Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Төбе бидей Төлеген едің-ау, шіркін!.. - АРҚА АЖАРЫ

Төбе бидей Төлеген едің-ау, шіркін!..

Елінің шынайы ілтипатына бөленген қазақтың ары мен намысы, Көкшетау қаласының құрметті азаматы, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, ақын, жазушы-драматург, журналистиканың хас шебері Төлеген ініміздің жалған дүниеден озғанына да бір жылдың жүзі болып қалған екен-ау! «Жазудан озу жоқ» деген тағдырдың амалына қарсы тұруға, араша түсуге болмайтынын өмір шіркін, көрсетіп-ақ келеді.

Десек те әттең, өкініші өзегіңді өртеп-ақ кетеді-ау! Біздер Қарағаш ауылы (Дәулетбек Даңқой) топырағынан жаратылған, бауырлас, тамырлас едік. Төлегеннің атасы Сыздық пен менің атам Абдрахманның үйлерінің арасында үй жоқ өте жақын ата көрші болдық. Біздер ауылда жастайымыздан осындай аталарымыздың өнегелі әңгімелерін, аталы сөздерін естіп өстік. Айтатындары – адал еңбек, ұрлықтан, өтіріктен аулақ болу, адамға білім мен өнер керектігін, әділдік пен шындықтың жолынан адаспай жүруді, кісіліктің ең биігі – кішілік екенін айтудан шаршамаушы еді. Есейген кезде ойлап қарасақ, біздерге абыздарымыз өмір сүрудің сарқылмас азығын сыйлаған екен ғой. Кейіннен көңілге түйгеніміз, сол абыздардың оқуы болмаса да көкірегіне тоқығандары керемет екен. Төлеген ініміздің ағалары Жақан ақын-жазушы, Қажымұрат жазушы-аудармашы, Алматыдан елге келгенде ауылдың кішкене ғана мәдениет үйінде жерлестерімен кездесіп, қызықты әңгімелерін, шығарған өлеңдерін естіп, ел бір жасап қалушы еді. Жақан аға елге арнаған бір өлеңінде:

Кішкентай ғана «Қарағаш»,
Есімде бала кезімнен.
Ауылдың сырты жалаңаш,
Боранның сүлей көзіне.
Бес түп сида «Қарағаш»,
Қарашы, қазір ну орман.
«Қарағаш» емес жалаңаш,
Толықсып бүгін нұр толған,–
деп жырлағаны бар.

Қажыбай атамыз бен Жәнапия (Жәпен) апамыз жарық дүниеге Шәкімұрат (Шәкітай), Жанат, Төлегендей үш ұл әкеліп, мәпелеп тәрбиелеп өсірді. Жанат екеуіміз түйдей құрдас едік, балалық шағымызды бірге өткіздік, жас болсақ та соғыстың зардабынан туған қиыншылыққа төзіп, колхоздың жұмысына араласып ерте есейдік. Төлеген жастайынан ойшыл, мұңшыл болып өсті. Ауылдың балаларымен доп ойнап, сақа мен асық атып жүргенін көрген жоқпын, керісінше, көп уақытын ауылдың кітапханасында кітап оқумен өткізетін, үй шаруасына көмектесетін. Сыздық атасы айтады екен: Түбінде көрерсіңдер, Төлеген немеремнен өнер шығады деп, дуалы ауыздан шыққан сөз шыңдыққа айналғанын өмірдің өзі көрсетті емес пе.

Төлегеннің шешесі Жәнапия апамызбен менің анам Қабиба түйдей құрдас болса керек, екеуі бір жылда Қарағаш еліне келін болып түскен екен. Анам мені жарық дүниеге әкеліп, алты айға толар-толмасымда кенеттен ауырып, дүниеден озған екен, анамның ыстық алақанын сезбей өстім. Мен есейгеннен кейін Жәнапия апам бір сөзінде: «Сенің анаңның қадір-қасиетін мен жақсы білемін, өте жақын араластық, өнеге көрген тәрбиелі келін болды, ибалы мінезі мен көркі келісіп тұрушы еді, әттең, ғұмыры қысқа болды», – деп көзіне жас үйірілетін. Жәнапия апам: – Алтай қарғам, сенің атыңды Алтай болсын деп Төлегеннің әкесі Қажыбай қойған, саған арнап үш-төрт ауыз өлең шығарған, соның бір ауызы есімде қалыпты:

Алтайым алты жасқа келген екен,
Құдайым жан Алтайды берген екен.
Ғұмырың ұзақ болып, бақыт қонсын,
Деп елдің ақ батасын алған екен, –

дей келіп, Қажыбай атаң соғыс өртінен аман келгенде еліне аянбай еңбегін сыйлар еді, өлең де шығарар еді, оған тағдыр жеткізбеді. Дегенмен шүкіршілік айтамын, артында ұрпақ қалды, солар соғыс отын көрмей өсіп, еңбегін ел көрсе екен деп отыратын.

Ақын болу – Алладан деген асыл сөз бар. Екінің бірі ақын бола бермейді. Өйткені, оның түп нұсқасы тереңде, тектілікте жатыр. Арғы жағы бабаларынан, бергі жағы ағаларынан дарыған. Төлеген ініміз тектілердің ұрпағы, ұлылықты бойына сіңіріп елдің сүйікті ұлы болып өтті. Өз Көкшесінде өмір кешті, бір дәуірдің жүгін арқалап өтті. Қай жерде қызмет атқарса да қасиетті, киелі Көкше елін, жерін, туған елі Қарағашты жүрегімен сүйіп, жырлап өтті. Ақырғы демі біткенше қолынан қаламы түспеген еңбеккер болды. Өзінің еңбек жолын 1967 жылы облыстық «Көкшетау правдасы» газетінің әдеби қызметкері, содан бас редакторы болып, үлкен абыройлы жолдан өтті. Өмірінің соңғы күніне дейін аймақтық «Бұқпа!» газетінің бас редакторы болды.

Еңбек жолы тақтайдай тегіс болған жоқ, бұрмасы да ой-шұқыры да аз болды деп айта алмаймыз. Төлеген өзіне сеніп, биік рухы мен намысы, мол тәжірибесімен тура тұрып, жеңе білді. Әділдік пен шындықты ту етіп ұстап өтті. Төлеген – кісілік кескін-келбетіне, адамгершілік қасиетіне көлеңке түсірмеген азамат.

Шығармаларында Отанды сүюге, өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беруге қосқан үлесі мол еді. Төлеген інімнің бойына біткен өзгеше бір қасиеті, ол болмаған істі болды деп жалған сөйлеуді, асыра сілтеуді, жағымпаздықты, тарихты бұрмалауды жаны ұнатпайтын. Оны үлкен қылмыс деп санады, бойын аулақ ұстады. Төлегеннің еңбек жолы үлкен жол. Журналистика саласына жарты ғасырдан астам өмірін арнады. Төлеген отыздан астам поэтикалық жинақтар мен прозалық кітаптардың авторы. Ақынның тұңғыш өлеңдер жинағы – «Жол басы» 1977 жылы жарық көрді. «Жәпек батыр», «Бопай ханым», «Қарасай дастан», «Ақан серінің аманаты», «Сәкен серінің рухымен сырласу» тағы басқа туындылары елі үшін өшпес мұра. Жазушы, драматургтың қаламынан туған «Ұмытпа мені, Гәккуім», «Жындар биі», «Ар мен ақша», «Кене ханның қазасы» тағы басқа пьесалары Астана, Қарағанды, Көкшетау, Петропавл қалалары театрларының сахналарында зор табыспен қойылды.

Төлеген жарты ғасырдан артық еңбек жолында кәсіби журналистердің үлкен шоғырын тәрбиелеп, жас ұрпақтың ақылшы ұстазы және жанашыры бола білді. Төлеген бұрыңғы Көкшетау облысына қарасты аудандар мен ауылдарды жиі аралап, экономикасы дамып, халықтың тұрмысы жылдан-жылға жақсарып келе жатқанына қуанып, еңбек озаттарына, жастарға, ұстаздарға арнап, өлең де арнап, мақала да жазған. Табыстарына қуанып, сәтсіздігіне ренжіп, халықтың мұңын шертетін. Өкінішке орай, кенеттен нарықтың заңы келіп, жекеменшік орнап, халықты екі бүйірден қысты, ел түсінбей қиналды, төтеп бере алмады, тығырыққа тірелді, көп елдер құлап қалды, жұмысы жоқ халық, әсіресе, жастар қалаға ағылды. Осы кезде Төлеген елге жаны ашып, дабыл көтергенімен, өкінішке орай жанайғайы билікке жетпей жатты.

Ауыл қайда, құдайым-ау, ауыл қайда,
Құмда ізі қалмаған, саны сайда.
Балалығым өзіңде өтпеп пе еді,
Жағаласып мінетін құлын-тайға….
Осы өлеңінде көпшілік елдің бүгінгі қиыншылыққа тірелген жағдайын еске салғандай. Төлеген өз бағасын, өзінің деңгейін рухы мен намысын биік ұстаған ақын, оны төмендегі өлеңінен аңғаруға болады.
Бойыма қарама сен, қаршығадай,
Жарысқа қосыламын тер тамшыламай.
Желбуаз, жабыларға қоспа, жаным,
Жортаңдап жолға шықпас қамшыламай.
Тұрқыма қарама сен тоқпақтайын,
Жұртымның бір жігітін жоқтатпаймын.
Мойныма бір ұрпақтың жүгін артып,
Жетелер өрі қиын соқпақ дәйім….

Маған Төлегеннің өлеңдері Мұқағалидың шығармаларынан нәр алғандай, бір-бірімен табысып, сырласып жатқандай көрінеді. Шығармалары мұңды, зарлы, өкініші де бар, арманшыл, шындық, шынайы махаббат пен өміршең. Өзгелерден өзгешілігі, осындай керемет қасиеттерінен шығар деп ойлаймын.

Төлегеннің адамгершілік қасиетіне, ақындық жазушылық өнеріне тіршілік шағында Қазақстанның белгілі ақын-жазушылары шынайы бағасын беріп-ақ қойған. Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұзафар Әлімбаев: «Тектілік – өнер атаулының, парасат пен кісіліктің түп қазығы. Төлеген нағашы жағынан Бапан бидің жиеншары. Екі жұрты да – ауыз өнерінен есе мол тиген ата… Әрі ақын, әрі әнші, әрі сері Қажыбайдың баласы – Төлеген тәрбиесі де мәйекті болғанын оның өнікті қалам қайраты қалтқысыз дәлелдейді-ақ» деп жоғары баға берген.

Ақын Серік Тұрғынбеков Төкеңді «Көкшеден ұшқан көк қаршыға» дей келіп:
Ұранға ұрынбайды,
Құр даңғаза,
Жаралған жан жүрегі жырдан ғана.
Саздығы, серілігі қатар келіп,
Ұқсайды Ақанға да, Біржанға да, –

деп жырлаған. Төлегенді ақтық сапарына шығарып салуға ақындар өлеңдерімен, жазушылар жүрекке жетер сөздерімен қимай- қимай қоштасты.
Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы Ғалым Жайлыбай:

Қош енді Көкшедегі ер Төлеген,
Ақын боп ел-жұртына еркелеген.
Тектім де, тұнығым да өзің едің –
Кетті ме, өзегіңді өртеп өлең?..
Ақын Қорғанбек Аманжолов:
Көкшетауда кім бар дегенде, Төкем бар деуші едім,
Алғадай аға – ақ көйлек көкем бар деуші едім.
Көкшемде алтын қазығым деуші едім,
Тереңге кеткен тамырым деуші едім…
«Арқа ажары» газетінің бас редакторы Қайырбай Төреғожа:
Қаламыңның құты бар,
Бір өзің бір биік ең.
Жаңылмадың бұл елді,
Жан аямай сүюден…

Төлеген жан жолдасы Ярапиямен бақытты өмір сүрді. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немере-шөбере сүйген, өркендері өскен отбасы. Төлеген байлық қуған азамат емес. Төлегеннің байлығы – ұрпақтары, ағайын-туыстары, жолдастары, қалың елі, әрине, 50 жылдан аса журналистикада еңбек еткен, мәңгілікке жалғасатын шығармалары. Бұл – халқына, әсіресе, өскелең жастарға өнеге, тұнып тұрған тәрбие. Жылдар өткен сайын Төлегеннің аты Оқжетпестің шыңындай биіктей береді, биіктей береді, алыстан жақындай көрінеді. Рухы ғарыштан елінің амандығы мен тыныштығын тілеп тұратындығына сенемін.

Алтай НҰРҒАСЫМҰЛЫ,
еңбек және тыл ардагері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар