Жаңа қалаға әкім тағайындалды

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев жұмыс сапарымен Целиноград ауданында болып, жуырда Мемлекет басшысының Жарлығымен қала санатына жатқызылған Қосшы қаласының активіне Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша және Қосшы қалалық мәслихаты депутаттарының қолдауы негізінде өз өкімімен Қосшы қаласының әкімі болып тағайындалған Гайдар Қасеновты таныстырды.

Бұған дейін Целиноград ауданының ауылдық округтерінің бірі болып келген Қосшы – елорданың оңтүстік-батысындағы ең ірі елді мекендердің бірі. Бұл жерде қазір 60 мыңнан астам адам тұрады. Енді қала мәртебесін алғалы Қосшының тыныс-тіршілігі түбегейлі өзгеретіні анық. Себебі, қала болған соң бюджеті те ұлғаяды әрі тұрғындарды толғандырған түйткілді мәселелері аудандық емес, облыстық деңгейде қаралатын болады. Қосшыда кәсіпкерлік субъектілер саны 3 мыңға жуық екен. Осы ретте облыс әкімі:
– Қалада 4-ақ ірі компания бар. Олардың санын арттырып, инвестиция тартыңыздар. Жер қорларыңыз жеткілікті, инвесторларды тартып, қалаға қаржы құюды ойластыру керек. Облыс жаңа қаланы міндетті түрде әбден қалыптасқанша барынша қолдап, көмек қолын созады. Бірақ, сіздер де облысқа үміт арта бермей, бизнесті дамытыңыздар, Қосшыны инфрақұрылымы мен экономикасын дамытып, іргелі қалаға айналдыру қажет, – деді. Жалпы, Қосшыны қала мәртебесін беру туралы бастама осыдан 5 жыл бұрын көтерілген еді, бірақ, сәті енді келген сияқты.
– Бұл – тарихи сәт. Қосшы қала атанып, алғашқы әкімін тағайындау біздерге де үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Қалалық мәслихаттың депутаттарымен бүгін өткізілген алғашқы сессияда олар Гайдар Қасеновті әкім етіп тағайындауды бірауыздан қолдады. Ақмола топырағында өсіп-өнген азамат ел мүддесі үшін, халық игілігі үшін қызмет етеді деген сенім зор. Бұған дейін Гайдар Қабдоллаұлы Шортанды ауданында әкім болды, мемлекеттік қызметте тәжірибесі мол, сенімдеріңізді ақтайды деп ойлаймын, – деп жаңа әкімді таныстыра келе, аймақ басшысы оған бірқатар міндеттер жүктеді. Өз кезегінде Гайдар Қабдоллаұлы активке қатысқан ақсақалдар алдында елдің көркейіп, дамуы жолында аянбай еңбек ететіндігіне сөз беріп, үлкен жауапкершілік артып отырған қауымның сенімін ақтауға тырысатынын жеткізді.
Енді елді мекенде жолдар жөнделіп, мектеп пен балабақша және басқа әлеуметтік нысандар салынатыны айтылды. Кішірек мәдениет үйінде өткен жиында өңір басшысы Ермек Маржықпаев жаңа қалада 500-600 адам сиятын үлкен Мәдениет сарайын салуды тапсырды.
Қосшыда бүгінде 6 мыңға жуық балаға білім ошақтары жетіспейді және халықтың ауырып, балтыр сыздағанда баратын емхана құрылысы үш жылдан бері әлі аяқталмаған. Бюджет молайса, инфрақұрылым мен жаңа әлеуметтік нысандардың салынуына жол ашылады.
Қала әкімін тағайындап, орнына отырғызған соң, облыс әкімі Қосшыдағы әлеуметтік маңызы зор мекемелердің құрылысының барысын барып көрді. Бүгінде Қосшыда электронды мәліметтерді сақтау мен өңдеу бойынша жүргізіліп жатқан орталықтың құрылысына облыс әкімі оң бағасын беріп, «Qazcloud» серіктестігінің бас директоры Қасым Есергеповке Қосшы қаласының дамуына осындай заманауи нысанның зор септігін тигізетінін атап өтті. Осындай мәліметтерді сақтаудың және өңдеудің тағы бір орталығы мұнда 2016 жылы іске қосылыпты. Жобаға 4,5 миллиард теңге қаржы бағытталыпты. Бүгінде нысанның серверлерінде IQ, Keqok, Jusan bank секілді ірі компаниялардың мәліметтері сақталуда екен.
Бұдан әрі облыс басшысы қалада салынып жатқан 1200 орындық мектептің құрылысын көрді. Нысанның мердігері «Астана-Көктем С» серіктестігі. Бас директоры Марат Сүлейменовтің айтуынша, жоба ағымдағы жылдың соңына дейін іске қосылуы тиіс, бірақ, материалдардың қымбаттап кетуіне байланысты қиындықтар туындауда. Десе де, өңір басшысы конкурсқа қатысып, жобаны алғаннан кейін нысанды уақытылы әрі сапалы салып тапсыруды міндеттеді. Ал, облыс тарапынан қаражат кешіктірілмейтінін айтты. Сол сияқты, мұнда осыдан үш жыл бұрын құрылысы басталған емхана бар. Онда бас сұққан аймақ басшысы жұмыстың жүргізілу барысына көңілі толмайтындығын айтып, сапасыз атқарылған ішкі жұмыстарды қайта ретке келтіруді тапсырды. Нысанда жұмыс істеп жатқан адам қарасы да көрінбейді. Осымен үшінші рет ауысып отырған мердігер компанияның өкілі барлығы қаржыға байланыс-
ты екендігін айтып ақталды. Соған қарағанда, болашақта ауысымына 100 келушіні қабылдай алатын емхананың жыры әлі де созылатын тәрізді. Жоба құны 1,5 миллиард теңге, 2019-2020 жылдары кезең-кезеңмен 700-730 миллион теңгеден бөлініпті. Облыс басшысы бұл нысанды биыл аяқтап, тапсыруды қала әкімі мен өз орынбасарларының бақылауда ұстауларын тапсырды. Сонымен бірге, қала аралау барысында көшелік жол желілері, жолдардың құрылысы, қаланы абаттандыру бойынша нысандар тексеріліп, жаңа әкімге тағы да бірқатар міндеттер жүктелді.

Ырысалды АХМЕТҚАЛИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Қосшы қаласы.

Гайдар Қабдоллаұлы Қасенов 1976 жылы Атбасар ауданының Мариновка селосында туған. 1998 жылы Астана қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы аграрлық университетін инженер-механик мамандығы, 2002 жылы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін экономист-менеджер мамандығы бойынша бітірген. 2012 жылы Алматы қаласындағы Халықаралық бизнес академиясында іскерлік әкімшіліктендіру магистрі мамандығы бойынша білім алған. Экономика ғылымдарының кандидаты.
Еңбек жолын 1998 жылы Астана қаласының Алматы ауданы әкімі аппаратының бас маманы қызметінен бастаған. 1999-2006 жылдары Астана қаласындағы «Астана-финанс» ААҚ маманы, кейін «Астана Газ Сервис» ААҚ сату бөлімінің бастығы, «Астана қаласы Орталық газбен жабдықтау» ЖШС директоры, астанадағы «Евразия-central LTD» ЖШС директоры қызметтерін атқарды.
2006 жылдан – Астана қаласының Алматы ауданы әкімінің орынбасары. 2008-2015 жылдары «Қазтеміртранс» АҚ-ның корпоративтік даму жөніндегі вице-президенті, басқарма мүшесі қызметтерінде болды. 2015-2019 жылдары – «Nur Otan» партиясы Нұр-Сұлтан қаласы Алматы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болып қызмет атқарды. Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін соңғы екі жыл Ақмола облысы Шортанды ауданының әкімі болды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар