Елімізде халық санағы басталды

Биыл Қазақстан Республикасында үшінші ұлттық халық санағы өтетін болады. Бұл халық санағы Біріккен Ұлттар Ұйымы жариялаған 2020 жылғы дүниежүзілік халық пен тұрғын үй қоры санағының шеңберінде жүргізілетін болады.

Былтырғы жылғы жоспарланған Халық санағы пандемияға байланысты 2021 жылға ауыстырылды. Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасымен Үкіметтің қаулысына сәйкес, Халық санағы Қазақстан Республикасының барлық аумағында 2021 жылғы 1 қыркүйектен бастап 30 қазанға дейін өткізілетін болады. Санақ ұраны: «Қазақстанда әркім маңызды!» Маусым айында Қазақстанның барлық елді мекендерінде Халық санағының бірінші дайындық кезеңі өтті. Бірінші кезең қорытындылары бойынша күрделі құрылыстың 326 000 нысаны зерттелді. Екінші негізгі кезеңінде әр азамат және оның тұрғын үй жағдайы туралы мәліметтер жиналады. Сұрастыру үшін санақ парағының 4 түрі әзірленді, олар 91 сұрақтан тұрады: 1-ПП нысаны«Тұратындар және (немесе) келушілер тізімі». 2-Ж нысаны «Тұрғын үй жағдайлары». 3-И нысаны «Жеке». 4-В нысаны «Қазақстан Республикасының аумағында уақытша, 12 айдан кем жүргендер».
Халық санағы кезінде тұрақты тұрғындар, яғни, Қазақстанда 12 ай және одан артық тұратындар; бір жылдық және одан артық қызметтік іс-сапарлардағы мемлекеттік қызметшілер; іс-сапарға, келісім-шарттар бойынша жұмысқа немесе 1 жылдан кем емес мерзімге оқуға шыққан Қазақстан тұрғындары; емделуге, дем алуға, қонаққа шетелге кеткен Қазақстан тұрғындары; тұрақты мекендеуге немесе баспана іздеуге Қазақстанға шетелден келгендер; Қазақстанға оқуға немесе жұмысқа 1 жылға және одан артық мерзімге келген шетелдіктер; Қазақстанда 1 жылдан кем емес болған шетелдіктер жазылады. Онлайн режимінде халықты интернет-сұрастыру және планшеттер арқылы жаппай сауалнама жүргізу – бұл алдағы халық санағы кезіндегі негізгі жаңа әдіс. 1 қыркүйектен бастап 15 қазанға дейін интернет-сұрастыру, 1 қазаннан 30 қазанға дейін интервьюерлермен, яғни, есептеушілермен халық туралы мәліметтер жинау үшін жаппай сұрастыру жүргізіледі. Санақтан өздігінше өту үшін sanaq.gov.kz
сайтында Web-қосымшасы әзірленген. Сайтта тіркелгеннен кейін Қазақстан Республикасының әр азаматы санақтан өздігінше өте алады. Сайтта ұлттық халық санағына қатысты барлық ақпаратты алуға болады.
Биылғы санақтың артықшылығы: Жүйе тәулігінде 24 сағат қолжетімді; Бланк толтыруды тоқтатып, респондентке ыңғайлы уақытта жалғастыруға мүмкіндік бар; Ыңғайлылық. Респондент зерттеуге қашан қатысатынын өзі шешеді, бұл жауаптар сапалығын жоғарылатады; Онлайн-режимінде белгіленген мерзімде санақтан өтпеген респонденттер арасында дәстүрлі жаппай аралау жүргізіледі. Интервьюерлермен электронды планшеттерді қолдану санақ персоналының еңбек шығындарын төмендетуге мүмкіндік береді, сұрастырылатын тұлғаның ЖСН-ін пайдалану санақ деректерінің дәйектілігін жоғарылатады. Мәліметтерді жинаудың бұл тәсілін пайдаланғанда алғашқы деректер республикалық деңгейде автоматты түрінде енгізіледі және өңделеді. Қосымша ретінде, қамтылуды және деректер дәйектілігін тексеру мақсатында респонденттердің 10 пайызы бақылаулық аралаудан өтетін болады.
Халық санағын өткізу кезінде орталық серверге деректер келесі жолдар арқылы жүктеледі: Егер интервьюер планшетімен оператор қызметтерінің қамту аймағында болса, планшеттен онлайн режимінде ұялы байланыс операторының қорғалған желісін пайдаланады. Шалғайдағы аудандарда сұрастыру кезінде ұялы байланыс желісімен қамту төмен болса, санақтың орталық серверіне деректер офлайн режимінде «Мемлекеттік органдарының бірыңғай көлік ортасы» байланыс арнасы арқылы жіберіледі, оған барлық деңгейдегі жергілікті атқару органдары қосылған. Және де деректерді IP VPN арқылы жіберуге болады, бұл желіге статистиканың барлық аумақтық органдары жалғанған (департаменттер және аудандық/қалалық статис-тика басқармалары). Эпидемиологиялық жағдайға байланысты жұмысқа тек вакцинацияланған санақ персоналы алынады. Респонденттерді сұрастыруға облыс бойынша мыңнан артық адам тартылады, оның ішінде нұсқаушы-бақылаушылар – 126 адам, интервьюерлер – 882 адам. Ақмола облысы аумағында халық санағын табысты өткізу үшін барлық күшімізді жұмылдыру қажет.

Ербол АМАНБАЕВ,
Ақмола облыстық статистика
департаментінің басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар