Ата Заң және оның қоғамдағы орны

Облыс орталығындағы Достық үйінде Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған дөңгелек үстел болып өтіп, онда Ата Заңымыздың қазақстандықтардың өміріндегі мән-маңызы мен рөлі кеңінен талқыланды.

Мемлекеттік органдардың өкілдері, этномәдени бірлестіктердің басшылары мен бұқаралық ақпарат құралдары қатысқан іс-шараны «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Ермек Нұғыманов ашып, жүргізді. Ол өз сөзінде Конституцияның қазақстандықтардың өміріндегі рөлі, оның ережелерінің азаматтық институттарды дамытудың, елдің әлемдік қоғамдастыққа танылуының іргетасына айналғанын атап өтті.

Сондай-ақ, дөңгелек үстелге қатысқан облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Н.Әбдірахманов, облыстық прокуратура аппаратының басшысы Е.Жандосов, облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Б.Ералин, облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы С.Ғабдуллиндер де осы тұрғыдан жан-жақты сөз қозғап, Конституцияның маңызы туралы әңгімені толықтыра түсті. Сөз сөйлеген Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері Ғ.Төлеғұл мен У.Шоназаров Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың ҚР Конституциясын қабылдаудағы, елімізде бейбітшілік пен келісімді қолдаудың тиімді тетігіне айналған Ассамблеяны құрудағы рөлін ерекше атап өтті.

Іс-шараға қатысушылардың Конституция елдің негізгі заңы ретінде Қазақстан халқының еркін, оның елді демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыруға деген ұмтылысын көрсетеді, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып табылады деген пікірлері бір жерден шықты.

Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар