Жасампаздыққа толы жылдар

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу шеңберінде және Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында Көкшетауда облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімованың қатысып, сөз сөйлеуімен «Тәуелсіз Қазақстан: Жасампаздыққа толы жылдар. Ақмола облысының басты жетістіктері» атты тақырыпта дөңгелек үстел болып өтті. Оның барысында еліміздің және Ақмола, Көкше өңірлерінің тәуелсіздік жылдарында қол жеткен жетістіктері, «Қазақстан 2050» даму Стратегиясының және «Мәңгілік ел» идеясының құндылықтары кеңінен сөз болды.

«Болашақ» сарайында ұйымдастырылған аталмыш жиынға мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы-драматург, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты жанындағы сенаторлар кеңесінің мүшесі Жабал Ерғалиев, қоғам қайраткері, экс-сенатор Серік Аяғанов, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ректоры Марат Сырлыбаев және үкіметтік емес ұйымдар, бизнес-қоғамдастық, депутаттық корпус өкілдері, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының қатысушылары мен жеңімпаздары қатысып, егеменді елдің жетістіктері мен даму бағыттарын осы жылдар аралығындағы өңіріміздің өркендеу жолдарымен ұштастыра отырып, қаузады. Айна Мысырәлімова өз сөзінде аталмыш іс-шараның маңыздылығы мен өзектілігін ерекше атап көрсетті.
–Бүгінде барша әлем халқы біздің еліміздің 30 жылда жеткен жетістіктерімізге таңдана да, қызыға да қарайды. Ал, бізді, яғни, ел тұрғындарын жаңа қоғам, жаңа мемлекет пен экономиканы құруға деген жалпы ұмтылысымыз біріктіріп отыр. Бүгінде біз Елбасы Н.Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізіп жатқан саясаттарын мемлекетіміз бен өңіріміздің даму жолдарында белсенді жүзеге асырып келеміз. Біз облыс тұрғындарының жақсы өмір сүруі жолында еңбек етіп, жайлы жағдай жасауға атсалысудамыз, –дей келе, облыс әкімінің орынбасары биылғы жылы өңірімізде мерейлі дата аясында қолға алынған жобалар мен акциялар жайлы кеңінен мәлімет берді. Солардың ішінде «30 қайырымды іс», «30 жыл өз мамандығында», «Тәуелсіздік құрдастары» секілді жобаларға ерекше тоқталды.
Жалпы, мерейлі жылы Ақмола облысында 7 мыңнан астам түрлі іс-шара іске асырылып, 20 шақты инфрақұрылымдық және әлеуметтік-мәдени маңызы бар нысандар пайлануға беріліпті. Әлі де жыл соңына дейін индустрия мен әлеуметтік салалар бойынша 60 нысан ашылып, ел игілігіне пайдалануға беру көзделген.
–Қазақстан Республикасының тәуелсіздікке қол жеткізіп, егемендігін алғаннан бергі 30 жылын біз шындығында жасампаздыққа толы жылдар деп атай аламыз. Осы жылдар аралығында қазақ елі, қазақ мемлекеті дүниежүзіне танылған, әлемдік дәрежеде өзінің абырой-беделі мен жүргізіп отырған экономикалық саясаты бар іргелі елге айналды. Тәуелсіздік оңай келмегендігін жақсы білеміз. Тәуелсіздік біздің ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойғы арман-тілегі.

Оны Елбасы үнемі айтып келеді. Қазақстанның ең бірінші жеке мемлекет болып, өзінің көк барағын көтергені, Әнұранын шырқап, Елтаңбасын бейнелеуі бізге үлкен мақтаныш еді. Қазіргі уақытта Қазақстанның өз шекарасы болмаған деген қауесет әңгімелер де айтылып жүр, дегенмен қазіргі шекарасын көршілес мемлекеттермен заңдастырып, бекітіп алу сол кездегі өзекті мәселе болатын. Міне, жасампаздықтың бірі – осы. Тәуелсіз Қазақстанды Нұр-Сұлтан қаласы – Елордасыз елестете алмаймыз. 20 ғасырдың аумалы-төкпелі кезеңінде астанасын жаңа орынға көшіріп, өз астанасын өз қолымен салған әлемде бір-ақ мемлекет бар, ол – біздің Қазақстан. Елбасының Сарыарқаның төсіне ел қондырғаны дұрыс тарихи шешім болғандығын біз енді түсініп отырмыз. 30 жылды айтқанда, біз ең алдымен осы елорданы айтуға тиістіміз. Соның іргесінде отырған бауырлас, көршілес қала Көкшетауда осы тәуелсіздік жылдары қандай өзгерістер болды десе, 1999 жылы 5 қараша күні қазіргі Абылай хан алаңында үш жүздің басын қосқан Абылай ханның ескерткішін орнатуымыз ең бірінші жетістігіміз дейміз. Тәуелсіздік арқасында мемлекеттік тіл туралы заңымызды қабылдадық. Бұл да жасампаздық. Конституцияда мемлекеттік тіл – қазақ тілі деп айқын көрсетілді. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Президентіміз 4-ші онжылдыққа бәріміздің алдымызға зор міндеттер қойды, – деген журналист, жазушы-драматург Жабал Ерғалиев ұлт мүддесі үшін атқарылған бірқатар мәселелерге де тоқталды.
Дөңгелек үстел барысында қоғам қайраткері Серік Аяғанов тәуелсіздік жылдары қолға алынған «Саламатты Қазақстан» жобасының денсаулық сақтау саласы бойынша атқарылған іргелі істері, денсаулық сақтау саласы бойынша қабылданған заң туралы айтып берсе, осы жылдар аралығында білім саласында жеткен игілікті істер мен батыл қадамдар жайында Ш.Уәлиханов университетінің ректоры Марат Сырлыбаев, азаматтық қоғамның бағындырған белестері хақында облыстың Азаматтық Альянсының төрайымы Ирина Тереньтева, мемлекеттік қызметті ұйымдастырудағы жаңа тетіктер аясында ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалының директоры, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Белла Газдиева, тәуелсіздік жылдарындағы кәсіпкерліктің дамуы жөнінде «Көкшетау минералды сулары» серіктестігінің директоры Станислав Максимецтер баяндады.
Қазақстандағы жастар қозғалысы, тәуелсіздік жылдарында қол жеткен жетістіктерге жастар қауымының қосқан үлесі өте зор. Осындай жалынды жастардың жарқын істері жайында облыстық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Мәнсия Есекеева жан-жақты айтып, мазмұнды әңгіме өрбітті.

Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар