Өңірлік коммуникациялар қызметінде Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Берген Беспалинов «Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу туралы» тақырыпта брифинг өткізді.
Қазақстанда жастардың білім алуы, дамуы, өз қабілеттерін көрсетуі үшін көп мүмкіндіктер жасалған. Солардың бірі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Президенттік жас-тар кадр резервін құру болатын. Осыған орай, ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу басталып, соның нәтижесі бойынша 50 резервші іріктелетін болады. Басты мақсат – қоғам мүдделерін басшылыққа алатын жас таланттарды анықтау болып табылады. Берген Беспалиновтың айтуынша, негізгі талаптар азаматтардың білім деңгейіне, жас мөлшеріне және жұмыс өтіліне байланысты қойылады. Іріктеуге жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі бар және еңбек өтілі 5 жылдан кем емес Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады. Сондай-ақ, іріктеу процесі кандидаттардың талап етілетін білімдерін, дағдыларын және қабілеттерін анықтауға ғана емес, сонымен қатар, кандидаттардың шынайы мақсаттары мен құндылықтарын анықтауға бағытталған. Сонымен, резервтің құрамына іріктелген маман 3 жыл ішінде мемлекеттік лауазымға тағайындалуға құқылы. Мәселен, Президенттік жастар кадр резервіне алғашқы іріктеу 2019 жылы өткізіліп, оған 300 адам таңдалған. Оның ішінде 106 адам жеке сектордан, 98 адам квазимемлекеттік сектордан, 96 адам мемлекеттік қызмет жүйесінен болған. Резервке кірген адамдардың орта жасы 31 жасты құраған. Ал, қазіргі таңда сол резервке кірген 300 адамның 184-і немесе 60 пайызы жұмысқа орналастырылған.
Брифинг барысында аталмыш департаменттің Мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Райхан Братаева іріктеуді өткізу үшін pkrezerv.gov.kz сияқты арнайы цифрлық платформа әзірленгенін жеткізді. Сондай-ақ, аталған портал арқылы құжаттарды қалай тапсыруға болатыны, тестілеудің қалай өткізілетіні және кандидаттарға техникалық қолдау көрсетудің қалай іске асырылатыны туралы да жан-жақты айтып берді. Оның айтуынша, кезеңдердің көпшілігі онлайн режимде өтеді және құжаттарды қабылдау ағымдағы жылдың 1-30 қыркүйегі аралығында жүргізіледі. Іріктеу барысында кандидаттардың күрделі мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу, ситуациялық тапсырмалар түрінде ұсынылған шынайы мәселелерді шешу қабілеттері бағаланатын болады. Сонымен қатар, ассессмент-орталығы арқылы кандидаттардың стратегиялық ойлау, проактивтілік, қызметті басқару, командалық көшбасшылық сияқты қабілеттері тексеріледі. Резервке іріктеу бойынша соңғы шешімді кадр резерві бо-йынша ұлттық комиссия қабылдайды.
Одан әрі хабарлама жасаған Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Ақмола облыстық филиалының директоры Белла Газдиева іріктеу кезеңдері туралы қосымша ақпаратпен де бөлісті.
Брифингте хабарламашылар бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қойған сұрақтарына жауап бере отырып, БАҚ өкілдерін аталған жобаны ақпараттық сүйемелдеуге белсенді қатысуға шақырып, өздерінің тарапынан да жобаны іске асыру барысы туралы барлық қажетті ақпаратпен бөлісуге және барынша ашық болуға дайын екендерін білдірді. Бұл әрине, өзара тиімді іс-қимыл жасау үшін жақсы бастама болары сөзсіз.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.