Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қазақ әдебиетінің қара нары - АРҚА АЖАРЫ

Қазақ әдебиетінің қара нары

Қазақ әдебиетіне көл-көсір мұра қосқан, қилы да қиын тағдырды басынан өткерген, өзінің бүкіл саналы ғұмырында жанынан қаламын тастамаған жазушы Қабдеш Жұмаділов жақында өмірден өтті. Оның өнегелі өмірі кейінгі ұрпаққа үлгі болады десек, қателеспес едік. Себебі, басынан қаншама нәубәтті өткерсе де, қаламгер әдебиетке адал болып, өз биігінде қала берді. Оның қаламынан түрлі әңгімелер, повестер, романдар туды.

Жазушының күреске толы ғұмыры Шыңжаң өлкесінің Тарбағатай ауданының Майлыбай ауылында басталды. Осы жерге кіндік қаны тамған ол сонда білім алып, Шәуешек қаласында гимназия бітіреді. Найман тайпасының Төртуыл руынан тарайтын жазушы өзінің шығармаларында ылғи өзінің куә болған оқиғаларын, көзімен көрген жайларын шығармаларына арқау етеді. Оқиға болып өткен әрбір жер – жазушының жастайынан асыр салып ойнаған жері, баяндалған әңгімелер – оның кішкентайынан үлкендерден естіген аңыз-әңгімелері.
Жазушы 1956 жылы Қытай үкіметінің жолдамасымен Алматыға келіп, филология факультетіне оқуға түседі. Алайда, екінші курста екі ел арасындағы саяси жағдайға байланысты Қытайға қайта оралып, аз уақыт қуғын-сүргінге ұшырайды. Қайтадан шекараны бұзып өтушілермен бірге елге оралып, оқуын жалғастырады. Тағдырлы жазушы осы сапарына орай, «Соңғы көш» атты екі кітаптан тұратын роман-дилогиясын жарыққа шығарады.
Алғашқы шығармашылық жолын жыр жазумен бастаған жазушының ең алғашқы өлеңдері «Жас дәурен» деген атпен жеке жинақ болып шығады. Кейіннен жазушы түбегейлі прозаға бет бұрады.
Жазушының артына қалдырған мұрасы сан алуан. Ірі жүк арқалаған романдар да, жеңіл әңгімелер де бар. Жалпы, жазушы әр тақырыпта қалам тартып көрген сияқты. Соның ішінде бір-біріне желілес тарихи романдарын ерекше атауға болады. Себебі, романда кездесетін тарихи оқиғалар, кейіпкерлер бір-бірімен байланысып жатады. Әр кезеңді бейнелейтін романдарында біреуінде кездесетін кейіпкер екінші романында кездесетін кейіпкердің атасы, не ағасы болып, бір-бірімен тығыз ұштаса түседі. Осы тұрғыдан алғанда, жазушының романдары үлкен тізбекке ұқсап қалып жатады.
Ол алғашқы жыр кітабынан кейін «Қаздар қайтып барады» әңгімелер жинағын, «Көкейкесті» романын, «Соңғы көш» екі кітаптан тұратын роман-дилогиясын, «Шарайна», «Сәйгүліктер» повестер жинақтарын, «Атамекен», «Тағдыр» романдарын, «Дарабоз» екі кітаптан тұратын тарихи роман-дилогиясын, «Таңғажайып дүние» ғұмырнамалық романын жарыққа шығарды.
Жазушы романдарының бірсыпырасы тарихи романдар қатарына жатады. Оған көбінесе Шыңжаңдағы қазақтардың басынан өткен оқиғалары арқау болған. «Соңғы көш» романының бірінші кітабында қазақтың берекелі өмірі суреттелсе, екінші кітабында адамдардың өміріне саясаттың өз ықпалын тигізе бастағаны, соның салдары халықты аштыққа ұшыратып, ақыры, қазақ еліне ат басын бұрғанын сипаттап жазады. «Дарабоз» романы Қабанбай батырдың өміріне, ерлік істеріне арналып жазылған. «Тағдыр» романында жергілікті халықтың арасында аңызға айналған Демежан Кешубайұлы туралы, Қытай мен Ресейдей екі алып империяның арасында қалған қазақ елінің жай-күйі, шекара екіге бөліп, бір-бірінен алшақтап қалған қазақтың тағдыры жайлы айтылады. Жазушының бұлардан бөлек «Соңғы көш» дилогиясына 1983 жылы М.Әуезов атындағы әдеби сыйлық берілсе, «Тағдыр» романына 1990 жылы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық берілді.
Қабдеш Жұмаділовты қатарластары өмірбаянға аса бай жазушы деп еске алады. Шынында да, жазушының өмірі күрделі, қалтарысқа толы болуымен ерекшеленеді. Оның арғы аталары, өз әкесі де қара жаяу емес, текті кісілер болған. Өз әкесі де, атасы да оның романдарында кейіпкер болып келеді.
Романдарына аз-кем тоқталып өтсек, жазушының тұлғалық болмысы одан да әрі анық ашыла түсері анық. «Тағдыр» романы аты айтып тұрғандай, аласапыран замандағы қазақ халқының тағдырына арналған.
Роман екі елдің, яғни, Цинь империясы мен Ресей империясының арасындағы шекара бөлінісіне арналған. Екі ел, ортадағы қазақ халқымен санаспай, өздерінің білгенінше бөліп алғанына кейіпкерлердің наласы мен өкініші астарлы түрде беріледі. Романдағы басты кейіпкерлер Қытай елінде қалуды таңдайды. Сол елде қалып, жастайынан қытай төрағаларының жанында жүріп, тілін еркін меңгерген, жергілікті халық пен билік арасына көпір бола білген қазақ биі туралы, оның баласы Демежан үкірдай (шен) туралы сөз болады.
Демежан Кешубайұлы – тарихта болған адам. Жазушының өзі Демежан туралы жас кезінен естіп өскенін айтады. Ол туралы кішкентайынан естіп өскен аңыз-әңгімелері, әндері жазушыны осы тақырыпты жазуға алып келген. Ол бұл жөнінде ұзақ толғанған. Алайда, шығару үшін көптеген қиындықтар туындап, азырақ уақыт керек болған тәрізді. Ол жөнінде «Соңғы көш» романының «Түсініктер» бөлімінде былай деп баяндалады: «Қабдеш Жұмаділов өзінің «Таңғажайып дүние» атты ғұмырнамалық романында атап көрсеткеніндей, жазушы 1962 жылы атажұртқа оралғанда, папкасында болашақта жазам деген екі романның материалы болыпты. Оның бірі – «Соңғы көш», екіншісі – «Тағдыр» романы. «Соңғы көштің» оқиға желісі, бөлімдері, тіпті, кейіпкерлерінің атына дейін таңбаланған. Авторды атажұртқа алып өткен де – осы кітаптарды жазсам деген арман болатын. «Балық екеш балық та уылдырық шашарда өзенді өрлеп, ағысқа қарсы жөңкіледі екен. Мен де уылдырық шашатын, яғни, кітаптарымды жазатын жер іздеп келдім» дейді жазушы ғұмырнамалық романында.
Алайда, автор көңілдегі жоспарына бірден кірісіп кетпеген. Жаза қалған күнде де, белгісіз автордың шетел тақырыбына арналған романын ешкім баспас еді. Сол кездегі қалыптасқан үрдіс бойынша, жас қаламгер алдымен шағын жанрларда күш сынауы, кемінде екі-үш жинақ шығарып, Жазушылар одағына мүше болуы, романға содан кейін ғана кірісуі керек болатын.
Қабдеш Жұмаділов та осы жолдан өтті. Алдымен «Жас дәурен» (1967) атты өлеңдер жинағын, «Қаздар қайтып барады» (1968) деген әңгімелер жинағын, «Көкейкесті» (1969) романын шығарып, көңілдегі арманға содан кейін ғана қол созды.
«Тағдыр» романында белгілі ақын, әнші, тарихи тұлға Әсет Найманбайұлы да кездеседі. Романның соңында бас кейіпкер Демежан азаппен өлтіріледі, мал-мүлкі тәркіленеді, оқырманға аяушылық сезімін туғызады.
«Соңғы көш» романы автордың өзіне тікелей қатысты. Романда кездесетін бас кейіпкер, ақын жігіт Естайдың прототипі – жазушының өзі. Естай көшті бастап қазақ еліне әкеледі. Қабдеш Жұмаділов те 1962 жылы көшті бастап келген адамдардың бірі. Сол жылы 200 мың қазақ бес заставаны бұзып өтіп, Отанына оралады. Жазушы сол кездегі бас кейіпкердің жан толқынысын шынайы, тебірене суреттейді. Ондағы кейіпкер өзі болғандықтан, өзінің басынан өткендерін жазған. Көш бастап өткен өзі туралы Қабдеш Жұмаділов былай дейді: «1956 жылы Үрімшіге келіп, үш жылдай еліме қайта алмай қалдым. Қатаң бақылауда болдым. Жоғарыға дүркiн-дүркiн арыз жаздым. Ондағы мақсат – шекараға жақын (небәрi 18 шақырым) Шәуешекке жетiп, одан ары Қазақстанға өту, үзiлiп қалған оқуымды қайта жалғастыру еді. Шекарадан өтсем, менi керi қайтармайтынына сенiмiм кәмiл. Өйткенi, Қазақ университетiнiң студенттiк билетi мен екi жыл бойы баға қойылған «сынақ кiтапшасы» костюмiмнiң iшкi қалтасында тығулы жүр едi. Соны көрсетсем, менiң шекара бұзған жансыз не «шпион» еместiгiме шекарашылар сенедi деп ойладым. Анығын айтсам, 1961 жылы көктемде Шәуешекке келудегi басты мақсатым осы болатын негізі».
Ол осы өзінің жеке мақсатын ел мақсатымен ұштастырып, еліне орасан пайдасын тигізеді. Үрімжідегі, Шәуешектегі елдің ашаршылыққа ұшырап жатқанын, «Халық коммунасының» барлық елді бір қазанға қаратып, әркім жеке ас ішпейтін қылғанын көріп, елді көшіруді ойлайды. Осы мақсатын іске асырып, елін ата жұртқа көшіреді. Халық оны сол үшін де сыйлайды. Себебі, ол елді бастап келген көшбасшы қазақтардың бірегейі еді. Тек құр көшті бастап қана келген жоқ, ол рухани тұрғыдан да еліне бағыт көрсете алды. Тарихын танытты, тұлғалардың тарихтағы орнын айқындап, жас ұрпаққа бағыт берді. Шығармаларын оқыған мыңдаған адамдардың көкірек көзі ашылғаны анық.
Осы романда Естай өзінің әкесі Қанағат бидің салдырған мектебінен оқиды. Жазушының өз әкесі Жұмаділ де Сібеті деген жерде бастауыш мектеп салдырған болатын. Осы жерлер, тарихи оқиғалардың бәрі, найман тайпасының жайлаған жерлері – өзінің көзі көрген, асыр салған жерлер. Бәрі де әдемі тілмен өрнектеліп, сұлу сөзбен суреттеліп кітабына енген.
Жазушының келесі бір шығармасы – «Прометей алауы». Мұнда ол қожалар туралы баяндайды. Қожалардың Түркістаннан Шығыс Қазақстанға қалай келгенін, олардың осында қоныс аударуына сол кездегі белгілі би Ақтайлақтың ықпалын баяндайды. Қазақ даласына таралған діннің қадірін, әр жер дінді қастерлеп, өзінің салт-санасына қайта оралып жатқанын қуана суреттейді. Шығармада тарихи тұлға Дулат Бабатайұлы туралы да сөз болады.
«Дарабоз» романы да тарихи тақырыпқа арналған. Мұнда жазушы Қабанбай батырдың тұлғасын ашады. Екі кітаптан тұратын бұл романда Қабанбай батырдың ерлігін, өмірін, оның соғыстары мен жеңістерін суреттеген. Қай шығармасы болсын, қазақтың салт-дәстүрін дәріптеп, өзгеше өріледі. Романға жазушы ұзақ да-йындалады. Әр оқиғаны ой елегінен өткізіп, жазбаға материал іздеп, толықтырады. Найманның Төлегетай руынан тараған Қабанбай батыр жазушыға бала кезінен таныс, естіп жүрген әңгімесі.
Қабдеш Жұмаділовтың қай шығармасын алсаң да, өзіндік өрнегімен, бай тілдің мол шұрайымен оқырманды еліктіріп әкетеді. Шығармаларының көбіне арқау болған тарихи тақырыптар десек, сол оқиғалардың өтетін орны көбінесе, Тарбағатай, Құлыстай, Барқытбелдің сілемдері болып келеді. Қабанбай батыр туралы шығармасында Алакөл аумағы, Тоқта тауы суреттеледі. Кейіпкерлерінің жан дүниесін ашып, оқырманмен сырластырады, олармен бірге күліп, бір мұңаюға жетелейді.
Жазушының еңбегі еленіп, әртүрлі марапаттарға ие болған. Мемлекеттік сыйлықтан бөлек 1998 жылы 23 қазанда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қабдеш Жұмаділовке «Қазақстанның халық жазушысы» деген атақ берілді. Сонымен қатар, ол «Парасат» орденінің иегері. Тарбағатай, Үржар және Аягөз аудандарының Құрметті азаматы.
2018 жылы Елбасы Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Қабдеш Жұмаділовті ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады. Жазушы өмірден өткенімен, халқының жүрегінен ешқашан өшпесі анық.

Фестиваль Болатқызы,
Қоянды ауылының №2 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар