Бей-берекет жатқан қоқыс қалдықтары – табиғатқа қиянат

Ақмола облысының экология департаменті Көкшетау қаласының айналасындағы рұқсат етілмеген қоқыс орындарына бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен баспасөз турын өткізіп, осы мәселеде жинақталып қалған проблемаларды ортаға салды.

Іс-шараға департаменттің басқарма басшылары, «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің, Көкшетау қаласы әкімдігі мен қалалық тұрғын үй шаруашылығы мекемесінің, ЛС-Көкшетау компаниясының өкілдері мен журналис-тер қатысты.
Қазіргі уақытта облыс аумағында қатты тұрмыстық қалдықтарына арналған жер актілері тіркелген 130 орын бар, солардың тек 24-інің ғана рұқсат ету құжаттары қолданыстағы заңнамаға сәйкес келеді. Бүгінгі күні облыстың 10 аудан орталығында заңдастырылған полигон жоқ екен, олар – Бурабай, Зеренді, Бұланды, Қорғалжын, Целиноград, Ақкөл, Аршалы, Егіндікөл, Астрахан, Біржан сал аудандарының орталықтары. Осылайша қатты тұрмыстық қалдықтарды тастайтын заңдастырылған полигондардың орны болмауы салдарынан рұқсат етілмеген қоқыс орындары пайда болып жатыр.
2021 жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде және ғарыштан түсірілген суреттер негізінде Ақмола облысында 624 рұқсат етілмеген қоқыс орындары анықталған екен, олардың 147-сі Көкшетау қаласында, 51-і Степногорскіде, 67-сі Зеренді ауданында, 294-і Целиноградта, 13-і Аршалыда, 22-сі Ақкөлде, 34-і Шортандыда, 4-еуі Біржан сал ауданында. Бүгінде олардың 364-і немесе 58 пайызы жойылды.
Жалпы мұндай мәселелер негізінен облыста өндірістік және тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу жөніндегі инфрақұрылымның нашар дамуы себебінен орын алып отырғаны белгілі. Өңірімізде қатты тұрмыстық қалдықтарды жекелеп жинаумен айналысатын төрт-ақ кәсіпорын бар. Ақмола облысында 2020 жылы қатты тұрмыстық қалдықтардың көлемі 243 мың тоннаны құраса, ағымдағы жылдың 6 айында 124 мың тонна қоқыс жиналған. Ал, қоқыстарды қайта өңдеу көлемі небары 3 пайыз ғана.
Баспасөз турынан кейін ұйымдастырушылар экологиялық мәселелерді шешу үшін Көкшетау қалалық әкімдігіне және аудандар мен ауылдық округтерге тиісті ұсыныстарын жолдады. Онда қала әкімдігіне жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, бекітілген заңнамалық тәртіпте құжаттарды рәсімдеу бойынша жұмыстарды жандандыру керектігі, барлық қатты тұрмыстық қалдық полигондарын тиісінше абаттандыру бойынша қажетті жұмыстарды жүргізу қажеттігі ұсынылды. Ал, аудандар мен ауылдық округтерге қалдықтарды уақытша сақтау алаңдарын ұйымдастыруды қолға алу ескертілді. Рұқсат етілмеген қоқыс орындарының көбейіп кетуіне жол бермеу үшін жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлесіп, абаттандыру ережесінің бұзылуына жол бермеу бойынша профилактикалық іс-шаралар жүргізу туралы шешім қабыданды.
–Рұқсат етілмеген осындай қоқыс орындарының қалыптасуы бүгінде облыс бойынша жағымсыз фактор болып отыр. Санитарлық абаттандыру жұмыстары бойынша облыс аумағында жыл сайын жүргізілетін түрлі экологиялық айлықтарға қарамастан саны жоқ рұқсатсыз орналастырылған қоқыс орындары үнемі және әрдайым елді мекендерде қайта қалыптасып жатыр. Мұндай олқылықтар негізінен жергілікті атқарушы органдар жағынан бақылаудың тиісінше жүргізілмеуі мен полигондарда коммуналдық қалдықтарды жинау, орналастыру және тасымалдау бойынша инфрақұрылымның болмауынан орын алып отыр, –дейді облыстық экология департаментінің бас маманы Күләш Рахымова.

Ырысалды ШАМШИЕВА.
Суретте: облыс орталығының маңында пайда болған қоқыс орындарының бірін тазарту жұмысынан көрініс.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар