді. Осыны жылдағы дәстүрге айналдырған серіктестік диқандары орақ науқанына да күн ілгері кірісті. Былтыр дәл осы шаруашылық осынау жауапты науқанды қыркүйектің алғашқы онкүндігінде аяқтап, өзіндік елеулі бір жетістікке қол жеткізген болатын. Әр гектардан орташа есеппен 11,6 центнерден ырыздық дәнін жинаған озат серіктестіктің биылғы іс-жоспарлары да жаман емес. Сол жоспарлардың сәтті іске асуы үшін шаруашылық қазірдің өзінде өнген өнімді шашпай-төкпей жинап алуға кірісіп кетті. Серіктестік директоры Денис Швайбовичтің қазір бір минут та бос уақыты жоқ. Сондықтан, алқап басында онымен қысқа ғана сөз қайырыстық.
–Биыл 22780 гектар алқапқа дәнді және майлы дақылдар сепкен болатынбыз. Оның 6,3 мың гектары күнбағыс, 2,6 мың гектары зығыр дақылдары, ал, бидайдың қатты сорттары 13,3 мың гектар алқапқа орналастырылды. Күн сайын ылғал үшін күресіп, қолдан келгеннің бәрін жасауға тырыстық. Соның нәтижесінде күнбағысымыз жаман шыққан жоқ. Ал, бидай бойынша мәселе күрделі. Аптап ыстықтан маусымның екінші онкүндігіне қарай бидай сабағы масақтана бастады. Тұқым себуді ерте жүргізетініміз де осы себептен. Жаңбыр жаумаса, біздің климаттың жағдайында ылғал тез құрғай бастайды. Жылда өзіміз сынақтан өткізген бидайдың екі қатты сортын себеміз. Оның бірі Италия-да шығарылған сорт. Қатты бидайдың кеш пісетін сортына жатқызылады. Бірақ, біз оны сәуірде себетіндіктен, тамызға қарай негізінен, пісіп қалады. Биылғы шілденің жауыны тақа ештене берген жоқ. Қайта көк шөп шығып, арамшөп бой көтерді. Сондықтан, химиялық өңдеуге көп мән беріп жатырмыз. Міне, осындай жағдайда егін орағын бірден бастап, 4 мың гектар алқаптан 1,8 мың тонна астық жинап алдық. Шығымдылық әзірше гектар басы 4-5 центнерден айналуда. Жақсы алқаптар алда. Бұйырса, орта есеппен 10 центнерден өнім аламыз деп отырмыз. Биылғыдай ауа райы күрделі жылы бұл жаман көрсеткіш емес. Біз шаруашылық басшысынан жанар-жағар май мәселесінің қалай шешіліп жатқанын сұрадық. Қазір алқапта шетелдік 16 комбайын жүрген көрінеді. Жағар майдың 1 литрі 184 теңгеге түсуде. Бұл Үкіметтің жеңілдетілген бағасы. Техника осы қажеттермен толық қамтамасыз етіліп, тұрып қалу дегенді білмеуде.
Биыл серіктестік еттік бағыттағы ірі қара мал шаруашылығымен де айналысуды жөн көріп отыр. Қазір осы мақсатта 173 сиыр сатып алынып, олардың бірі дерлік бұзаулаған. Бұл жай сиырлар емес, асыл тұқымды ангус малы. Шөптің де сұйықтау болғанына қарамастан, қажетті қоры жасалған. Жиналған азықтың бір бөлігі шаруашылық қызметкерлерінің малына деп ұйғарылыпты. Өркен ауылының шөп шапқысы келген қай тұрғынына болсын, шаруашылық шабындықтары мен жайылымдарынан өздеріне мал азығын дайындауға ешқандай кедергі жоқ.
Міне, осындай ортақ мүддені мұрат тұтқан «Диқан плюс» серіктестігінің егіншілері күн өткен сайын орақ жұмыстарын қыздыра түсуде. Олардың мақсаты – биыл да жауапты науқанды қыркүйектің бастапқы күндері аяқтап, күннің ашығында жерден өңген ырыздықты құт қамбаға толық құйып алу.
Алексей ЧАЙКА,
Қ.КӘКЕНОВ.
Зеренді ауданы.
Суретті түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар