Ақмола өңірі мен Көкшетау қаласының өркендеуіне елеулі үлес қосып, бүгіндері ел бірлігін көздің қарашығындай сақтап, рухани құндылықтарымызды қастерлеу жолында күш-қайрат танытып жүрген қоғам қайраткері, ардақты азамат Айдар Хамзаұлы Мурзин бүгін, 2 қыркүйекте мерейлі 80 жасқа толды. Ел ардақтысын осы қуанышымен шын жүректен құттықтай отырып, ғибратты ғұмырнамасынан сыр шертпекшіміз.
Жастайынан билік тізгінін ұстап, елдің назарында жүрген әріптес замандастарымыздың жалпы өмірдегі жетістіктеріне бо-йымыз үйренгендіктен бе, оны дағдылы құбылыс санаймыз. Өмірге деген байыпты да байсалды көзқарасы, сабырлы да салмақты мінезімен ел ілтипатына бөленсе де Айдар Хамзаұлы ешуақытта мансап қуған жан емес. Тіпті, Айдабол орта мектебін бітірген соң құрбы-құрдастары сияқты бірден институтқа түсуге талпынбай, қарапайым жұмысшы мамандығын меңгеруді ұйғарды. Осындай ізгі мақсатпен кәсіби жүргізушілер даярлайтын курсты бітіріп, Зеренді автобазасында бір жылдай жұмыс істеді.
Отан алдындағы азаматтық борышын ол Қиыр Шығыс округінің әуе шабуылынан қорғану әскери бөлімінде өтеді. Бұл жас жігіт үшін екінші шындалу мектебі болды. Тылсым табиғат сырларына толы мәңгі жап-жасыл тайга ормандары арқылы Кеңес Одағының айдын шалқар мұхитпен астасқан шекарасынан бір-ақ шықты. Охот теңізін көргендегі қуанышын айтсаңызшы! Әлбетте әскери адамның тағдыры командирдің қолында. Жоғарыдан түскен бұйрық бойынша Хабаровскідегі Артем станциясынан Свердловскіге қару-жарақ жеткізу керек болды. Ашық ауыр составқа тиелген «құпия» жүкті күзету Айдар сияқты қатардағы жауынгерлерге жүктелді. Бұл онша қиын міндет болмаса да, өктем желдің өтінде қаққан қазықтай ашық вагонның үстінде тұру оңай емес-ті.
Тапсырманы бұлжытпай орындап, Артем станциясына оралғанда ол мұрттай ұшып, госпитальға түседі. Дәрігерлер қаншалықты әрекет еткенімен, тез арада сауықпайтындықтан оны Қазақстанға, дәлірек айтсақ, Зерендісіне қайтарады. Ұлы Отан соғысында талай қырғын соғысты бастан кешірген үшінші топтағы мүгедек, майдангер әкесі Хамза сүйікті ұлын «халықтық» еммен үйде емдейді. Емі шипа болып, тез арада құлан-таза сауыққан Айдар Зеренді автобазасындағы үйреншікті жүргізушілік жұмысына қайра оралады. Қаршадайынан отбасының жұмыс жағдайымен Өскемен, Павлодар, Ресей өңірлерінде өмірдің ащылы-тұщылы қилы кезеңдерін бастан кешірген Айдар Хамзаұлының ендігі арманы – жоғары білім алу. Таңдау Шымкент технология институтына түседі.
Аталған оқу орнының тамақ өнеркәсібі үшін инженер-механик даярлайтын факультетінде оқиды. Алдына ылғи айқын мақсат қойып, оны қайсарлығымен жеңе білген өршіл өрен 4 курста Лениндік стипендия алып тұрды. Дипломды да үздік бағаға қорғап, жетекшісі Олег Кирнердің көмегімен Мәскеу астық өнімдері ғылыми-зерттеу институтының Целиноград бөлімшесіне қызметке орналасқанымен, өзін тікелей өндірісте сынағысы келді. Сөйтіп, Көкшетау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының бірінші орынбасары Төлеу Сүлейменовтің көмегімен астық өнімдері басқармасының өнеркәсіп бөліміне аға инженерлік қызметке қабылданады.
Облыс аумағындағы 4 құрама жем заводы мен 4 диірменнің жұмысы жайлы мәлімет жинап, қашанғы қағаз кеміріп отыра бермек. Көкшетауда салынып жатқан құрама жем заводының құрылысымен таныса келе, онда дәнді дақылдардың түр-түрін өңдеуде көптеген технологиялық бұрмалаушылықтарға жол берілгендігін байқайды. Дереу кәсіпорынның тоғыз «этажы» бойынша өз жобасын жасап, Астық өнімдері және құрама жем өнеркәсібі министрлігінде қорғап келеді. Әуелде жас инженердің бұл өнертапқыштық жаңалығына сенімсіздік білдіргендердің енді мойындамасқа амалдары қалмаған.
Айдар Хамзаұлының инженерлік іскерлік қабілетін байқаған облыс басшылары оны алдымен бас инженердің орынбасары, жөндеу-құрылыс басқармасының бастығы, астық өнімдері комбинатының директоры қызметіне ұсынады. Өзіне көрсетілген бұл сенімді абыроймен атқарып, аталған еңбек ұжымдарының жұмысына тың серпіліс береді. Атап айтқанда, астық қоймалары мен элеваторлардың сыйымдылығы 160 тоннаға, комбинаттың жүк айналымы 300 тоннаға, ұн цехының еңбек өнімділігі 100-ден 300 тоннаға, құрама жем заводыныкі 400 тоннаға жеткізіледі.
Облыс партия-шаруашылық активінің арасында беделі өсіп, ол 1978 жылы Көкшетау қалалық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасарлығына сайланады. Бәлкім, бұл арада Айдар Мурзиннің өнеркәсіп пен құрылыс саласындағы тәжірибесі ескерілген болуы керек. Ал, қала шаруашылығының өткір буыны – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласымен мықтап айналысуға тура келді. Өйткені, қаланы жылумен, сумен, газбен жабдықтау, санитарлық тазалығын сақтау күн тәртібіндегі өткір тұрған мәселе болатын.
1982 жылы Қазақстан Үкіметі төрағасының орынбасары Э.Гукасовтың қатысуымен өткен кеңесте «Кокчетавспецводопроводстрой» тресінің жұмысына өткір сын айтылады. Үкіметтің бастамасымен Қазақстан және Омбы облысының құрғақшылыққа душар болған далалық аудандарын сумен жабдықтауға арналған кәсіпорынның жұмысы шын мәнінде де құлдыраудың аз-ақ алдында тұрған-ды. Обкомның бірінші хатшысы Оразбек Қуанышев қалыптасқан тығырықтан тез шығу үшін трест басқарушылығына Айдар Мурзинді тағайындайды. Үш жылдың ішінде Беловод өнеркәсіптік су құбыры іске қосылып, Көкшетау облысының Қызылту және Уәлиханов аудандарының елді мекендері де ауыз сумен толық қамтамасыз етіледі.
Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Мақтай Сағдиев кез-келген сынақтан сағын сындырмай өте білген іскер басшы Айдар Хамзаұлына 1985 жылы Көкшетау қалалық атқару комитетінің төрағасы міндетін жүктейді. Облыс орталығының проблемалары оған етенеден таныс болғандықтан, оны шешу қиынға түскен жоқ. Ел ардақтысы Еркін Нұржанұлы Әуелбековтің өзі бекітіп берген бас жоспарға сәйкес фарфор заводы, лента-тоқыма және тұрмыстық химия фабрикалары, үй құрылысы комбинаты толық қуатында жұмыс істеп, Абылай хан даңғылы мен «Васильковка» шағын ауданының құрылысы қарқынды жүргізілді.
Іскер басшы Айдар Хамзаұлының мұнан кейінгі қызмет жолында сындарлы сәттер көп болды. Мәселен, Щучинск қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы болған кезінде сан мәрте Министрлер Кеңесі мен Мемлекеттік жоспарлау комитетінде болып, Бурабай курорты аймағын дамыту жөніндегі Үкімет қаулысының жүзеге аспау себептерін анықтап, қозғау салды. 1992 жылы Көкшетау қаласының әкімі болып тағайындалған сәтте оның алдында жалғыз ғана таңдау тұрды. Ол – барлық кәсіпорындары жұмысын тоқтатып, дағдарыстың шарықтау шегіне жеткен шаһарды одан әрі күйзеліске ұшыратпай аман сақтап қалу. Облыс мәртебесінен айырылған сәтте Көкшетау қаласы жылусыз қалды. Бұл дегеніңіз нағыз апат еді. Шешінген судан тайынбас дегендей, Айдар Хамзаұлы тағы да атқа қонды. Министрліктердің табалдырығын тоздырып, әйтеуір, қыстан шығуға қажетті көмір мен мазутқа лимит алды. Көкшетау қаласының құрметті азаматы, «Құрмет Белгісі» орденінің иегері, «Қазақстанның құрметті құрылысшысы», қоғам қайраткері Айдар Хамзаұлы Мурзин осылайша еліне, халқына адал қызмет ете білген нағыз патриот тұлға. Ендеше, ары да, жаны да таза мұндай азаматпен тек мақтануымыз керек.
Шияп ӘЛИЕВ,
Көкшетау қалалық ардагерлер
кеңесінің төрағасы.