I.Торғайлықтар да қайратына тәнті болған тарлан тұлға

Торғай облысы өз дәуірінде еліміздің ең алдыңғы қатарлы астықты облыстарының бірі болды, мал шаруашылығы бойынша да биік жетістіктерге жетіп отырғанына қазір ешкім дау айта алмаса керек. Кейінгі тағдыры шайқалақтап, тұғырынан тайғанымен, Кеңес Одағы тұсындағы Торғайдың дүбірлеген атақ-даңқына алдыңғы буын өкілдері куә.

Білмесе, кейінгі ұрпақ біле қоймауы мүмкін. Сонау сексенінші жылдардың басында бұл облысқа Еркін Нұржанұлы Әуелбеков бірінші хатшылыққа тағайындалғанда әркім бұған әртүрлі көзқараспен қарады. Біреулер сынай қарады, біреулер міней қарады дегендей. Және бұл заңдылық болатын, қай жер, қай өңір болса да, сырттан келген басшыға жатырқап қарайды. Әсіресе, басшылыққа қояр талап әрқашанда жоғары болатыны түсінікті болса керек.
Жергілікті халықтың әлі есінде, Еркін Нұржанұлы бөтен елге келдім-ау, сын көзінде жүрмін-ау деген жоқ, келе сала бірден іске кірісті. Оның халыққа бірден ұнағаны, кабинетшіл адам емес екен және көптеген басшыларға тән болып келетін ызбарлы, өктем биліктің де адамы емес, көбінесе, халықпен іштарта, ақылдаса сөйлеседі, ең алдымен, жұрттың, яғни, еңбеккерлердің талқысына салып, әбден тыңдап барып, өз шешімін айтуға тырысады екен. Осындай халықшыл, жаттығы жоқ, адамды тартып тұратын бауырмал мінезі торғайлықтарға бірден ұнады. Еркін Нұржанұлын іздеген адам кабинетінен емес, үнемі егіс даласынан немесе алыс қиырдағы мал баздарынан, жайылымдардан тауып алатын еді. Үнемі әбігер, әрқашан іс үстіндегі нағыз шаруашылықтың жанашыры, халықтың тілегінен туған перзент деуге лайық жан еді. Әрі оны ешкімге көз қылмайтыны, жақсы атты болып көріну үшін істемейтіні айқын танылып тұратын, әлдекімдер секілді, шікірейіп, таза, жаңа немесе қымбат киімдерімді бүлдіріп алады екенмін-ау деп шіреніп тұрмайтын, шаң-тозаңның арасында елмен қолтықтаса жүріп, іс-тәжірибесін бөлісетін, тіпті, өз қолымен көрсетуге ерінбейтін. Қарулы құрыш қолдары дәннің табын сезінген нағыз еңбек адамы екені байқалатын. Күрек пен айыр ұстауға да ыңғайы, жалпы кез-келген іске бейімділігі аңғарылып тұратын. Алақанымен бидайды аялай ұстаған немесе саусақтарын бойлата топыраққа көміп жіберіп, қасиетін таниын дегендей талпыныс әрекеттері, оның көзін тырнап ашқаннан туған жерінің қадірін ұққан оқшау жаратылысынан хабар беріп тұратын. Оның бойынан осы адамшылық қасиеттерін таныған соң-ақ Торғай жұртшылығы да «сен кімсің?» деп кергіп, міндетсіп тұрмады, оған бірден бауыр басты, жанашыр жақыны тұтты.
Сөйтіп, Еркін Нұржанұлы Торғай тарихындағы ең алдыңғы қатарлы қайраткер басшы, нағыз халық жанашыры, топырағының қасиетін тереңнен сезінген тұлға ретінде ел есінде жатталып қалды. Білдей бір облыстың басшысы болғанымен, өзін өте қарапайым ұстады, елмен қоян-қолтық араласып кетті, егіс даласында жүргенде оны қатардағы диқаннан айырып алу қиын, үнемі шаруаның басы-қасында жүреді, шаруашылықтарына араласа, малшымен бірге мал соңында немесе мал төлдеген қора-жай маңынан табылады. Осының бәрі оның қиындық-кедергілерді жатырқамайтын, нағыз еңбекпен шыңдалған қаратабан шаруа адамының қалпын танытатын еді.
Мұндай адамды кім жек көрсін, кім іргесін аулақ ұстасын?!.
Еркін Нұржанұлын елінің нағыз патриоты, шынайы жанашыры ретінде халық таныды, сол үшін де төбелеріне көтере құрмет тұтты. Әрине, әлі күнге дейін елдің есінде болар, 1986 жылдары Алматыда және Қазақстанның өзге де көптеген ірі қалаларында әйгілі Желтоқсан оқиғаларына байланысты Колбиннің ел басшылығына сайлануына орай, жастар көтеріліп, жер-жерде митингілер жүріп, осыған орай, айналасындағылар республикамызға қайта-қайта шүйлігумен болды. Осындай еліміз үшін сын сағаттарда Еркін Нұржанұлы өзіне тән сабырлы, салқындылықпен халықты әсіресе, жастарды жастық қызумен арандап қалмауға шақырды, жоғарыдағы биліктегілер бұйырды екен деп әлдекімдер секілді, өз күшігін талаған соқыр дүлейлікке барған жоқ, жастарға байсалдылықпен мән-жайды түсіндірді, әр құбылысқа жеңіл-желпі қарамай, әсіресе, саяси іс-әрекеттерді жан-жақты ойластырып барып қабылдауға кеңес беріп отырды. Осындай аса жауапты сындарлы шақтарда ел тізгінін ұстаушылар арасында Еркін Нұржанұлы сияқты аса парасатты, халқының нағыз жанашыр, кемеңгер тұлғалары жүргені көпшілік көңіліне демеу болды, үлкендер оны ұл-қыздарымызға өнегелі тұлға, яғни, өсіп келе жатқан ел болашағының шынайы қолдаушысы ретінде танылды. Еркін Нұржанұлы жоғарыдағы империялық пиғылдан арыла алмаған билік иелерінің ешқашан да айтағына ермеген, өз халқының қандай қиын күрделі жағдай туса да жанынан табыла алатын қамқор басшысы бола білді. Сондықтан да, сол әрі-сәрі, толқымалы шақтарда халық оны еліне көсем бола алатын тұлға ретінде танығаны да рас, оның саяси көрегендігі, алды-артын кеңінен өлшейтін парасаттылығы, ең бастысы, қандай жауапты кезеңдерде де ең алдымен өз халқының, елі мен жерінің мақсат-мүддесі үшін әрекет ететіні, сол мүддесі жолында жоғарыдағылармен, кей сәттерде ашық талас-тартысқа бара алатыны, ешқашан олардың ығына жығыла кетпейтіні айқын танылды.
Өйткені, жасыратыны жоқ, кеңестік империялық үстемдік тұсында жоғарғы билік иелері Қазақстанға қайта-қайта шүйлігіп, оның байлығын молынан көсіп, талан-таражға салуға бейім болғандары белгілі. Осындай шақтарда Еркін Нұржанұлы халық қазынасын жанын сала қорғаумен болды, өзгелердің ашкөз, тойымсыз ниет-пиғылдарын дер кезінде аңғарып, барынша бөгет жасауға тырысты, талауға түсірмеуге бар күш-жігерін жұмсады. Еркін Нұржанұлының нағыз өз халқының адал перзенті екеніне Кремльдегі астамшыл шенеуніктердің де әбден көзі жеткен еді. Қазақ елі де осыны жақсы ұғынып, оны өздерінің тас қамал секілді қорғаушысы, ары мен намысы, қолдаушысы деп танып, сол үшін де құрметтеді. Қазақстанның үш бірдей облысының және ең маңдайалды, тарихи, саяси маңызы жоғары, экономикалық индустриялық салмағы басым, халқы еңбекқор әрі аса белсенді, әрекетшіл әрі намысқой, талап-талғамы өте жоғары, шынайы адалдық пен әділдікті бағалай білетін, қажеттілік туса, Еркін Нұржанұлындай іскер, білікті, ары мен қолы таза, халқының нағыз айбынды, айбарлы, ар-намысы биік азаматын жанын сала қорғауға дайын болды. Империяның тізесі батқан тұстарда да өзінің қадір-қасиетін жоғалтпай, өз халқының жанынан табыла білген марғасқа ұланының, қажырлы да қайратты кемеңгер ұлының, ақылы мен парасаты кемел перзентінің Көкшетау, Қызылорда, Торғай облыстарын асқан біліктілікпен басқаруы әрі халықтың қызу қолдауына, шынайы махаббаты мен сүйіспеншілігіне ие болуы, оған деген ортақ бүкілхалықтық махаббаттың сипатын танытқандай болатын. Бұл дегеніңіз, Еркін Нұржанұлы Әуелбековке деген біртұтас Қазақстан жұртшылығының қолдауы әрі өзінің нағыз шынайы, озық маңдайалды ардағын айна-қатесіз тануы, аялап алақандарына ұстап қана қоймай, төбелерінен асыра көтеріп, мақтан тұтуы болатын. Еркін Нұржанұлындай жалпыхалықтық махаббатқа, қолдауға, сенім мен құрметке ие болған қайраткер некен-саяқ немесе жоқтың қасы десек те болар. Жасыратыны жоқ, артында із де қалмаған, халық есіне алар іс-әрекеттерімен көзге түспеген, аты өшкен қайраткерлер бізде көп, ал, Еркін Нұржанұлы өмірден өткелі де талай жылдар өтсе де, оған деген халқының ыстық сүйіспеншілігі толастар емес, жылдан-жылға арта түспесе кемір емес. Данышпан Абайдың «Сүйер ұлың болса сен сүй – сүйінуге жарар ол!» дегені нақ Еркін Нұржанұлындай жарқын, жасампаз қадірі мен қасиеті биік тұлғаларымызға арнап айтылғандай, соның ғана өр тұлғасына жарасар асыл лебіз болар!
Міне, халықтың осы ыстық махаббаты оның тұғырлы ескерткіші арқылы көрініс тапса – нұр үстіне нұр. Бұл елімізде әділет салтанат құруының бір белгісі, шынайы сипаты болып танылар еді.
Осынау Еркін Нұржанұлының ойлы да парасатты кейпінен, мейірім мен шапағат тұнған келбетті жүзінен, асыл, ардақты тұлғасынан халқы өткен қастерлі тарихын, кешегі мен бүгінгі ұрпақтардың тоғысқан дәуіріндегі кемелділікті таныр, жас ұрпақ бойына үлкен сенім мен күш-жігер құйылар, елдік қасиетін еске алып, еңселерін тіктеп, болашаққа зор үмітпен көз салар, жігерленер, айбаты асар!

II. Қызылорда мен Еркін Әуелбеков – елдіктің және ел басқарудың ерен үлгісі

Қызылорда – тарихи тұрғыдан да, әлеуметтік-экономикалық жағдайы жағынан да еліміздегі ең орны бөлек, іргелі облыстарымыздың бірі. Қасиетті Қызылорда, киелі мекен, асыл топырақ деп аталып жатса, оған толық негіз бар. Сырдың елі, Сыр бойы дегенде толқымайтын жүрек жоқ. Сонау ежелгі дәуірдегі Қорқыт бабамыздан бері тарқатып, өрбіте берсек, бұл тарихы бай, қуатты да еңселі өлкенің тоқсан торапты тағылымды жолдарына кез болар едік, басымызды иер едік.

Ел мен жердің осы қадірі қызылордалық деген әрбір адамына, еңкейген кәрісі мен еңбектеген баласына дейін бой тұрпатынан, кескін-келбетінен көзге оттай басылып, тайға таңба басқандай айқындалып тұрады. Әрине, жері осындай киелі болса, елі сондай өнегелі, тағылымды, қазақтың қасиетіндей көз тартып тұрса, ондай елдің сыны да зор болары анық. 1985 жылы Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып Еркін Нұржанұлы Әуелбеков тағайындалғанда, оның да алдынан биік межелі сынақ күтіп тұрғандығы анық болатын. Алды-артын кең өлшемге салып, пайымдай білетін көрегенді азамат өзінің қандай талғампаз елге келе жатқанын жақсы түсінді. Түсінгендігі сол шығар, ел аумағына қадам басқаннан-ақ, ең алдымен аймақтың байырғы жұртына жүгінді, іске қатысы жоқ-ау демей, көнекөз қарияларына іздеп барып сәлем берді, «өздеріңіздің баталарыңызды алып, іске кіріссем деп едім, бұл елдің де маңызды мәселелері туралы өздеріңізбен ақылдассам деп едім» деп кішіпейілділік танытты. Осы қылығының өзінен-ақ көрегенді, ұлағатты елдің ұланы екендігін бірден танытқандай еді. Және мұны Еркін Нұржанұлы әуелгі келген беттегі міндетім ғой деп қана санап, ұғынған жоқ. Осы елдің басшылығынан қашан кеткенше жергілікті қариялармен ақылдасып, кеңесіп отыруды өзінің басты парызы санады. Сол қариялар Еркін Нұржанұлының осынау зор тағылымдық қырын кейін сүйсіне әңгімелеп, кейінгі жас ұрпаққа асыл өнеге ретінде танытып отырды. Бұл туралы қызылордалықтар осы күнге дейін аңыз қылып айтады.
Әрине, елдің дуалы ауыз қарияларымен әңгіме бір басқа, ал, нақты істің қандай нәтиже берері бөлек мәселе екендігі айқын. Ақсақалдардың ақпейілді батасын алып, қанаттанғандай бойына күш-жігер құйылғандай болған Еркін Нұржанұлы әрі қарай іске батыл кіріскен.
Қызылорда дегенде, ең алдымен оның күріші еске түседі. Күріштің өзге дәнді-дақылдарға қарағанда, көп күтім, бап талап ететінін шаруа, еңбек адамдары жақсы түсінеді. Әрине, Көкшетау топырағының тумасы үшін астық өндіру, көп сортты бидай тұқымдас дақылдың жай-күйі жақсы таныс. Ал, Еркін Нұржанұлы сияқты ауыл жағдайымен етене таныс ел баласы үшін бұл күнделікті тірлік болып кеткен, көзімен көріп, қолымен ұстаған соң-ақ, ол бұларды өмірінің бір бөлшегі деп қабылдаған, қатардағы қарапайым еңбеккерден бастап, сатылап жоғарылаған сайын, өзіне қояр талабын да күшейте берген, жерді меңгеруді басты мақсат-мүддесіне балап, бұған ендігі жерде ғылыми тұрғыдан қарап, зерделеп, зерттеуді мұрат тұтып отырған. Осындай биік мұратты басшының күрішке келгенде жайбарақаттана қалатын жөні де жоқ-ты. Ол әлдекімдерге ұқсап, «ал, мен бұл топырақтың тумасы емеспін ғой, айналайын, күріштеріңді өздерің егіп алыңдар, мен қолымнан келген іспен айналысайын» деп шалқайған жоқ, бұл істі жергілікті кадрларға итере, жүктей салған жоқ, олай етуді, тіпті бойына ар санады. Жалпы, бұл Еркін Нұржанұлының бойындағы аса биік ұлы қасиеті – оның өмір бойы тұтынған қастерлі ұстанымы десе де болар еді. Қызылордалықтар, кез-келген егіс даласында, әсіресе, бұрын өзіне бейтаныс болып келген күріш егістігінде тұрып алып, қарапайым еңбеккерлермен жақын тарта шүйіркелескен, биліктің өктем тілімен емес, өзімен әріптес секілді немесе серіктес, деңгейлес жан сияқты көкірек кермей, қарапайым ұғысқан, тіпті білмегеніңе қосылмай, істің жайын жақсы білген адамға ден қоя, ықыласпен тыңдаған бас хатшыға әуелгіде таңырқай қарайтын, кейін өз адамындай қабылдап, туысқандарын көргендей қуанысты. Еркін Нұржанұлы өзінің білгенін үйретуден жалықпайтын жан еді, сонымен қоса, іс-тәжірибесі мол, білікті адамды тыңдаудан өзі де жалықпайтын, адамды ашық дискуссияға шақыра отырып, оның тәжірибесін көпке өнеге ете, өзгелерді де тыңдауға шақыратын басшы еді. Істің жайын білетін сұңғыла, бай тәжірибелі нағыз еңбек адамы оның жан серігі бола алатын, ол мұндай адамдардың тәжірибесін көпке ортақ игілікке айналдыруға тырысатын.
Қызылордалық күріш мамандары әуелгіде оған сенімсіздікпен, күдікпен немесе олқысынып қарағандай болса, көздерінен «келерсің, кетерсің, бәрібір күріштің бабы мен күтімі жайынан түк сезбеген қалпы кетерсің» дегендей, күмәнді көзқарастары жазулы тұрғандай болатын. Бірақ, бірте-бірте мына басшының бөлекшелеу тұрпаты, ел мен жерге шынайы жанашыр бола білген, шырқыраған отына күйе білген қалпы, білмегенін сұраудан қысылмауы, мәселені басшылық тұрғысынан емес, көппен бірге кеңесіп шешуге бейімділігі жергілікті жұртшылықтың құрметіне бөлене бастады, енді олардың жүздерінде басшыны өз адамындай қабылдай бастаған ыстық сүйіспеншілік пайда болды. Және бұл кісімен ой бөлісу, пікірлесу де бір ғанибет еді. Жақсы адаммен сөйлессең, өзіңнің де жаның нұрланып, жан дүниең жадырап, болашағыңа деген сенімділік орнап, бойыңа өлшеусіз күш-қуат құйыла түспей ме?
Міне, қызылордалықтар танып, бағалаған, кейін өз топырағының перзентіндей қабылдап, сүйіп кеткен Еркін Нұржанұлының жарқын тұлғасы осындай еді. Және қызылордалықтар түстерінен шошып оянғандай болып, бұл ойға бір мезетте, бір сәтте келген жоқ немесе адамды о дүниелік болған соң ғана бағалай бастайтын қазақы жайдақтықпен, қазір ғана танып-біліп жатқан жоқ, әуелгі аз күндік барлау-бақылаудан соң-ақ, оның дара қасиеттерін айқын танып, көздері анық жетіп, оны биікке көтерді, кез-келген істе іскер басшыға жанашырлық танытып, шынайы ықыласпен қолдау көрсетіп отырды.
Көкшетаудың ел азаматтарының есінде болар, Еркін Нұржанұлы әуелгі беттен-ақ, елден қара оздырып, суырылып мойны алға шыққан азамат, оған барлығы да тілектес болып, әрбір қадамын барлап, зер салып отыратын. Сол кезде қызылордалықтардың Еркін Нұржанұлын өз адамындай қабылдап, қолдау жасап жүргені республикалық, облыстық баспасөздерге жиі жарияланып жататын. Оның іскер басшылығы, жергілікті халықпен тіл табысып, іс тындыратыны, ел мен жер жағдайын жақсы білетіні, жалпы өзінің саяси-экономикалық сауаттылығы, мадақталатын. Осының бәрі, көкшетаулық жерлестері үшін зор мақтаныш еді. Көкшетауданмын десең-ақ кез-келген қызылордалық елп ете қалып, «пәлі, біздің Еркін Нұржанұлының елінен екенсіздер ғой» дегенде, расын айту керек, төбеміз көкке екі-ақ елі жетпей қалатын. Баяғыда бір атамыз «сыртта, елінен жырақтап тек бөрілер ғана жортып жүреді» дер еді. Артынан аңдасақ, мағынасы терең сөз екен, бұл Еркін Нұржанұлындай қай елде, қай түкпірде жүрсе де өзін еркін ұстайтын, көкбөрі тектес қасиетке ие елінің арландай азулы, көкжал бөрідей алғыр, атпал азаматтарына арналып айтылғандай сөз екен-ау! Қазақ ел ұстайтын, айбарлы да айдынды азаматтарын көкжалға, көкбөріге теңеген ғой. Бір жағынан алпауыт елдермен иық теңестіріп, тайталасып, елдігін сақтап тұруға тиіс қоғамда халық ұлдарының көкжалына жағаласып, көкбөріше тобын басқарып, жұртына ұйытқы бол-уында белгілі бір заңдылық та бар сияқты. Оның үстіне, ежелгі бабаларымыз – сақтар, ғұндар дәуірінде қаһарман ерлерімізді көкбөрілер бастап жүрген деген аңыздар көп. Елімізге теріс ниет көздегендерге көкжалша азу көрсету – ерлерімізге тән қайсарлық қыры. Мұны айтып отырған себебіміз, біздіңше кешегі қаһарлы империялық кеңестік дәуірде ел мүддесін Е.Н.Әуелбековтей ерлер қорғап қалған. Олар соғыссыз заманның ерлері, қолдарына қару алып мінез көрсеткен. Қазақтың тағдыры сынға түсер мезгілде ел басында Жұмабек Тәшеновтей және сол тектес Еркін Нұржанұлы секілді жұртын шексіз сүйген қайраулы қылыштай адал да арлы, әділетшіл ұлдары жүргендігі заңдылық секілді. Қызылорда да қазақтың қаймағы сақталған қаймана жұрт, Еркін Нұржанұлынан халық өнегесін таныса керек.
Тағы бір қадап айрықша мән береріміз, Қызылорда халқы Еркіндей ұланынан ұлағат танып, ұнатқан, ұлықтаған уақыт көп те емес, үш жылдай ғана, яғни, 1985-1988 жылдар аралығындағы кезең екен. Былай қарағанда, аз деуге де болмас, бірақ, қоғамдық тарихи өзгерістер тұсында үш жыл дегеніңіз түк емес. Яғни, тарих үшін бұл болмашы қас-қағым сәт. Бірақ, осы болмашы ғана сәтте өзін қоғамдық тарихи өзгерістер кезеңінің жарқын тұлғасы ретінде танытып үлгеретін Еркін Нұржанұлындай қаһармандарымыз сирек. Өйткені, ол осы үш жыл ішінде Қызылорда елінің тарихи даму үрдісінде үш он жылдыққа, яғни, отыз жылға татыр жарқын іздер қалдырды. Сондықтан, Қызылорда елінің тарихына алтын әріптермен жазылатын жарқын беттерінде Еркін Нұржанұлы Әуелбековтің есімі құрметпен аталуы заңдылық, асыл азаматтың әділетпен айшықталған лайықты орыны деп ұғамыз. Сонымен бірге, оның ардақты есімі, асыл бейнесі қызылордалық сан жүздеген, мыңдаған, жүректерде қалды, аға ұрпақтан бүгінгі ұрпаққа жеткен ұлағатты өмір сабақтарында қалды. Әлі де талай ұрпақ ел тарихындағы тағылымды басшы туралы үлкен ізгілікпен айта берері сөзсіз. Өйткені, Қызылорданың қара ормандай қалың қауым қазағы ұлтының ұлағатты ұлдарын алақандарына салып аялай білетін, қасиетін айыратын, абыройын асыра білетін байырғы байтақ жұрттың орнындағы киелі қоныс иесі. Ол топырағын адал басқан ұлдарын ажырата білер ежелгі жұрттың ұрпағы.
Еркін Нұржанұлы Әуелбековке деген ел махаббатының азаймай, ортаймай, қайта күшейе түскендігіне, міне, біз, көкшетаулықтар, оған қойылар ескерткіш ашылар қарсаңында, тіпті сезіне түскендейміз. Әрине, көкшетаулықтардың оған деген махаббаты түсінікті, өйткені, Еркін Нұржанұлының кіндік қаны тамған жер осы, ол осы ұядан ұшты, қияларға самғады. Оның әрбір қадамы, жетістіктері, биік азаматтық іс-әрекеттері жерлестері үшін зор мақтаныш.
Ал, қызылордалықтардың өздерінің елдерінде бір кездері қызмет етіп кеткен сырт ел азаматына, өз топырағының перзентіндей құрмет көрсетуі шынында да өте сүйсінерлік жағдай. Осыдан кейін Еркін Нұржанұлына деген сый-құрметіміз, тіпті еселеніп арта түспек, өйткені, ол қызылордалықтар осыншалық махаббатын жеңіп алу арқылы, барша қазақтың сүйікті ұланына айналған екен! Міне халықтың оған деген, шексіз сый-құрметінің дәлелі сол, Қызылорда елі Еркін Нұржанұлының ескерткішіне аса қомақты үлестерін қосып отыр. Мұндай елдің елдігіне қалай разы болмассың, сол елдің алғысына бөленген азаматыңды қалай сүймессің, бағаламассың? Жасай бер, Қызылорда елі! Баршы көкшетаулықтар сіздерге мәңгілік разы. Азаматын сүйетін, алақанына салып аялайтын киелі Қызылорда елі барда, қазақ елі де қасиетін жоймай, өркендей бермек, абыройы аса бермек. Барша қазақ елі қызылордалық жерлестеріміздің осы абзал, игілікті істерінен өнеге алуға тиіс. Қолымыздан келгенше, сіздердің осы бір қасиетті, адамдық істеріңізді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізе білуді борышымыз деп білеміз. Сіздерге мың алғыс!
Қасиетті Қызылорда топырағынан Еркін Нұржанұлындай барша қазақ үшін еңбек ететін, елі үшін, терін төгіп, қызмет ететін адал перзенттеріміз шыға берсін деп тілейміз және соған кәміл сенеміз!
Жақсы мен жайсаңды көп көрген жұрт қана өзгелердің жақсысын бағалай алады, өз топырағынан асылдарды туғызған, өсіріп шығарған ел ғана өзгенің де асылының қадіріне жете береді. Асылымыздың абыройын асырған сіздерге – мың алғыс.
Сіздер мен біздің топырақтан еліміздің ардақты да абыройлы асқақ азаматтары өсіп-өніп шыға берсін, еліне адал қызмет етсін!

Шабдан ТОҚМУРЗИН,
еңбек ардагері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар